1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақ» деген мемлекет болмаған, «қазақта шекара болмаған» деген сыңар-езу дүниелер біз үшін өте-мөте қиын мәселе болып отыр. Бұл – сан ғасырлық тарихы бар халық үшін өте ауыр жала. Еліміз, жеріміз, шекарамыз болмаса, бұл жерге қайдан келдік? Бізге ұлан-ғайыр бұл даланы кім әкеліп берді? Бұл жердің өз иесі бар, аумағы бар. Оның иесі – қазақ.
Автор: Бекболат ТІЛЕУХАН
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №25 (16211)   30 наурыз, бейсенбі 2017
30 наурыз 2017
ЖОЛАҚЫНЫҢ ҚЫМБАТТАУЫНА КӨКТЕМ КІНӘЛІ МЕ?

Семей көшелерінде қыс бойы жауған қардың уақтылы және дұрыс тазаланбауының ақыры қала тұрғындарының қалтасына салмақ салды. Қаладағы жолаушы тасымалымен айналысатын қоғамдық көлік қожайындары үшін бағыттағы жолдардың көктем шығысымен көлшікке толып, автобустар мен «Газельдердің» қатынауына кедергі келтіргені «іздегенге – сұрағанның» нақ өзі болды. Қалалық әкімдік бір жақ, алты автопарктің басшылары бір жақ болып текетіреске түскені сайып келгенде қарапайым халыққа зардабын тигізуде.
Алпыс теңгелік жолақы құны күнделікті шығынды ақтамайтынын алға тартқан қоғамдық көлік қожайындары сәуір айынан бастап тарифті 80 теңгеге көтеруді көздеп отыр. Тіпті дегендеріне жету үшін кіріс-шығыстары есептелетін құжаттарын қалалық әкімдіктің назарына ұсынып, талаптарының орынды екендігін дәлелдеп бағуда.
Осы мәселеге байланысты БАҚ өкілдерімен өткізілген баспасөз мәслихатында Семей қаласы әкімінің орынбасары Н.Ушаковтың мәлімдеуінше, тасымалдаушы компаниялардың жанармай, қосалқы бөлшектер алу шығынын ақтау үшін ұсынған жолақы құнының орташа көрсеткіші 115-130 теңгеге дейін барған. Бұл, әрине, қарапайым тұрғындарының орташа жалақы табысы 50-70 мың теңгеден аспайтын Семейде қисынға келмейтін баға. Мұның ұят екендігін өздері де түсінетін болса керек, қаладағы қоғамдық көлік бағытының 70 пайызын уысында ұстап отырған «Семавтопарк» пен «АзияКомби» компанияларының иелері жолақының кем дегенде 80 теңге болуын сұрап отыр. Алайда олардың талабына қала басшылығының айтар уәжі жоқ емес.
– Қоғамдық көлік қожайындары жиын өткізген сайын тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға уәде беріп кетеді. Алайда онысын орындамайды. Автобустардың санитарлық тазалығы да, сапасы да сын көтермейді. Тұрғындар тарапынан автобус жүргізушілерінің рульде отырып шылым шегіп, шемішке шағатыны, ұялы телефонмен сөйлесетіні жайында да шағым түсіп жатады. Өзім айына екі рет автобуспен жүремін. Көбінің орындықтары, терезе перделері жыртық, кір, шаң. Яғни санитарлық тазалық мүлде сақталмайды. Баға көтеруді талап етуді білетін компаниялар алдымен өздерінің кемшіліктерін түзеуі тиіс, – дейді Н.Ушаков.
Расы керек, әкімнің орынбасары осылай дегенмен, қоғамдық көлік қожайындарының дәурені жүріп тұр қазір. Қараңғы түспей жатып қарасы сирей бастайтын «Газель» жүргізушілері жүру кестесінің уақыты аяқталысымен, бағыттық нөмірін алып тастап қала көшелерін аралауға шығады. Яғни аялдамада тұрып автобус күтуден күдерін үзе бастаған халыққа аяқастынан көрініп, баратын бағытына қарай жасырын қызмет көрсетуге көшеді. Ал одан түскен табыс, әрине, өз қалталарында қалады.
Өткен аптаның жұма күні күннің күрт жылынуы салдарынан қала көшелерінде қызыл су жүріп, жаяу жүргінші аяқ басатын, көліктер аялдайтын жер таппай тығырыққа тірелгенде, кейбір бағыттық «Газельдер» жұмыс уақытының соңын күтпестен қызметін тоқтатты. Жергілікті атқарушы билік пен халыққа осылайша қыр көрсеткен тасымалдаушылар онысын көше асфальттарының шұңқыры суға толып кеткендіктен, автобустардың бірі батып қалып, енді бірі сынып, ит әлекке түсуімен түсіндірді. Егер шамадан тыс жауған қарды қолда бар техникалармен күреп, қала сыртына шығарып отырғанда көшелер көлшікке айналып, қоғамдық көліктің қызметіне нұқсан келмейтін көрінеді. Қаланың Компоселок аумағынан теміржол бекетіне дейін қатынайтын №33 автобус орталық базар аялдамасынан кейін Аймауытов көшесіне бұрылып кететін. Қазір ол көшемен жүру мүмкін емес болғандықтан ба екен, есігіне «базарға бармаймыз» деген ескертпені жапсырып алып Шәкәрім даңғылымен жүйткіп жүр.
Осы тұста «қаланың орталық көшелері неліктен суға тола береді?» деген тағы бір сауал көлденеңдейді. Әсет Найманбайұлы, Қабанбай батыр, Аймауытов көшелеріндегі көріністерді қазір әлеуметтік желі қолданушылары да ғаламтор бетінде жабыла таратып, Семейді «Екінші Венеция» деп келемеждеуге көшкен. Кім қалай қағытса да, астарында шындық бар. Бірақ қала көшелерін құрғатуға су соратын техникалар жұмыла кірісіп жатқанымен, жақын арада жағдай жақсарар түрі жоқ. Қалалық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ю.Пазынаның айтуынша, Семейде дренажды кәріз жүйелерінің тазартылмағанына 30 жылдан асқан. Кәріз жүйесін жаңартатын болса семейліктер қазіргідей «малтып жүрмейді» екен. Қалалық әкімдік алдағы уақытта кем дегенде он көшеге, соның ішінде Найманбаев көшесі мен Қабанбай батыр көшесіне жауын-шашын суы ағатын кәріз жүйесін салуды енді қарастырып жатқан жайы бар. Осы негізде арнайы жоба әзірленіп, оны жүзеге асыруға 37 млн теңге қаражат қарастырылған.
Сонымен, «Сәуір болмай, тәуір болмас» деген мақалдың ендігіде мағынасы өзгеретін сыңайлы. Сәуірде көше кеуіп, қоғамдық көліктердің қозғалысы ретке келгенімен, 80 теңгелік жолақы құнын көлденең тартатын алты компанияның әлегі семейліктерді сергелдеңге салып тынбақ.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ
Семей қаласы
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті