1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір зиялы қауым арасында «Елім, жұртым!» деп ұрандаушылар саны басым. Олар бір қарағанда, қазаққа шын жанашыр тәрізді көрінеді. Алайда айналып келгенде, қазақ зиялыларында турашылдық жоқ. Ақиқатында, ұлттың мақсат-мүддесін көздейтін, ұлт үшін шыбын жаны шырқырайтын адам саусақпен санарлық. Осыны біліп отырған халық «біздің зиялыларымыз тым жалтақ» демегенде не дейді?
Автор: Тұрсынбек Кәкішев, жазушы-ғалым
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №30 (16216)   18 сәуір, сейсенбі 2017
18 сәуір 2017
«Тас-түйін дайындық» тасқын суға ағып кетті

Баяғының адамдары «Су аққан жерімен ағады» дегенді бекер айтпаған екен. Арада жүз жыл, қаншама ұзақ уақыт өтсе де, жайбарақат ағып жатқан өзеннің өзі кемерінен асып, ескі арнасын іздеп, жазыққа жайылып, жолына көлденең тұрғанды бұзып-жарып өтіп, сарқырап таситыны рас болды. Міне, қаншама күннен бері елімізде тасқын су жұртты әбігерге салып, біраз ауыл-аймақты басып, қырға үдере көшуге мәжбүр етті. Әрине, жергілікті әкімдіктер «Апат айтып келмейді» деп, су тасқынының аяқастынан болғанын айтып ақталып жатқанымен, жыл сайын қайталанып жүрген селден жергілікті биліктің әлі де сабақ алмағанын, әлі де арқаны кеңге салып қамсыз қалғаны тағы да білініп қалды.
Көктемгі жауын-шашынның молдығынан Ақтөбе қаласын айнала ағатын Қарғалы, Жіңішке, Елек, Бұтақ өзендері арнасынан асып, бір мезгілде айналадағы бау-бақша, саяжай учаскелерін су басып қалды. Жағдай қиындап, жексенбі күні Ақтөбеде төтенше жағдай жарияланды. Тасқыннан 283 саяжай үйіне су толып, тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді. Суға толған бес үй құлап қалды. Жедел құтқару барысында 734 адам су басып жатқан аймақтардан шығарылып, олар қаланың бірнеше мектептерінің спортзалдарына уақытша орналастырылды. Өңірдің өткен өміріне көз жүгіртсек, Ақтөбенің тұрғылықты жұрты 19 жылдан бері мұндай аяқастынан басталған су тасқынын көрген емес. Күшті тасқын бұл өңірде 1993, 1998 жылдары болған. Ағысы арынды емес өзендердің бір түннің ішінде тентек мінез көрсетуіне сәуірдің ортасына дейін сіресіп тұрған мұздың аяқастынан еруі де, сосын өзен бастауларының қоқысқа толуы, сай-салалардың бітеліп, орындарына тұрғын үйлердің салынуы да себеп болғаны анық. Нәтижесінде саяжай тұрғындары қазір белуардан су кешіп, өз үйлерінен безіп жүр.
– Түнгі сағат бірде үйіміз суға кете бастады. Шыға алмай қалып, таңғы сегізге дейін тастай қараңғы жерде отырдық. Таң атқасын көмек келіп, бізді үйден шығарып алды, – дейді Елек өзені жағасындағы «Рассвет-Лесхоз» саяжайының тұрғыны Тоты Тоқышова.
Ал Електің тағы бір жағасындағы Кірпішті ауылының тұрғыны: «Мына тұрған үйден құжаттарымызды алуға бізге қайық берген жоқ. Төтенше жағдай департаментіне телефон шалып, қайық сұрасақ, «барыңдар да, сатып алыңдар» дейді. Біз қайықты қайдан аламыз? Алдын ала ешкім ештеңені ескерткен жоқ. Сәуірдің 12-сі күні өзен арнасынан таси бастады. Содан бері қақсап, бәріне телефон шалдым. Ешкім көмекке келген жоқ», – деп, жергілікті биліктің әрекетсіздігіне налиды.
Бүгінде саяжай дегеніміз баяғыдай сенбі-жексенбі күндері қыдырып келіп, бой жазып бақшада еңбек ететін жанға жайлы демалыс үйі емес. Қазіргі саяжайлар кәдімгі ауыл, қалың ел қоныстанған елді мекен. 2000 жылдан бері біртіндеп бұл саяжай орындарына жұрт тұрғын үйлер сала бастады. Енді тұруға жарамсыз болып қалған үйлердің өтемақысын да жұрт ала алмауы мүмкін. Себебі жер актісі бойынша бұл орындар саяжай ретінде ғана тіркелген. Осы жерлерді кезінде жаппай саудаға салған кінәлілер бүгінде билікте жоқ. Ендеше, суға кеткен үй-мүлкінің құнын бір күнде бәрінен айырылған саяжайдағы қарапайым халық өтей де алмауы мүмкін. Себебі сақтандырылмаған. «Іс – бітті, қу – кетті» деген осы шығар, сірә. Дегенмен де тұрғындардың көпшілігінің саяжайдағы шағын үйшіктерден басқа барар жерлері жоқ.
«Жау жағадан алғанда бөрі етектен тартады» деген, ел тасқынмен әуре боп жатқанда ұрылар да құтырып шыға келді. Су тасқынынан зардап шеккен Ақтөбе облысының бір тұрғыны қаладағы мектептердің біріне орналастырылған екі жетім баланың көмекақысына алған азық-түлікті, ыдыс-аяғы, көрпе-төсектері мен басқа да заттарын базбіреулердің қолды қылғанын айтып жылайды. «Екі жетім баланың жәрдемақысына алынған азық-түлікті алып кетті. 45 мың теңгеге алған азық-түлігім еді. Енді кімге барып зарымды айтамын?» – деген әйел шарасыздықтан не істерін білмей дал.
Тасқын су Арқа жұртын да састырып, Қарағанды облысында да төтенше жағдай жарияланды. Жергілікті билік өкілдері таратқан мәліметтерге қарағанда, бұл өңірдегі Сарытөбе, Чкалово, Садовое, Андрейниковка, Қызылжар, Красная Поляна, Қарамұрын ауылдары су астында қалған. Сондай-ақ Шопа ауылында Шерубай-Нұра өзенінде арнасынан асқан су жолдарды шайып кетті. Облыста автомобиль жолдарының сегіз учаскесін су басты. Қарағанды–Қарқаралы жол учаскесінде көліктің барлық түрлері үшін көлік қозғалысы тоқтатылды.
Жалпы, Қарағанды облысында су тасқыны басталғалы 1453 адам қауіпсіз жерге көшірілді.
Ал Атбасарда (Ақмола облысы) дамба бұзылып, су басқан жерлерден 150 адам эвакуацияланды. Су басуды тоқтату шаралары жалғасып жатыр. Солтүстік Қазақстан облысының Рузаевка ауылында бірден сарқырап келген су тасқынынан 100-ге жуық мал өлді, 44 адам эвакуацияланды. Ақмола облысындағы еріген қар суына түсіп кеткен мектеп автобусында қалған балалар қайыққа байланған арқан арқылы құтқарылды. «Автобус Атбасардан Көкшетауға бара жатқан. Жолдан шығып кетіпті. Автобуста он бала мен бес ересек адам болған. Ешкім зардап шеккен жоқ, барлығы аман. Құтқаруға жергілікті тұрғындар көмектесті», – дейді Ақмола облысының ТЖД басшысының орынбасары Қанат Доспаев. Бірақ Ақмола облысының Сандықтау ауданына қарасты Сандықтау ауылында су басқан үйлердің бірінен жұртты көшіру кезінде 1958 жылы туған әйелдің жансыз денесі табылды.
Сонымен еліміздің барлық өңірлерінде дерлік күн бұзылып, жауын-шашын көбейіп, су тасқыны алқымнан алып тұр. Ауа райының қолайсыздығы әлі де жалғасатын сияқты. Осылайша жергілікті билік өкілдерінің «төтенше жағдайға байланысты тас-түйін дайынбыз» деген ақпараттары жалған боп шығып, тасқын сумен бірге арқырап ағып кете барды. Әлі қанша әкімнің сөзі суға ағатынын бір құдай білсін.

Оралхан ДӘУІТ, Баян СӘРСЕМБИНА

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті