1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №41 (16227)   23 мамыр, сейсенбі 2017
23 мамыр 2017
Әкімнің орынбасарын ел жақсы танымайды

Қазір Шығыс Қазақстан облысында кадрлық дағдарыс қатты белең алып тұрғандай. Бірнеше ауданның әкімдері әлі күнге дейін тағайындалған жоқ. Облыс әкімі Даниал Ахметов Бесқарағай мен Көкпекті аудандарына лайықты басшы іздеп басы қатып жүргенде, Өскемен қаласының әкімі өз өтінішімен отставкаға кетті. Білдей облыс орталығының басшысыз қалғаны қайбір жақсы дейсіз, өйткені Ерлан Аймұқашев бұл қызметке өткен жылдың сәуір айында ғана тағайындалған болатын. Бір жыл ішінде әкімнің көзге көрінетін іс тындыра алмағанына өкпелі өскемендіктер оның қызметінен кеткенін салқын қабылдады. Негізінде, Павлодар облысының тумасы Аймұқашев қызметінен кету себебін әкесінің денсаулығы сыр беруімен байланыстырды.
Бұрын Зайсан ауданын басқарған Алмас Оңдақановтың облыс әкімінің аппарат жетекшісі қызметіне жоғарылағанына жыл өте қойған жоқ еді. Таяуда ол Курчатов қаласының әкімі болып тағайындалды. Енді облыс әкімі аппарат басшысының орны бос тұр. Ал Курчатовтың әкімі болған Н.Нұрғалиевтің Астана асып, «ҚазМұнайГазға» бет түзеген жайы бар.
Жалпы, жыл басынан бері шығыста басшысыз жұмыс істей беру мемлекеттік құзырлы органдардың әдетіне айналса, орынбасарларының орнынан қозғалмайтын тағы бір қызығы бар.
Мәселен, жыл басында облыс әкімінің идеология жөніндегі орынбасары болып тағайындалған Әсем Нүсіпованы ел әлі жақсы танымайды. Өйткені жұрттың көзіне көп түспейді. Расы керек, бұрын осы қызметті атқарған, бүгінгі күнде Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметіне ауысқан Жақсылық Омар ел ішін жиі аралайтын. Ықпалы қандай болғанында шаруамыз шамалы, бірақ жергілікті жұрт Жақсылық Омар деген облыс әкімінің орынбасары болғанын жақсы біліп қалды.
Ал президент әкімшілігінің бас сарапшысы, сектор меңгерушісі, қаржы министрінің кеңесшісі, премьер-министр кеңсесінің бөлім меңгерушісі, денсаулық сақтау вице-министрі сияқты жоғары лауазымдарды артқа тастаған Әсем Нүсіпова деген облыс әкімінің орынбасары барын жергілікті атқарушы биліктің өкілдері білмесе, былайғы жұрт оның кім екенін жыға танымайтыны шындық. Облыстағы халық үшін ең маңызды салаларға жауап беретін орынбасардың не үшін әлі күнге дейін орнында «омалып отырғаны» түсініксіз. Үлкен көлемде шара өткізбек болған бір аудан әкімдігінің арнайы шақыру жібергенін де елең қылмаған Әсем ханымның «шақырғанға бармасаң, шақыруға зар боласың» деген қазақы мәтелді білмейтін болғаны ғой. Білмеуі де әбден мүмкін. Өйткені оның өз ана тіліне шорқақ, орысша мен ағылшыншаға жорға шенеунік екенін ескерсек, қазағы көп қоныстанған қалаға да, өзге ұлт өкілдері өріп жүретін (орысша сөйлеуіне жақсы) өңірге де өз қалауымен баруға құлқы жоқ сияқты. Осындайда «Орнымнан тұрсам, біреу кеп орныма отырып ала ма?» деп қорқамын» дейтін «Алдараспан» театрының әзілі де еске түседі.
Елге көрінуден «ұялатын» мұндай «ерке» орынбасарының барын соңғы кезде Даниал Ахметовтің өзі де ұмытып кеткен сияқты. Аудандарды аралауға көбіне өзі шығатындықтан, орынбасары жауап беруге тиісті салаларға қатысты мәселенің байламын да өзі айтып кетеді. Осы тұста бір айтар жайт, облыс әкімінің әлеумет, денсаулық және идеология жөніндегі орынбасары қызметіне өңірдің ерекшеліктерін жетік білетін жергілікті атқамінердің тағайындалғаны жөн емес пе? Әрі ол кем дегенде бөлім, департамент басшысы сияқты сатылардан өтіп барып жоғарыласа ешкімнің дауы жоқ еді. Өйткені шығыстың тынысын сезіне алатын, ел ішінде еңбек етіп ысылған бірқатар шенеуніктер қазір облыстық әкімдікте бар екені де рас. Д.Ахметовтің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары, екі ауданның әкімі қызметін атқарған «дөкей» Д.Мусиннің қай ауданға барса да, әкімдерінің осал тұсын байқап қалса, жұрттың алдында тұрғызып қойып тұқыртып кететінін де көргенбіз.
Президент жариялаған рухани жаңғырудың жай-жапсарын түсіндіруге өзге атқамінерлерден бірінші болып көзге түсуге тиіс сәтте де Әсем Нүсіпова тым-тырыс қалды. Бәлкім, үкіметтің «Бармасаң, көрмесең жат боласың», ауыл-аймаққа шығып қайтсаңшы» деген нұсқауын күтіп отыр ма екен?..

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ
Шығыс Қазақстан облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті