1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Баян-Өлгийдегі қазақ отбасын Қазақстанда шығатын мерзімді басылыммен қамтамасыз ету, Ұланбатыр маңайына қазақ теледидарын қосып беру, меніңше, Қазақстанның қолынан келеді. Тіпті, өзге емес, түріктердің өзі Күлтегін мен Білге қағанға арнап керемет Орхон музейін салыпты. Бізді қатты таңқалдырды. Бірақ, біздің шеттегі қазақ диаспорасына көмектесуге ынтамыз аз.
Автор: Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №56 (16242)   13 шілде, бейсенбі 2017
13 шілде 2017
Жаңақорған Сахараға айналмасын!

ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІ Н.НАЗАРБАЕВТЫҢ НАЗАРЫНА!
Ырысы мен берекесі тасып, мыңғырған мал бағып, күріш егіп, бірлік пен татулықта өмір сүріп отырған Қызылорда облысы Жаңақорған тұрғындарының тағдыры тәлкекке түскелі тұр. Оның себебі – Жаңақорғанның іргесіндегі Шалқия кен орнына қажетті суға тіреледі. Сонау совет заманында Шалқия кен орнынан (Қаратау қойнауынан) алынған құрамында алтын, мырыш, қорғасын, тағы да басқасы бар кендерді пойызбен 140 шақырым жердегі Кентау қаласына алып барып жуатын. Себебі Шалқияда кен жуатын су жоқ еді. Совет Одағы қалай құлады – Шалқияның жұмысы да солай тоқтаған. Бірақ осы кен орнын қайтадан іске қосу үшін мемлекет пен жергілікті бюджеттен он миллиардтаған қаржы бөлінгенімен, кеніш жұмысы іске қосылмай келеді. Енді, міне, 2017 жылдан бастап кеніш басшылары «Шалқиядағы өндіріске қажетті суды Жаңақорған кентінің астындағы жерасты «Алты крант» ауызсу бассейнінен алмасақ болмайды» дегенді шығарып, әрекеттене бастады. Совет дәуірі мен тәуелсіздік таңында жасалған жобаларда Шалқия өндірісіне тәулігіне 20 мың текше метр су (400 вагон-цистерна) керек деп көрсетілген және ол Сырдария өзенінен алынатын болып бекітілген. Қазір Шалқия кенішінің басшылары осы қажетті суды етектегі Сырдариядан емес, Жаңақорғанның астындағы жерасты су бассейнінен алмақ. Бірақ бұл ниеттері, бастамалары Су кодексіне мүлдем қайшы. Себебі Су кодексінде «тұрғындар тұтынатын ауызсуды өндірістік мақсатқа алуға мүлдем болмайды» деп анық жазылған. Кент тұрғындары «Алты крант» атты жерасты су бассейнінен, совет дәуірінде гидрогеологиялық барлау мақсатында қазылған сегіз ұңғыманың екеуінен ағып тұрған суды пайдаланып отыр. Есік алдындағы бау-бақша, жеміс-жидектерге қажетті су тереңдігі 10-20 метр боларлық құдық, скважиналардан алынады. Жаңақорған тұрғындары тұтынып отырған жерасты суынан енді Шалқия кенішіне өндірістік мақсатқа 70-160 метр тереңдіктен тәулігіне 20 мың текше метр су сорылса, жер бетіне жақын су төменге ағып, жұрт су алып отырған құдық, ұңғыма атаулы құрғап, жасыл желек қурап кететіні, оның соңы халық тағдырына қатер төндіретіні кеніш басшыларын неге ойландырмайды? Осы сұрақты халық кеніш басшыларына 2016 жылдың басында болған кездесуде ашық қойған еді. Кеніш жетекшісі Т.Сұлтанбеков Жаңақорғандағы құдық, ұңғыма сулары Сырдария өзенінің ыза суы (верховодка) болғандықтан, 70-160 метр тереңдіктегі жерасты бассейн суының күрт төмендеуі құдық, ұңғымалардың құрғап кетпеуіне әсер етпейді дегенімен, нақты кепілдеме бере алмады. Оның бұл сөзіне біздің де дәлеліміз бар: Сырдария өзенінің деңгейі Жаңақорған халқы орналасқан жер деңгейімен салыстырғанда 30-40 метр төменде жатыр. Судың жоғары қарай ақпайтыны кімге болса да аян. Демек, халық күн көріп отырған құдықтағы, ұңғымадағы ауызсу аяқ су.
Бұл ғасырлар бойы Қаратау сілемдерінен бас алған Ақ үйік өзенінің суы екені ғылыми деректер мен әдебиетте жазылған, дәлелденген. Тіптен Ақ үйік өзенінің суы мен «Алты крант» суын салыстырсаңыз да, солай болып шығады. Оған «Алты крант» суын ауызсу ретінде ішіп отырған Жаңақорған халқы атынан куәлік бере аламыз. Бұған қанағат тұтпаса, қосымша дәлел айтайық. 2007 жылы кеніш маңайынан үш ұңғыма қазып, үш айдай тәулігіне 5000 текше метр су сорғанда қасымыздағы Құттықожа елді мекенінің құдықтары құрғап қалып, Құттықожа бұлағының деңгейі түсіп кеткенін бүкіл ауыл тұрғындары біледі, сол кездегі әкім Т.Иматаев, маман С.Жүсіпбековтер куәгер. Терістеуге келмейтін тағы бір қисынды қиыстыра кетейік, осыдан 10 жыл бұрын Жаңақорғанның қасынан қышқыл (кислота) өндіретін зауыт ашылды. Қышқыл болмаса, жер астынан уран алынбайды. Ал су болмаса, қышқыл зауытының жұмысы жүрмейтіні белгілі. Міне, осы уран өндірісіне аса қажетті қышқыл зауытын салған сәтте басшылары «Алты крант» жерасты су бассейніне көз тігіп, одан тәулігіне 10 мың текше метр су алмақшы болған еді. Сондағы ұлы айқайды ел ұмыта қойған жоқ. Сол кездегі облыс әкімі Б.Қуандықов, аудан басшысы А.Нәлібаев, депутат Қ.Ыдырысов, С.Сүлейменовтер елдің сөзін сөйлеп, жұрттың алдында жүріп қышқыл зауытына жерасты бассейнінен бір тамшы су бергізбеді.
Қазір тәулігіне мың жарым тонна қышқыл өндіретін зауыт өндірістік суды Сырдария өзенінің жағасынан сегіз ұңғыма қазып, 10 мың текше метр суын содан алып, жұмысын істеп отыр. Осы жерде заңды сұрақ туындайды: Шалқия кеніші де өзіне қажетті өндірістік суды қышқыл зауыты сияқты бес шақырым жердегі Сырдариядан неге тасымайды? Енді «Алты крант» жерасты суынан тәулігіне 10 мың емес, 20 мың текше метр су алынатын болса, Жаңақорған көп ұзамай көк шықпайтын, жасыл желек өспейтін, көгеріш көрмейтін құмды Сахараға айналмасына кім кепіл? Біздің қолымыздағы мәлімет бойынша, «Алты крант» бассейнінен тәулігіне 20 мың текше метр су алынса, ондағы су қоры ары кеткенде 10 жылға ғана жетуі мүмкін. Одан кейін не болмақ? «Жерасты бассейнінен су алудың қаупі жоқ» дегендер атақты академик Қаныш Сәтбаевтың жолына қараса дейміз. Совет кезінде, 1960 жылдары Жезқазған мыс комбинатын салған кезде жер астынан су алып, кен жуу мәселесі Мәскеуде Одақ ғалымдары алдында талқыланады. Сонда сол кездегі Қазақстан Ғылым академиясының басшысы Қ. Сәтбаев жерасты суын өндіріске пайдаланған жағдайда Жезқазған өлкесі экологиялық, экономикалық апат аймағына айналатынын дәлелдеп, қауіпті бастамаға тоқтау салған екен. Содан кейін ғана суын 200 метр биікке көтерген Ертіс-Қарағанды каналы салынған.
Демек, 30 мың халық тұратын Жаңақорған кентінің астындағы ауызсу қорына көз тігіп, халық тағдырын тығырыққа тіреу не керек? Қарапайым халыққа дәлелсіз, кепілсіз уәделермен кереметтер туралы жазылған қаулыларға қол қойдыруға неге шеберміз? Мәселен, аудандық газетте жарияланған қоғамдық тыңдаудың тақырыбы мен қабылданған қаулының мазмұны екі түрлі. Қаулыға қол қойған 23 адамның төрт-бесеуі қолтаңба өзінікі еместігін айтып отырса (А.Абдрейімов, М.Ашимов, З.Шермағанбетов), қалған 18 адам кентте тұрмайды. Керісінше, жиынға қатысқан Қазақстанның құрметті құрылысшысы, зейнеткер С.Тоқымов жобалау-сметалық құжаттарымен танысып, жобаның кеңес дәуіріндегі нұсқасы сақталғанын көріп, өндіріске қажетті суды Сырдария өзенінен алу жобаланған нұсқасын көшіріп алған. С.Тоқымов 75 жасының 30 жылын Шалқия кенішінде ПТО-ның басшысы болып істегендіктен, бұл әрекеттен, кент астынан тәулігіне 20 мың текше метр су алғанда апат болуы әбден мүмкін деп отыр. Дәлелдеуді қажет етпейтін тарихи шындыққа жүгінсек, Жаңақорған кенті астындағы ауызсу көлі бастауын Қаратау сілемдерінен алатын Ақ үйік, Домбы, Құттықожа сияқты өзендерден алады. Бұл көлден тәулігіне 20 мың текше метр су алынатын болса, жер бетіндегі өсімдік пен көгеріш қурап, топырақ шаңға айналып, жер астында 70-160 метр тереңдікте үлкен апан пайда болуы әбден мүмкін. Кеніш басшылары мен мамандарының «Алты крант» жерасты суы ішуге жарамсыз» деуі жалған сөз. Себебі ғасыр бойы жұмыс істеп тұрған Жаңақорған шипажайы дәл осы жерасты бассейнінен 70 метр тереңдіктен тәулігіне 400 текше метр ауызсу алып ішіп отыр ғой.
Қысқасын айтқанда, Шалқия кенішінен жылына өндірілетін 2 млн тонна кенді жууға кент астындағы ауызсу қорын пайдаланбай, сол суды алу үшін қазылатын 14 скважинаның 4-5-еуінің құны ғана кететін төрт шақырым жердегі Сырдария өзенінен құбыр салса, ел көңілі тынышталар еді. Президент Н.Назарбаев, үкімет жетекшісі Б.Сағынтаев, облыс басшылары осы өтінішімізге құлақ асып, Шалқия кеніші басшыларына елдің сөзі мен уәжін жеткізсе дейміз. Әйтпесе 40 мыңдай тұрғын дала кезіп кетіп, гүлстандай жайқалып тұрған Жаңақорған көп ұзамай Сахараға айналуы әбден мүмкін.

Ануарбеков Анарбек
Тоқымов Сабырқан (құрметті құрылысшылар)
Әуезбек Айдар
Әсет Рүстемов
Төребаев Тасболат
Ажибеков Абибулла (еңбек ардагерлері) және басқалар.
Барлығы 20 адам қол қойған.

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Манарбек | 15 шілде 2017 22:38
Өте дұрыс айтылып отыр.Мұндай пікірге құлақ аспаса біздің ел басшыларының атқарған жұмыстары кімге керек.Мұнан артық қандай дәлел керек жоғарыдағыларға.Кеш болмай тұрғанда барлығын қайта електен өткізіп жоғарыда аталған көпті көрген ағаларымыздың пікірін тыңдау керек
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті