1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Еш уақытта қазақ... қазақ мемлекет болған жоқ, себебі шекарасы болған жоқ».  --- «Қытай Халық Республикасы рапс пен соя секілді жемшөп дақылдарын егу үшін бізден 1 млн. га жер сұрап отыр».
«Азаттық» радиосы
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №22 (16208)   16 наурыз, бейсенбі 2017
16 наурыз 2017
Ақтөбедегі «Нұрдәулеттен» нұр тайғандай

Ақтөбеге ажар берген «Нұрдәулет» мешіті мен «Дәстүр» үйін тұрғызып, сауда-бизнес орталығын көркейткен Мақсат Байжарқыновтың ұлдарына қала билігі тағы да қырын қарай бастағандай. Былтыр Ақтөбе қалалық сәулет-құрылыс бөлімі әуелі «Нұрдәулет» кешені аумағындағы шағын саябақты мекендейтін жануарлар «жан-жаққа жағымсыз иіс таратып, қаланың ауасын бұзып жатқандықтан», олардың көзін жоюды жақсылап өтінді.
«Нұрдәулеттің» ойын алаңына бір жағы тірі қоянды азықтандыруға, қырғауылды қызықтауға келетін балалар аңырап қалды. Себебі Ақтөбенің қақ ортасында балаларға осы жерден басқа қызық та қалмаған еді. Он қоян мен он қырғауыл, жалғыз керіктің қала әкімінің қаһарына ұшырағанын жас балаға түсіндіре алмайсың. Байжарқыновтар сәулет-құрылыс бөлімінің дегеніне көніп, Ақтөбенің ауасын бүлдірген аң-құсты аумақтан аластатып, керігімен қоса тиеп, қала сыртындағы қожалыққа алып кетті. Бірақ «Нұрдәулетке» «құрмет» мұнымен аяқталған жоқ.
Ербол мен Бекбол Байжарқыновтардан енді қала билігі «Нұрдәулет» кешені алдындағы балалар ойын алаңын алып тастауды талап етіп отыр. Дәл осы жерде ақтөбеліктер әлеуметтік желіде жаппай шу көтеріп, «Нұрдәулеттің» алдындағы балалар ойнайтын шағын алаң ыңғайлы, әрі қауіпсіз, әрі арзан, әткеншектері 100-200 теңгеден аспайды. Қоян-құсты көруден қалсақ та, балаларымыздың жалғыз қызығынан айырмасын» деп жатыр.
Ақтөбенің бұдан басқа жерінде балаларға арналған ойын алаңдары, саябақтар, ойын аттракциондары жоқ. Қала әкімдігі Байжарқыновтардың балаларға ашқан ойын алаңынан өзге, қирап жатқан жерлерді неге көрмейді?
Олардың әрекеттеріне қарасаң, «Нұрдәулеттің» ізіне түскендей көрінеді. Мысалы, былтыр жыл соңында Ақтөбе қаласының сәулет-құрылыс бөлімі 76 жастағы Мәнзипа Байжарқынованың үстінен сотқа шағым түсірді. Талабы – Әбілқайыр хан, 46 мекенжайындағы жер бөлігі мақсатсыз пайдаланылды, аумаққа көркейту жұмыстары жүргізілмеді, сәулет-құрылыс бөлімінің рұқсатынсыз алаңға құрылыс орнатылды. Құрылыс деп отырғаны – Тәуелсіздік монументі. Жерді пайдалану заңдылығын бұзғаны үшін, жерді пайдалану рұқсатын алмағаны үшін Байжарқыновтардан «сәулеттің сәнін кетіріп тұрған» Тәуелсіздік монументін алып тастауды талап етті. Қалалық сәулет-құрылыс бөлімінің уәжі – «Нұрдәулеттің» алдындағы Тәуелсіздік монументі теріс қарап тұр. Ақтөбе қалалық соты да биліктің пайдасына шешім шығарды: «құрылыс дұрыс салынбаған». Мақсат Байжарқынов ақсақал: «Тәуелсіздік монументі теріс қарап тұрған жоқ. Құбылаға қарап тұр. «Нұрдәулеттің» жекеменшік жерін қалай пайдалану өз еркім, көпшілікке зиян келтіретін, азғындыққа жетектейтін ештеңе жасап жатқан жоқпын. Ісім, салған құрылысым адал. Тұғырда тұрған Тәуелсіздік монументі – мемлекеттік саясатты насихаттаудың бір үлгісі», – деп қалды.
Қаланың қазақша келбетінің қалыптасуына еңбек сіңіріп жүрген Байжарқыновтар отбасының көңіліне қарап жатқан жергілікті билік жоқ. Қала билігі тағы да айтқанын істесе, онда «Нұрдәулет» орталығының айналасындағы балаларға арналған алаңқайлар сүрілсе, жүз шақты адам жұмыссыз қалады. Ал балаларға арналған бұл ойын алаңдары ала жаздай студенттер жұмыс істеп, табыс табатын негізгі орын. Шағын дүкендер мен түрлі қызмет көрсету орындарының бағалары да қымбат емес. Ақтөбе қалалық сотының шешіміне балалар алаңындағы кәсіпкерлер ғана емес, «Нұрдәулет» кешенінің ішіндегі 800-дей кәсіпкер де алаңдап отыр.


Баян СӘРСЕМБИНА
Ақтөбе

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті