1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақтың жауы – қазақ» деп шулап келеміз. Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауы – неміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, әлі де екі бөлініп отыр, «кәрістің жауы – кәріс» деп ешкім айтқан жоқ, Вьетнам қақ жарылып қақтығысқанда «вьетнамның жауы – вьетнам» деп ешкім айтқан жоқ.  «Адам – адамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нәрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?
Автор: Мұхтар Мағауин, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №23 (16209)   18 наурыз, сенбі 2017
19 наурыз 2017
Түркістан төрі қонақтан босамайды

Түркі әлемінің мәдени астанасында қарашаға дейін созылатын қырық іс-шарадан не ұтамыз? Ер түріктің бесігі – Түркістанның төрі қарашаға дейін қонақтардан босамайын деп тұр. Былтыр ол Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы деген мәртебені иеленгені белгілі. Ұлы істің Ұлыстың ұлы күнінен бастап осы жоба аясында күллі түркі елдерінің мәдениет өкілдерінің қатысуымен қасиетті қалада көптеген іс-шара өтіп, ол қара күзге дейін жалғасады.
ТҮРКСОЙ түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы Түркі мәдениетінің астанасын таңдау жобасын 2012 жылы бастаған. Түркі жұртының алғашқы мәдени астанасына Түркияның Ескішаһар, Татарстанның Қазан, Түрікменстанның Мары және Әзірбайжанның Шеки қалалары ие болған. Өткен жылы Әзірбайжанның Шеки қаласында ТҮРКСОЙ ұйымына мүше мемлекеттер мәдениет министрлерінің 34-ші тұрақты кеңесінде Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы болып Түркістан қаласы таңдалды.
Бекітілген жоспарға сәйкес, Түркістанда түркітілдес халықтар арасындағы бауырластықты нығайту, түркілік мәдениет пен өнерді дамыту, оны әлемге таныту мақсатында 40 іс-шара ұйымдастырылады. Оның алғашқысы 21 наурызда өтетін «Наурызнамамен» басталмақ. Осы күні Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Мәдениет орталығында ресми қонақтардың қатысуымен «Түркістан және түркология» тақырыбымен халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтеді. Жалпы, Түркістанда қарашаға дейін Түркі мемлекеттеріндегі мәдениет қызметкерлерінің қатысуымен айына кемі 3-4 шара жоспарланған. Мұның ішінде ақындар айтысы, театр, күлкі, би, сурет, қолөнер фестивальдері бар. Ақын-жазушылармен кездесу, ғалымдардың, тарихшылардың басқосуы, журналистердің, аниматорлардың форумы ұйымдастырылады. Қарашада Түркістанда ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымына мүше елдер мәдениет министрлерінің тұрақты кеңесі өтіп, Түркі әлемінің 2018 жылғы мәдени астанасы белгіленеді.
Түркістанның Түркі әлемінің мәдени астанасы болуы Қазақ еліне, Түркістанға не береді? Тойға дайындық қай деңгейде? Біз осы сауалдарды Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ғани Рысбековке қойған едік.
– Дайындық шаралары былтыр басталып кеткен. Қаланың қақпасынан бастап, орталығына дейін абаттандыру, безендіру жұмыстары жүргізілді. 21 наурызда өтетін «Наурызнамаға» Гагауз, Башқұртстан, Татарстан, Әзірбайжан, Түркия, Түрікменстан, Моңғолия, Грекия, Солтүстік Кипр, Саха, Чувашия, Тыва, Алтай, Қырғызстан, Өзбекстанa, Македония, Сербия, Болгария – жалпы 22 елден 250 мәдениет өкілі келеді. Бұлардан бөлек, 29 ресми қонақ шақырылған. Бұлардың ішінде Түркі елдері мәдениет министрлерінің орынбасарлары, Түркі ұйымдарының басшылары бар. Дайындық жұмыстары аяқталды деп айтсақ та болады. Қонақтар Түркістанда 4-5 күн болады. Жоспар бойынша олар Арыстан баб, Отырар, Ескі Сауран сияқты тарихи жерлерді тамашалайтын болады. «Наурызнама» –«Түркістан – Түркі мәдениетінің 2017 жылғы астанасы» жобасы аясында өтетін іс-шаралардың бастауы. Қырық шараның кейбірі Түркістаннан басталып, Шымкентте жалғасады, – дейді әкімнің орынбасары.
Әрине, қонақты құрақ ұшып күтіп алып, иіліп шығарып салу мақсат емес. Басты мақсат – түркі мәдениет қызметкерлері арасындағы байланысты нығайту, түркілік мәдениетті дамыту. Түркі әлемінің қарашаңырағы – Қазақстан осы шара барысында өз мәдениетін қаншалықты таныта алады? Түркістанның мәдени астана болғанынан не ұтамыз?
– Түркі халықтары Түркістанның атына қанық болғанымен, затын білмейді. Бұл біз үшін үлкен мүмкіндік. Осы шаралар туризмге де тың серпін береді деген үмітіміз бар, – дейді Ғани Рысбеков.
Соңғы жылдары Түркістанда туризм жақсы дамып келеді. Әзірет Сұлтан кесенесін тамашалаушы туристердің саны миллионнан асты. Бес жыл бұрын қабылданған бас жоспарға сәйкес, Түркістанда «Отырар» деп аталатын жаңа мөлтекаудан бой көтеруде. Онда 97 көпқабатты тұрғын үй салу көзделген. Қаланың жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы келешекте осы жерде бой түзеуі тиіс.
Айта кетейік, бұл – Түркістанда халықаралық деңгейде өтіп жатқан үшінші шара. 2000 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен Түркістанның 1500 жылдығы атап өтілгені белгілі. 2002 жылы киелі қалада Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы ұйымдастырылған болатын.


Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ
Оңтүстік Қазақстан облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар