1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Хабар» телеарнасын көріп, «Казахстанская правда» газетін оқысақ, сыпыра мақтану мен лепірме сөздерден басың айналады. Осы айтылып жатқанның барлығын өмірде неге байқамайтындығыңа қайран қаласың. Олардың айтуларына қарағанда Қазақстанның керемет табыстарға жеткендігі сондай, америкалықтар, жапондар мен шведтерге бізге қызыға да қызғана қарайтын уақыт болып қалыпты. Ал, азиялықтар, латынамерикасы мен африкалықтар қызғаныштан жарылып өлсе де болады.
www.azattyq.org
Автор: Герольд Бельгер, жазушы, аудармашы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №27(16213) 6 сәуір, бейсенбі 2017
6 сәуір 2017
Түймебаев шаруаларды біріктіруге жанталасып жатыр

Танымал актер Туканың, Нұржан Төлендиевтің «Шаншарда» жүрген кезіндегі «ауыл деген жақсы ғой...» дейтін депутат-кейіпкерінің сөзі елдің есінде шығар. Иә, ауыл деген, расында да, жақсы ғой. Ауыл деген – құт-береке. Ауыл деген – айран-сүт, ет пен астық, тері мен жүн. Ауыл дегеніңіз – түптеп келгенде байлық қой.
Ауыл дегенде атқамінерлер жаман сөз айтпайды. Бірақ одан ауыл жақсы болып жатыр ма? Ауылдағы байлықтың кәдеге аспай жатқаны да шындық. Кәдеге асыра алмай жатқан, дәлірегі, тірліктің көзін таба алмай жатқан өзіміз. Ауылдықтар қазір жүн-жұрқаны отқа жағатын болған, тері де керексіз дүниеге айналғалы қашан. Айран-сүтті де әлі күнге баклашкамен сатады. Әрине, ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Оңтүстік Қазақстанда бұл салада соңғы жылдары айтарлықтай реформалар жасалды. Нәтижесінде республикадағы жылыжайларды тамшылатып суарудың 60-70 пайызы бір ғана осы өңірге тиесілі. Оңтүстік Қазақстан – республикада мақта егетін бірден-бір облыс. Елдегі бау-бақша, көкөніс өнімдерін өндіруде де оңтүстіктің үлесі басым. Десек те, табиғаты жылы, жері құнарлы өңірде барлық мүмкіндік пайдаланылып жатыр деу ертеректеу. Тоқсаныншы жылдары тоз-тозы шығып, әлі күнге оңалмаған шаруашылықтар, тұрғындары жәрдемақы мен зейнетақыға қарап отырған ауылдар жетерлік. Игерілмей бос жатқан жер де аз емес. Шаруашылықтарды жаңа заман ағымына сай қайта құруда, агроөнеркәсіп кешенін дамытуда жақсы-жақсы бастамалар бар, бірақ нәтиже аз.
Өңірде соңғы жылдары басқарған әкімдер тарапынан біраз жоба-жоспарлардың қолға алынғаны рас. Асқар Мырзахметовтің тұсында мақта алқаптарының санын азайтып, суды аз талап ететін бау-бақша өнімдеріне ден қойылған. Алайда қауын-қарбызды Ресейге тасымалдап жүрген диқандар 2014 жылғы доллар дүрбелеңінен кейін тауарларын өткізе алмай дағдарды. Одан кейінгі әкім Бейбіт Атамқұловтың кезінде атакәсіп саналып кеткен мақта егуге қайтадан мән беріле бастады. Өңірде машина-трактор стансаларын құру басталды, әр ауданды белгілі бір бағытта дамытуға күш салынды. Атқамінерлер енді Түлкібаста мал шаруашылығын, Отырарда жүгері, Төлебиде бау-бақшаны дамытамыз деген. Алайда бұл жоспардың да жемісі әлі байқалмайды. Неге? Себебі кабинетте отырып жасалған тәп-тәуір жоба шаруаларға дұрыс жетпейді. Нәтижесінде ауыл, аудан әкімдері жобаны қағаз жүзінде іске асыруға көшеді. Ал мұндай көзбояушылықпен алысқа ұзамасымыз белгілі.
Оңтүстік Қазақстан облысына әкім болып келгелі жарты жыл ішінде Жансейіт Түймебаев шаруаны осы олқы тұстан бастауды қолға алған сыңайлы. Әкім соңғы апталарда аудандарды аралап, шаруаларды кооперацияларға біріктіру жөнінде көшпелі семинар өткізуге кірісті. Облыстың бірінші басшысымын деген жоқ немесе бұл шаруаны орынбасарларына аудара салмады, шаруалардың алдына өзі барып, мәселенің мән-жайын өзі түсіндіруде.
Шаруаларды кооперацияға біріктіруге тоқталайық. Жасыратыны жоқ, өте күрмеуі қиын мәселе. «Ортақ өгізден оңаша бұзауды» артық көретін шаруаны күштеп ұжымдастыра алмайсыз. Бір мүдделілік, тиімділік болмайынша, бас бірікпейді. Ал мемлекет тарапынан біріккен шаруаларға ұсынылып жатқан жеңілдіктер жетерлік. Тек соны шаруаға жеткізу, бірігудің артықшылығын насихаттау қажет.
Түймебаевтың төрағалығымен өтіп жатқан мамандандырылған әр семинардың форматы да, арқалаған жүгі де әртүрлі. Төлеби ауданында өткен семинар құс шаруашылығына арналды. Бақсақ, тауық та тәп-тәуір табыс көзі екен. Өзіңіз есепке салып көріңіз, шағын құс фермаларының құрал-жабдықтарын сатып алуға кеткен шығынның 50 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Сондай-ақ сатып алынған асылтұқымды етті шөжелердің әр басына 400 теңгеден демеу қаржы қарастырылған. Бұдан бөлек, шаруалар өндірілген құс етінің әр келісіне 40 теңгеден көмек қаржы алатын болады. «Егер осы мүмкіндікті кәдеге жаратса, оңтүстік өңірі өз-өзін құс етімен 74,3 пайыз, ал жұмыртқамен 75 пайыз қамтуға қауқарлы» дейді мамандар.
Қазығұртта өткен семинар мал шаруашылығына, ал Түлкібастағы семинар балық шаруашылығын дамытуға арналды. Қазығұрттағы семинарда алдағы уақытта Иран ислам мемлекетінен келген инвесторлардың Оңтүстік Қазақстаннан жылына 20 мың тонна ет экспорттауға қызығушылық танытып отырғаны айтылды. Жылына 2 миллион 400 тонна ет тұтынатын Иран елі осы қажеттіліктің бір бөлігін қамту мақсатында оңтүстіктен күніне 3000 бас ұсақ мал еті мен 100 бас ірі қара етін алу үшін келісімшарт жасасқан. Ал осы аптада оңтүстікке Батыс Қазақстан облысынан құрамында 30-дан астам ауыл шаруашылығы өкілі бар арнайы делегация келіп, кооперацияларды біріктіруде тәжірибе алмасуға кірісті.
Түймебаев осылайша жаңа бастамасымен шаруаларды біріктіруге жанталасып-ақ жатыр. Қалай десек те, әкім жаңа жоба-жоспарына құрғақ ауыз сөзбен емес, «саусақ біріксе ғана ине ілігетінін» шаруалардың ортасына өзі барып айтып, білек сыбана кіріскені қуантады. Ендігісін уақыттың еншісіне қалдырдық.

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ
Оңтүстік Қазақстан облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Ореке | 12 сәуір 2017 17:32
Кооперацияға бірігу далбаса нәрсе,басың тасқа тимегені рас екен.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар