1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір қоғамда біз білетін байлықтың екі түрі бар: Бірі – адами байлық адам капиталы, екінші – табиғи байлық. Қарасаңыз, мұнайымыздың 80 пайызы шикізат ретінде шетел асып жатыр. Демек, қазақ байлығының 80 пайызын шетелдіктер көріп жатыр. Қазаққа бұйырып отырғаны – сарқыт, тіпті шелек түбіндегі жуынды десе де болады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №23 (16209)   18 наурыз, сенбі 2017
19 наурыз 2017
Той болушы еді бұл маңда...

Балтатарақ – Семейден 24 шақырым жерде орналасқан, Қарауылға шығатын трасса бойындағы алақандай ауыл. Бірақ қазір қараңдаған үйлерінің төбесі ғана көрінбесе, бұл жерде қыбырлаған тіршілік бар деп ойлай қоймайсыз. Бұл елді мекен Озерка ауылдық округіне қарайды. Биыл қар шамадан тыс қалың түскендіктен, Балтатарақтың жағдайы қазір өте күрделі. Осындағы 15 үйдің қайсысы болсын қорасына қардың үстімен өрмелеп шығып, төбесінен сырғанап кіруге мәжбүр.
Осыдан кейін ақиық ақын Мұқағали Мақатаев:
«Наурыз айы туғанда,
Той болушы еді бұл маңда», – деп жырлағандай, көктем лебін сезіну әл-әзірге Балтатарақ ауылына бұйырмай тұр. Мұндағы жұртты Ұлыстың ұлы күніне әзірлік емес, қыстан қалған қар астынан аман шығудың жайы алаңдатады.
Озерка ауылдық округінің бас маманы Ерғали Байтасов: «Балтатарақ тұрғындарының қыстан қиналып шыққанын біліп отырмыз, – дейді. – Мұнда 13 шаруа қожалығы бар. Бірақ иелері қалада тұрады. Иелігіндегі төрт түлігін осында тұратын малшылары қарайды. Мұнда ұялы байланыс тек бір нүктеден ғана ұстайды, үнемі хабарласып халін біліп отыру қиын».
Бас маманның сөзіне сенсек, қазір Озерканың әкімі Бақытжан Советұлы мұрнынан шаншылып сонда жүр. Қардан аршуға жеткілікті қаражат бөлініп, техникалардың жұмысын қадағалап жатқан көрінеді. Алайда бас маманның сөзін Балтатарақтағы «Жанат-Т» шаруа қожалығының төрағасы Самат есімді азамат теріске шығарды.
– «Қар күреп жатырмыз» дегені бос әңгіме. Үйім ауылға кіреберісте. Суағар жасауды алдымен осы төңіректен бастау керек болатын. Жіберген қар күрейтін екі техникасының біреуі сынып қалды. Ал екіншісі бір үйдің айналасын күні бойы күреп жүріп алды. Күреуіне қарсы емеспін, алайда жұмыс жүйелі жүруі керек қой. Күреуді жоғары бөліктегі үй маңынан бастағаны дұрыс еместігін қанша айтсам да, Озерканың әкімі тыңдайтын құлық танытпады. Істің жөнін білетін адам алдымен қар ерігенде суағар жолды тазалайды. Мен төбесінде үш метрдей қар жатқан мал базының ішін, ауласын тазалап беруді сұрап отырғаным жоқ. Суағар жолды аршу керектігін айттым. Қыс бойы да келген техникалары шала-шарпы күреп, істі біттіге санап кетіп жүргенін көзіміз көрді. Ақырында өз қаражатыма КамАЗ жүк көліктері мен трактор жалдап қар шығарттым. Бұл жолы да бөлінген мемлекет қаражатына қажетті жұмыс атқарылмай жатқанын айтып, Семей қалалық әкімдігіне шағымдандым. Әкімдіктегілер үш күннен кейін барып техника жіберуге уәде беріп отыр, – деп мұңын шақты Самат Тұрсымбаев.
Ауыл азаматының айтуынша, шамадан көп түскен қар еріп, ылғалы үйдің, қораның қабырғасына өтіп кеткен. Енді алдағы күндері қар күрт ерісе, жағдай не болары бір Құдайға аян...
Сондықтан иелігіндегі малын аман алып қалуды ойлап, Қарауылдағы шаруа қожалықтарына уақытша паналатуға апарып тастапты. Ал мал бағып отырған отбасыны басқа үйге қоныстандыруға тура келген. Әкімдікке сенімі азайған азамат қалың қардың құшағында қалған қонысын қалыпқа келтіруге бар күшін салуда.
Ал Озерка ауылдық округіндегілер болса «Аш бәледен қаш бәле» деп Балтатарақты басқа ауылдық округке қосудың амалын таппай жүргендей...

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Батыл қыз | 27 наурыз 2017 15:43
Семей өз алдына облыс емес. Анау Өскеменнен бұйрық жетем дегенше, ол бұрық ауылдарда орындалам дегенше қара халық қиналып жатады. Осындай қысы қатты, тұрмыстық әлументі төмен ауыл аймақта жастар тұрмайды. Содан барып ауылдар қаңырап жатыр. Қайран менің ҰЛЫ МЕКЕНІМ
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар