1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №25 (16211)   30 наурыз, бейсенбі 2017
30 наурыз 2017
ШУДАН ШЫҚҚАН ӘКІМ КӨП...

Елiмiздiң картасында жалпағынан орналасқан Жамбыл облысындағы он ауданның әрқайсысының өзіндік орны, ерекшелігі бар. Әйтсе де ертегiдегi Ерназар байдың «Тоғыз ұлым бiр төбе, Ер Төстiгiм бiр төбе» дегенi сияқты, өзге тоғыз аудан бір бөлек те, Қордайдың жөні бір бөлек. Жеңіл көлікпен жақсылап жүріп берсеңіз – сүтпісірім уақытта қырғыздардың астанасы Бішкекке, етпісірім уақытта күншығысқа қарай жүрсеңіз – Алматыға, күнбатысқа қарай тартсаңыз Таразға маңдай тірейсіз.
Міне, жері шұрайлы, елі шырайлы осы ауданға Болатбек Байтөле екінші қайтара әкім болып келді. Негізінде, бір ауданды бір басшының екі мәрте басқаруы сирек кездесетін жағдай. Бірақ мәселе онда емес. Жасы алпысқа таяған Болатбек Байғонысұлы 2012-2014 жылдары Қордай ауданының әкімі, Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының басшысы қызметтерін атқарғаннан кейінгі үш жыл бедерінде көрінбей қалған. Сөйтсек, сол аудандағы «Нұр Бұлақ» шаруа қожалығының қаржысын шотқа қағып жүріпті. Жергілікті жұртшылықтың Байтөлені қай төбеден бой көрсетер екен деп жүргендерінде небір қылшылдаған кандидаттардың арасынан оза шауып, үзеңгіге қайта аяқ іліктіргені таңданыстарын тудырды.
Ал Қордайға үш жылдан аса уақыт қожалық еткен Қайрат Досаев өз ауылы, тоғыз жолдың торабындағы Шуға әкім болып тағайындалды. Өз ауылы дейтініміз – Қайрат Әскербекұлының туған жерi Шу ауданының Шоқпар стансасы. Әдетте бiреу атқа қонса, ел оның үзеңгiсiне аяғын қалай iлiндiргенiн, кiмнiң шапағаты тигенiн, кiмдермен байланысы мықты екенiн бiлуге асығады ғой. Көкірекбаев қызметіне кірісе сала, Қордай ауданының сол кездегі әкімін Таразға шақырып алып, орнына осы Досаевты Алматыдан арнайы алдырған болатын.
Жалпы, жамбылдықтардың арасында «Таластан шыққан ақын көп, Шудан шыққан әкім көп» деген сөз бар. Өйткені теміржол жағалап тырмысып өскен шулық әкімдерді санасаңыз, ұзын-сонар тізім жасауға болады. Айталық, еліміз Тәуелсіздік алғалы бері Жамбыл облысын басқарған жеті әкімнің үшеуі – марқұм Сарыбай Қалмырзаев және Бөрібай Жексембин мен Кәрім Көкірекбаевтар Шудың жігіттері. Қазіргі таңда он ауданның төртеуінде облыс әкімінің жерлестері басшылықта отыр. Яғни жоғарыда сөз еткен Қайрат Досаевтан бөлек, Талас ауданының әкімі Болат Рысмендиев – Шудың Амангелді ауылынан, Жамбыл ауданының әкімі Мәден Мұсаев – Бірлікүстем ауылынан, Мойынқұм ауданының әкімі Бақытжан Нұркенов бұрынғы Ленин атымен аталатын ауылда дүниеге келген. Бұлардың барлығы да бұрын әкім болғанымен, қызметтері төмендеп, жан-жақта түрлі салада жұмыс істеп жүрген болатын. Облысқа Көкірекбаев басшы болғаннан кейін бәріне енші тиіп, бірін-бірі тартып, бір-бір ауданның тізгінін қайта ұстады. Жә, кім қай қызметке қандай жолмен, кімнің арқасында келсе де, шаруасын шашау шығармай, халық, ел үшін жұмыс істесе болғаны. Біз газетіміздің өткен сандарының бірінде облыс басшысының аудандарға әкім тағайындауда асықпай ойланып-толғанып жүріп алатынын жазған болатынбыз. Әулиеаталықтар арасында әкімнің ол қылығына байланысты «Алма кетті домалап, Өзен бойын жағалап. Кім алманы әкеп береді, Сол бос ауданға әкім боп кетеді» ойыны жайлы әзіл тараған болатын. Кәрім Нәсбекұлының бұрынғыдай бір ауданның басшылығын босатып қойып, көп ойланып ырғалып-жырғалып жүрмей жасаған бұл жолғы ауыс-түйісі айдалаға айқайламағанымыздың айғағы іспеттес.
 

Нұрболат ӘЛДИБЕК
Жамбыл облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (2)
қонақ | 4 сәуір 2017 18:01
Даа Нұрболат Әлдибек сенің Шуыңнан басқа жерден әкім шықпаған сияқты сөйлейсің. Не басқа проблема жоқ па?
БАГЫС | 4 сәуір 2017 18:29
ШУ АУДАНЫН 1960-1972 ЖЫЛДАРЫ ЖАПАР ТҮЕБЕКОВ БАСҚАРҒАН "КАДРЛАР МЕКТЕБІ" ОРЫСША "КУЗНИЦА КАДРОВ" БОЛАТЫН ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ҚАЙ АУДАНЫНДА БОЛСЫН ТҮЕБЕКОВТЫҢ КАДРЛАРЫНЫҢ МЕРЕЙІ ҮСТЕМ БОЛАТЫН.
ЖОРНАЛШЫ МӘКЕН УАҚТЫҢ СЫН МАҚАЛАЛАРЫНДА "ҚАПТЕСЕР" АТАНҒАН
БОЛАТ РЫСМЕНДИЕВ ТӨРТІНШІ АУДАНҒА ӘКІМ БОЛЫП ОТЫР. ІСКЕРЛІГІМЕН
ЕМЕС ҚАПТЕСЕРЛІГІМЕН. ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 26-ШЫ ЖЫЛЫНДА 10-ШЫ ӘКІМ КЕЛІП
ОТЫР. ҚАНША ОТЫРАР ЕКЕН?! МОЙЫНҚҰМНАН ҚУЫЛҒАН Б.РЫСМЕНДИЕВ ҚАЛТАСЫН
ТОЛТЫРЫП КЕЛІП ҚАЙТА ЖИНАП АЛҒАНША ӘКІМ БОЛАДЫ.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті