1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазіргі адамдар «бірің өліп, бірің қал» дегенді мықтап ұстанып алған. Өйткені адамдар ешкімге сенбейді, сенейін десе есітетін әңгімелерінің бәрі өтірік. Сондықтан бәріміз ас үйде отырып, үстелді тоқпақтап, революция жасаймыз, көшеге шыққанда үнсіз қаламыз, өкінішке орай, осылайша екі жүзді болып барамыз.
Автор: Болат Атабаев, театр режиссері
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №52 (16238)   30 маусым, жұма 2017
30 маусым 2017
Тұздыкөл туристік нысанға айналса...

Кәсіпке айналдырып, дөңгеленте білген елдер үшін туризм – нағыз табыс көзі. Осы тұрғыдан қарағанда, бір кездері Қазақ хандығының астанасы қоныс тепкен Сарайшығымен, Исатай-Махамбет шайқасы болған Нарын құмымен, кең Жылыой өлкесімен, басқа да өңірлерімен танымал Атырау жерінде маңызды кластер саналатын туризмді дамытуға мол мүмкіндік бар.
Алайда облыстағы қолға алуды сұрап-ақ тұрған осындай нысанның бірі – Индердегі тұзды көл аумағы әлі күнге дейін туристік кешен ретінде қалыптаспай тұр. Жалпы, Индер ауданы өзінің қазба байлықтарымен мақтана алатын бірден-бір аудан десе болғандай, мұнда Менделеев кестесіндегі барлық элементтердің кездесетіні әлдеқашан дәлелденген дерек. Ал ол жердегі тұзды көлдің балшығына жаз шығысымен Атыраудың ғана емес, алыс-жақын аймақтардың да адамдары келіп, шомылып, емделіп жатады. Құнтсыздығымыздан ба екен, осы Индер көлінің жартысындай ғана аумақты алып жатқан Ресейдегі Соль-Илецк курортының атағы жер жаратын болса, құрамы, ағзаға пайдасы жағынан одан еш кем түспейтін Тұздыкөлдің басында келімді-кетімді кісілерге көрсетілетін бірде-бір қызмет түрі жоқ. Келетіндер қатары, әсіресе, алдағы шілде-тамыз айларында күрт артады.
Бұған дейін Жамбыл Дәуітәлиев, Дулат Алпамысов сияқты кәсіпкерлер Индердің тұзды көлі жағасынан әрқайсысы бір гектардай жер алып, палаткалар тігіп, шипажай салуға қарекеттер жасаған-ды. Осылайша азды-көпті қозғалыс байқалғанымен, тұтынушыларға сервистік қызмет көрсететіндей деңгейге әлі қолымыз жеткен жоқ. Мұның аз қаражат тұрмайтыны көрер көзге де байқалып тұр: арнайы бағыт ұйымдастырылмаған, жол жоқ, жарық, жылу сияқты коммуникациялық игіліктер жүргізілмеген. Күндердің бір күні ондай күнге де жетерміз деп өзімізді жұбатқанымызбен, шипалы көлдің бүгінгі халі көңіл көншітпейді.
Ал суының 75 пайызын натрий хлоры, 7 пайызын калий, магний, бром, басқа да элементтер құрайтын Тұздыкөлдің тұзды балшығын халық тері, буын, әйелдер мен ерлердің ауруларын емдеп-жазуға пайдаланып келеді. Атыраудағы №7 емхананың бас дәрігері Ғазиз Есқали жыл сайын «жаздыгүні шілде болғанда» Тұздыкөлдің басына бір барып қайтады екен.
–Тұз көлінің ревматизм, остеохондроз, полиартрит, невроз, тері ауруларынан зардап шегетіндерге пайдасы мол. Дегенмен қан қысымы жоғары, бұрын-соңды жүрек талмасы ұстаған, бауыр, бүйрек дертіне шалдыққан жандар үшін бұл процедура қауіпті болуы да мүмкін. Сондай-ақ көлден 300 метр тереңдіктегі тұзды шахта тыныс жолы ауруларына сеп болуы ықтимал. Шахтада жүргізілген бактериологиялық зерттеулер онда ешқандай ауру тарататын микробтардың тіршілік ете алмайтынын және ауасы операция жасалатын блоктағымен бірдей екендігін көрсетті. Қалай болғанда да, Тұздыкөлге түспей тұрып, дәрігерлік тексеруден өтіп алған артық етпейді, – дейді ол.
Бұдан басқа, Индердегі тұзды көл маңайынан батыр Махамбеттің, би Малайсарының, ақын Мұраттың бейіт-мазарларына баруға, ежелгі Ханшапқан ауылының орнын аралап көруге болады. Бала көтере алмай жүрген жас келіншектер, әдетте, Тұздыкөлден бұрын, Қыз әулие бейітіне барып, тәу етіп келеді.
Рас-өтірігін қайдам, «бұл жерді қытайлар сұрап отыр екен, инвестиция тартпақ екен-мыс» деген әңгіме желдей еседі. Жұртшылық мұндай жағдайда тұзды көлдің бағы жанып жүре беруі мүмкін екендігін түйсінгенімен, шетелдік қаржы көзіне күмәндана қарайтындай. Өкінішке қарай, әзірге дертіне дауа іздеп, Дендердің сұлу табиғатын тамашалауды ниет етіп келушілер ас-суын, төсенішін арқалай келіп, көліктеріне түнеп, берекелері қашып-ақ жүр.

Құралай ҚУАТОВА
Атырау облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті