1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №23 (16209)   18 наурыз, сенбі 2017
19 наурыз 2017
Ұлыстың ұлы күні шынайы тойланса

Соңғы кездерде Наурыз биліктің нұсқауымен өтетін, амалсыздан тойланатын мейрамдардың қатарына қосылып бара жатқан тәрізді. Себебі Қазақстанның көп жерінде Наурыз мейрамын өткізу тек алаңға киіз үйлер тігіп, дастархан жайып, ет жеп, аяқ босатып, наурызкөже ішумен ғана аяқталады.
Наурыз мерекесі күнгі бұл көріністерді барлықтарыңыз көріп жүрсіздер ғой. Сыртта жергілікті өнерпаздар концерт қойып жатады. Мерекеге келген жұрттың бірен-сараны ұлттық киім ғой деп арзан шапан киіп алған. Келген жұрт «қай жерден тегін наурызкөже ішемін?» деп әр киіз үйді жағалап, кейбірінен сөз естіп, амал жоқ, біразы өз ақшасына сатып алып ішіп, әйтеуір, сапырылысып жатады. Сонымен, Наурыз мерекеміз бас-аяғы үш-төрт сағаттың аясында аяқталып, жұрт тарап, қонақ күткендердің алды киіз үйлерді ақырын жығып, жинала бастайды.
Тарихқа көз жүгіртсек, халқымыздың 1 қаңтарды Жаңа жыл ретінде тойлап жүргеніне аса көп уақыт болмаған. Бірақ та насихат жұмыстары жылдар бойы табанды түрде жүргізілгендіктен, қазіргі таңда бұл мерекені санамыздан, тіршілігімізден балталап алып тастау жуық арада мүмкін емес. Сондықтан Наурыз мейрамының насихатын кеңінен жүргізу қажет. Егер Ұлыстың ұлы күнін тойлауды шенеуніктерге ғана емес, халыққа да ыңғайлы етіп ұйымдастыра білсек, бұл мейрамды 1 қаңтардағы Жаңа жыл сияқты жұрттың бәрі асыға күтіп, қимай-қимай шығарып салатыны анық еді. Сондықтан мынандай ұсыныстар айтқым келеді:
1. Наурыз мейрамының символын таңдау керек. Қыдыр ата, бәйшешек гүл, қызғалдақ. Бүршік жарған ағаш немесе енді гүлдей бастаған алма ағашы. Осы ағаштарды жасанды түрде болса да, алаңдарға орнату керек сияқты.
2. Балабақшадағы бүлдіршіндерге, мектептегі 4-сыныпқа дейінгі оқушыларға, әр мекеме өз қызметкерлерінің ұл-қыздарына Наурыз мейрамына арнап сыйлықтар ұйымдастыру. Және де сол сыйлықтардың қорапшаларын Наурыз мейрамына сай безендіріп, ұлттық оюлармен өрнектеу.
3. Жас балалардың мерекеге деген қызығушылығын ояту мақсатында түрлі жарыстар ұйымдастыру, батырлардың, басқа да ұлттық кейіпкерлердің, жан-жануарлар төлдерінің киімін киіп, кішігірім қойылымдар қою. Киімі жақсы безендірілген бүлдіршіндерге сыйлық беру.
4. Алаңдарда жас келіндер арасында бауырсақ пісіруден және басқа да ұлттық салт-дәстүрімізді ұлықтайтын іс-шаралар ұйымдастыру, жеңімпаздарды түрлі сыйлықтармен марапаттау.
5. Алаңдарда мал сойып, ет асу мен наурызкөже жасауды және де оны киіз үйдің ішіндегі азғана топқа беруді тоқтату. Не келген жұртты бөле-жармай, бәріне жететіндей етіп молынан жасау қажет. Болмаса ет асып, наурызкөже жасауды әрбір отбасының өздеріне қалдыру керек.
6. Жасөспірімдер арасында және де ересектер арасында асық ойнаудан, ләңгі тебуден, жамбы атудан бәйгелер өткізу және жеңімпаздарды түрлі сыйлықтармен марапаттау. Кезінде асық атудан, ләңгі тебуден үздік болған ағаларымыз балаларға үлгі көрсетсін.
7. Домбыра, сырнай, қобыз, басқа да ұлттық аспаптарда ойнаудан кішігірім байқау ұйымдастыру.
Тағы бір айтары, Наурыз мейрамы кезінде қыз балаларды келіншек қылып киіндіріп, келін түсіру ғұрпын көрсетуді тоқтату керек. Наурыз күні шаңырақ көтеріп жатқан жастар баршылық қой. Бәлкім, солармен келісу қажет шығар. Бұл, бір жағы, келесі Наурыз мейрамында үйленгелі жүрген жастарға ой салатыны анық. Дәл сол сияқты бүлдіршіннің тұсауын кесу де шынайы көрсетілуі қажет.

Аян АЛДИЯРОВ
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар