1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазіргі адамдар «бірің өліп, бірің қал» дегенді мықтап ұстанып алған. Өйткені адамдар ешкімге сенбейді, сенейін десе есітетін әңгімелерінің бәрі өтірік. Сондықтан бәріміз ас үйде отырып, үстелді тоқпақтап, революция жасаймыз, көшеге шыққанда үнсіз қаламыз, өкінішке орай, осылайша екі жүзді болып барамыз.
Автор: Болат Атабаев, театр режиссері
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №41 (16227)   23 мамыр, сейсенбі 2017
23 мамыр 2017
Оңтүстіктегі үш аудан қайта құрыла ма?

Алдағы уақытта Шымкент қаласы Алматы, Астана сияқты облысқа бағынбайтын республикалық маңызы бар қала мәртебесін алуы мүмкін. Оңтүстік жұртшылығының аузында қазір, рас-өтірігі белгісіз, осындай сөз жүр. Мұның қаншалықты қисынды-қисынсыздығы туралы әңгіме өрбітпей-ақ қоялық. Дегенмен биыл Шымкенттің миллион тұрғыны бар қалаға айналатыны рас. Мұны жыл басында Шымкент қаласы әкімінің есебіне қатысқан өңір басшысы Жансейіт Түймебаев та, жуырда өңірге жасаған сапарында президент те айтқан болатын. Шымкенттің миллионыншы тұрғыны болу бақыты қай нәрестенің маңдайына жазылғанын, сәтін салса, жақында білетін боламыз. Біздің айтпағымыз басқа.
Жуық арада оңтүстікте жаңадан үш аудан құрылуы мүмкін. Жаңадан құрылуы мүмкін дегенімізбен, бұл аудандар бұған дейін де болған, сондықтан оларды қайта құрылады дегеніміз дұрыстау шығар. Әңгіме Мақтаарал мен Сарыағаш аудандарын бөлу туралы.
1997 жылы президенттің жарлығымен Мақтаарал, Асықата, Жетісай аудандары қосылып, іріленген Мақтаарал ауданы құрылғаны белгілі. Соңғы жылдары ауданды қайтадан үшке бөлу туралы мәселе көтеріліп, осы жөнінде хаттар мен талап-тілектер Астанаға дейін ағылып жатыр. Қайбір жылдары ауданға жасаған сапары барысында сол кездегі облыс басшысы Асқар Мырзахметовтің алдына осындай өтінішті ауданның депутаттары мен ақсақалдары айтқан еді. Бейбіт Атамқұловтың да бұған білек сыбана кірісіп, халықтың өтінішін арқалап, Астанаға арнайы барып қайтқаны айтылып жүрді. Ал биылғы қарқынға қарағанда, Мақтаарал жыл соңына дейін үшке бөлініп кететін сияқты. Бұл кімге тиімді? Бұдан ұтатын жағымыз қайсы, ұтылатын жағы қайсы?
Әрине, ұтылатын мемлекеттің қазынасы. Өйткені бір ауданның әкімінен бастап, әкімдіктің барлық штатын ұстап отыру, ғимарат тауып беру біраз шығынды қажет етеді. Бірақ бұл ақталатын шығын ба?
Мақтааралды үшке бөлуді жақтаушылардың айтуынша, үміт ақталады. Өйткені халқы өте тез көбейіп келе жатқан ауданды бір әкімдіктің басқаруы жылдан-жылға қиындап барады. Ауданды үшке бөлу әкімдіктің иығына түскен салмақты үш есеге азайтады. Мақтаарал ауданының әкімі Ғалым Исмаиловтың пікірі де осыған саяды.
– Мен бұл туралы әзірге ешқандай ресми мәлімет бере алмаймын. Ауданға осы жөнінде Астанадан комиссиялардың келіп-кетіп жүргені рас. Комиссияның жиындары жабық есік жағдайында өтіп жатыр. Сондықтан бұл туралы ештеңе айта алмаймын, – деді аудан әкімі. Дегенмен аудан әкімінің айтуынша, қазіргі уақытта Мақтааралда тұратын халықтың саны 300 мыңның төңірегінде. Бұл ресми мәлімет. Ресми емес мәлімет бойынша ауданда тұратын халықтың саны 350-360 мыңға жуықтайды. 360 мың дегеніңіз республикадағы кейбір облыстардың халқынан да көп.
Мақтааралмен бірге Сарыағаш ауданының құрамындағы бұрынғы Келес ауданына енші беру мәселесі де қозғала бастады. Бұл ауданға да соңғы кездері Астанадан комиссия келгіштеп жүргенге ұқсайды. Тарихи деректерге қарағанда, Келес ауданы 60-жылдардан бергі аралықта үш рет құрылып, үш рет Сарыағашқа қосылыпты. Соңғы рет ол 1997 жылы президенттің жарлығымен қайта қосылған. Ресми мәліметтер бойынша Сарыағашта қазір 317 мың халық тұрады.
– Сарыағаш соңғы жылдары қарқынды түрде дамып келе жатқан аудан болып саналады. Өзбекстанға жақын орналасқандықтан, біздің ауданның аумағына көшіп келіп жатқан оралмандар көп. Халық тығыз әрі шекара бойында орналасқандықтан, Сарыағаштағы әлеуметтік, қылмыстық жағдай да күрделірек. Халқының көптігіне қарамастан, әкімдіктегі қызметкерлердің саны өзге аудандармен шамалас. 40-50 мың тұратын ауданда да сол штат, ресми емес мәлімет бойынша тұрғындарының саны 340-350 мыңға жетіп қалған Сарыағашта да сол штат. Мақтаарал ауданынан бір ерекшелігі – Сарыағаш ауданының аумағы үлкен. Кейбір ауылдар аудан орталығынан 150 шақырым қашықтықта орналасқан, – дейді Сарыағаш ауданының әкімі Қайрат Әбдуәлиев.
Қысқасы, әкімдердің бұған қатысты пікірі осындай. Екі әкім де бөлінсе, ауданды басқарудың тиімді болатынын құптап отыр. Алайда ауданды қайта бөлу әкімдердің құзырындағы шаруа еместігі бесенеден белгілі. Бұл тек Ақордада шешіледі. Ал Ақорданың бұл мәселені жұртқа жарияламай, жабық есік жағдайында талқылап отырғанында не гәп бар?

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ
Оңтүстік Қазақстан облысы

 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті