1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Баян-Өлгийдегі қазақ отбасын Қазақстанда шығатын мерзімді басылыммен қамтамасыз ету, Ұланбатыр маңайына қазақ теледидарын қосып беру, меніңше, Қазақстанның қолынан келеді. Тіпті, өзге емес, түріктердің өзі Күлтегін мен Білге қағанға арнап керемет Орхон музейін салыпты. Бізді қатты таңқалдырды. Бірақ, біздің шеттегі қазақ диаспорасына көмектесуге ынтамыз аз.
Автор: Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш № 40 (16226) 18 мамыр, бейсенбі 2017
18 мамыр 2017
Сәлімовке деген сенімі азайып барады...

Шығыстың әкімі Даниал Ахметовтің соңғы айларда Семейге жиі-жиі ат басын бұра беруі алдағы уақытта қала билігінің ауысатынынан хабар беретін сияқты ма, қалай өзі... Өйткені әр келген сайын қаланың ішкі мәселелерін шешуге тікелей өзі араласып, бәрін қуырып, қабағы түйіліп қайтады. Қала әкімі Ермак Сәлімов бастаған семейлік атқамінерлер өз жұмыстарына көз жұма қарай ма, әлде берілген тапсырмаларды толық орындай алмай ма, әйтеуір, облыс әкімінің көңілінен шықпай-ақ қойды.

Мәселенің бәрі қоғамдық көлік қожайындары мен жергілікті әкімдіктің өзара текетіресінен басталған. Қала ішіндегі жолдардың ойқы-шойқысынан көліктері сынып, жүруден қала бастағанын алға тартқан автопарк басшылары осы көктемде жолақыны көтеретінін айтып, жұртты бір шулатты. Жалға алған автобустарын жолаушы тасымалдауға шығармай, ереуіл ұйымдастырып, ескерту жасаудан да аянып қалған жоқ. Амал жоқ, қала әкімінің өзі автобустарға мініп, жолдардың шынымен де тозып кеткенін өз көзімен көріп, таңғалып қайтқан болатын. Алайда Сәлімовтің автобусқа отырғанынан не халыққа, не қоғамдық көлік қожайындарына еш пайда болған жоқ.
Содан ба, Семейге сәуірдің соңында келген облыс әкімі автобустарға өзі мініп, тұрғындармен бірге қала жолдарын тексеріп шықты. Соңынан «Семейдің әр проблемасын неге мен ғана келіп шешуім керек?» деп бұлқан-талқан боп ашуланып, қала шенеуніктері мен мәслихат депутаттарының екі аяғын бір етікке тыққаны бар. Ахметовтің айтқаны рас болса, қазіргі күнде қала қазынасындағы қаржы 49 млрд теңгеге жетіпті. Басқа қала басшылары қолда барды ұқсатып жоқтан бар жасап отырғанда, семейлік атқамінерлердің жолдарды жөндеудің өзін жүйелі жүргізе алмағаны, сөз жоқ, кімнің болсын жүйкесіне ши жүгіртетіні анық.
Сөйтіп, қала әкімі Сәлімовке қаһарын төккен облыс әкімі Семейдің жедел жәрдем ауруханасы жұмысымен танысқанда тағы да түтігіп кетті. Ғимаратқа жылудың тоқпен берілуі салдарынан ай сайын электр энергиясы үшін төлемақысы 40 млн теңгеге дейін жетіп, шығын шаш етектен болған. Амал жоқ, аурухана басшылығы мен қалалық әкімдік Ахметовтен көмек сұраған еді. Мәселені шешуге облыс әкімі еріксіз араласып, үш шақырым шамасындағы жылу құбырын тартуға түрткі болды да, ғимараттың электр энергиясына тәуелділігі жойылды. Сөйтіп, бұл қиындық артта қалып, енді «уф» дей бергенде пайдалануға берілгеніне төрт жылдан асқан осы жедел жәрдем ауруханасының үштен екі бөлігінің әлі күнге қаңырап бос тұрғаны мәлім болды. Өйткені электр энергиясымен толық қамтылмағандықтан, хирургия және травмотология бөлімдерінің медициналық қызметі тоқтап тұр. Нысанды қабылдап алғанда атқамінерлердің ештеңенің байыбына бармағанына күйінген облыс әкімі жедел жәрдемге қажетті электр энергиясын жедел шешуді тиісті мекемеге қатаң тапсырып, хирургия және травмотология бөлімдерін бос қалдырған аурухана басшысына сес көрсетіп кетті.
Сөйтіп, сол жолы бірнеше мәселені бақылаудан шығарып алған қала басшылығы мен жергілікті депутаттардың қайда қарап отырғанын білмей, тағы да күйіп-піскен Ахметов айтарға сөз таппай, қолын бір сілтеп Өскеменге қайтып кеткен еді.
Таяуда мамыр басталысымен «ашуы тарқаған» кейіпте қайта оралып, Семейдегі орталық саябақтың ішін аралап шықты. Саябақта самсап тұрған сауда нүктелері мен дүңгіршектер қала тұрғындарының еркін демалуына кедергі келтіретіні көрініп тұр. Яғни шатырлар мен дүңгіршектердің орналасуы талапқа сай емес. Мәселені шешуге тағы да Ахметовтің өзі кірісіп, саябақ жерін 49 жылға жалға алған дүңгіршек иелерімен дұрыс жұмыс жүргізіп, қала билігіне кемшілікті жоюды тапсырды. Яғни жай ғана саябақтағы кемшілікті жоюға да облыс әкімінің өзі араласуына тура келді. Ендеше, Ахметов айтып отырмаса, қала әкімі Сәлімов өз бетімен ештеңе тындыра алмайтын болғаны ма?
Бұған дейін ішкі проблемаларды шешуге қалалық бюджетте қаржы жетіспейтінін айтып, аузын қу шөппен сүртіп шыға келетін қала әкімінің ендігі жерде мұндай сылтауды көлденең тартар жөні жоқ. Өйткені 49 млрд теңгеге жететін қаржысы бар Семейдің тамырына қан жүгірту алдымен басшының біліктілігіне байланысты.
Қалай айтсақ та, облыс әкімінің Семейге қайта-қайта келе беруінде бір сыр жатқаны анық. Ахметовтің Сәлімовке деген сенімі азайып бара жатқандай ма, қалай...
 

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ
Шығыс Қазақстан облысы
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті