1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Еш уақытта қазақ... қазақ мемлекет болған жоқ, себебі шекарасы болған жоқ».  --- «Қытай Халық Республикасы рапс пен соя секілді жемшөп дақылдарын егу үшін бізден 1 млн. га жер сұрап отыр».
«Азаттық» радиосы
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш 1 қаңтар, бейсенбі 1970
4 сәуір 2017
Жандарын шүберекке түйіп отыр

Жамбылда қыстың көбесі сөгіліп, күн күрт жылынғанда төтенше жағдайға жауапты басшылар аспаннан түскендей абдырап қалатыны қалыпты жағдайға айналғалы қашан. Табиғаттың тосын мінезі тентектік танытып, өңірдегі бірнеше ауылда су тасқыны болып, сел жүргенде жоғары жаққа «бәрі қанттай» деп есеп беріп келген тиісті басшылардың селқостығы «ауруын жасырғанның арам өлетінін» тағы да әшкерелеп берді.

Айталық, күн күрт жылынғанда алдымен Жамбыл ауданының іргесіндегі Аса өзені асау мінез танытты. Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Қыдырәліұлының айтуынша, әншейінде Жуалыдағы «Теріс-Ащыбұлақ» суқоймасынан секундына 40-60 текше метр су келіп түсіп, өз арнасымен ағып жататын Аса өзеніне бүгінде 105 текше метр су құйылып отыр екен. Осының салдарынан судың екпіні өзен жағалауындағы тоспалардан жасалған бөгеттерді бұзып жіберген. Аудан әкімшілігінен: «Аса өзенінің арнасынан асып-тасқан ағынды су Қаратөбе ауылдық округінің Бәйтерек ауылының көшелеріне жайылған. Қаратөбе ауылдық округі, «Дорожник» саяжай алабына баратын жолды су басты. Нәтижесінде Қаратөбе ауылдық округінің аумағында орналасқан «Дорожник» саябағына баратын тас жолдың 200 метрдей аумағын су шайып кетіп, ол жерде 80 аула, 100 тұрғынның қалыпты өмір сүруіне қауіп төнді. Осы бағыттағы көпірдің бұзылу қаупі туындап тұр. Осындай жағдай Аса ауылдық округінің аумағында да орын алған. Атап айтқанда, Аса ауылдық округіндегі Пионер лагерь елді мекенін су басу қаупін сейілту кезінде жаңадан жасалған ұзындығы 600 метр, ені 4,5 метр, биіктігі 1,5 метрді құрайтын бөгет су шайып кетті. Аса ауылдық округіндегі Пионер лагерь елді мекеніндегі екі пәтерлі төрт тұрғын үйді су басты. Ол жерде жеті отбасы және 38 адам тұрады. Қазіргі кезде бес жанұя қауіпсіз жерге көшірілді. Ал екі отбасы өз еріктерімен өздерінің Аса ауылында орналасқан жеке үйі мен туыстарының үйін паналауда. Сонымен қатар «Нұрәділ» шаруа қожалығы мен «Т.Құлжанов» шаруа қожалығы, «Кіші Аса» бойындағы, «Сұлтан» каналының бойындағы көпірді су шайды. Аса өзенінің бойындағы үлкен темір көпірдің бұзылуына да қауіп төніп тұр. Одан бөлек, Айшабибі ауылдық округінің аумағында орналасқан «Майская» саяжайындағы Аса өзенінің бойындағы автокөлік жолының 800 метр тас жолын су шайып кетіп, ол жерде 120 аула, 320 тұрғынның қалыпты өмір сүру жағдайына қауіп төніп тұр», – деген ресми ақпар алдық. Аудан әкімінің орынбасары бүгінде Аса өзеніндегі тоспалардан жасалған бөгеттерді күшейту мақсатында облыстан 60 техника және 200-ге тарта жұмыс күші жұмылдырылғанын жеткізді.
Ал дүлей дауылы, бұрқасынды боранымен әйгілі Жуалы ауданында биыл да қыстың шаруаларды қатты қысқаны белгілі. Ауданның таулы аймақтарында қалың қар түсіп, тіпті қар көшкіні салдарынан қайғылы оқиға орын алғаны да күні кеше. Енді, міне, қыс бойы сіресіп жатқан қалың қардың еруі «Теріс-Ащыбұлақ» суқоймасындағы судың шамадан тыс көбеюіне әкеліп соқты. Айталық, «Теріс-Ащыбұлақ» суқоймасының жобалық сыйымдылығы 158 млн текше метр болса, соңғы күндері мұнда түсіп жатқан судың көлемі секундына 100 текше метрге дейін артып, бүгінгі күні көлемі 145 млн текше метрге жетіпті.
Онсыз да сел, су тасқыны десе жүрегі зу ете қалатын, әбден жүректері шайлығып қалған жергілікті жұртшылық, әсіресе суқоймасының іргесінде қоныс тепкен Нұрлыкент ауылының 4000-нан аса тұрғыны жандарын шүберекке түйіп әрең отыр.


Нұрболат ӘЛДИБЕК
Жамбыл облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті