1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Еш уақытта қазақ... қазақ мемлекет болған жоқ, себебі шекарасы болған жоқ».  --- «Қытай Халық Республикасы рапс пен соя секілді жемшөп дақылдарын егу үшін бізден 1 млн. га жер сұрап отыр».
«Азаттық» радиосы
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №57 (16243)   22 шілде, сенбі 2017
22 шілде 2017
Жылқының қырылуына шегіртке “жырының” қатысы бар ма?

Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы Көделі жайлауын жағалай қонған жұртты бір қырсық шыр айналдырып тұр. Бір аптадан бері жайлаудың шетіне тұяғы тиген малдар сеспей қатып, қырылып жатыр. Мамыр-маусым айлары аралығында осы Көделіде үйірлі шегіртке қаптап кетіп, жергілікті тұрғындардың берекесі кеткен еді. Сол сәттері ауыл шаруашылығы министрлігінің Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясы дер кезінде зиянкестерден арылту жұмыстары қолға алынғанын, шаруаларға алаңдауға ешқандай негіз жоқ екенін ресми басылымдарда жариялап жатты.

Ал, шындығына келгенде, Байзақ ауданының тұрғындары, анығын айтқанда Көптерек, Түймекент, Бурыл, Темірбек, Ынтымақ және Сазтерек ауылдық округтерінде аудан әкімдігінің өтінішімен жедел штаб құрылып, жүз шақты жігіт жалаң қолмен шегірткеге қарсы майданды еріксіз бастап жатқан еді. Еріксіз дейтін себебіміз – негізі, шегірткені улау жұмысы ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің құзырында. Ал осы комитет зиянкестерге қарсы өңделуі тиіс алқаптарға тендерді кешігіп өткізген. Ал тендерден жеңіп келгендердің зиянкестерге қарсы себетін дәрілері сапасыз болғандықтан, таңертең дәріленген алқаптарға зиянкестер ертесі күні қайта оралып алған. Міне, осындай сорақылықты көзімен көрген жергілікті тұрғындар жалаң қолмен шегірткеге қарсы майданға шықты.
Олардың осы жанкешті күресін газетімізге жазған соң, кездейсоқтық па, әлде сәті солай болды ма, өңірдегі үйірлі шегіртке қаптаған алқаптардағы қайта өңдеу жұмысымен танысуға Жамбылға келген ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Ержан Айнабеков премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтің «тәжірибеге сүйенетін уақыт жоқ, қайткен күнде де барлық мүмкіндікті қолданып шегірткені қырып-жойыңдар» деп шегелеп тапсырғанын жеткізген еді. Сол-ақ екен, бұйрықты орындаушылар зиянкестер қаптаған алқаптарға шекті мөлшерден екі-үш есе көп улы препараттар шашып, әйтеуір, шегірткені жоюдың қамына кірісіп кеткен болатын. Сол кезде алқап басында шенеуніктердің бірі «мұншама көп мөлшермен жылқының өзін сеспей қатыруға болады ғой» деп әзілдеп еді...
Әзіл емес екен, Айнабековтер шаруасын бітіріп, Астанаға кеткеннен кейін көп ұзамай Көделіде жайылған малдың алды қырыла бастаған. Қолда бар дерекке қарағанда, Байзақ ауданында екі аптаның ішінде 11 бас жылқы өлген. Шығынға батқан шаруалар оның себебін шегірткеге қарсы себілген дәрі-дәрмектен көріп отыр. Өйткені Көделі жайлауын дәрілеп кеткеннен кейін малдары шетінен сұлай бастаған.

Жұпаркүл ӘЛІМБЕТОВА, Кеңес ауылының тұрғыны, «Тәти» шаруа қожалығының басшысы:
– Мал бағып келе жатқаныма қырық жылдан асты. Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. Көделіде шегірткеге қарсы дәрі-дәрмек сеуіп жүргендерді көргенбіз. Бізге олар малға зиян екенін айтқан жоқ. Егер ескерткен болса, ол жерге мал шығармас едік қой. Айналасы он шақты күннің ішінде 7 бие, 1 байтал, 1 құлын, 1 сиырымыз осы белгісіз аурудан өлді. Қарындары теңкиіп келді жайлаудан, содан кейін не шөп жемейді, не су ішпейді. Сойғанда көрдік, ішінен небір ішектер шықты шұбатылып. Ұлым қалаға сараптамаға апарса, «малдың өлген уақытынан 3 сағат асып кетіпті, жарамайды» деп қайтарыпты. Содан келесі бие өлгенде тағы апардық. Одан «сол жайлаудан шөп әкеліңдер» деді. «Жазған құлда шаршау жоқ» деген, айтқандарының бәрін істедік. Олардың экспертизадан өткізу үшін 40 мың теңге сұрағаны жығылғанға жұдырық болды. Үкімет мұндай жағдайда қайта өтемақы беру керек емес пе?
Кеңес ауылында малдары арам өлген жалғыз Жұпаркүл апа емес. Көршісі Сейсенбай Қотанбаевтың да бетіне қарап отырған төрт жылқысының екеуі арам өлген. «Өткен сейсенбі күні экспертизаға қанын тапсырғанбыз. Нәтижесі әлі жоқ», – деп ашуға булығады Сейсенбай.
Бұл ауылда Рәсілбек Абдамбаев, Серік Алашбаевтардың да жылқылары арам өлген. Малдарының уланып өлуі себепті еті де жарамсыз. «Өзіміз жемегеннен кейін, колбаса жасайтын цехтарға апарып өткізуге Құдайдан қорқамыз», – дейді тұрғындар.
Әулиеатада шегірткелер шеруі басталып, олармен күрес басталғанда Жамбыл ауданы Қаракемер ауылдық округінің әкімі Ердос Бисенов ауылында екі сиырдың ауырғанын сөз етіп, мал иелері сиырларының ауру салдарын «дәріленген алқапта жайылғаны себеп болды ма?» деген күдіктері барын айтқан болатын. Сол кезде оған мамандар өзге облыстарда ондай жағдай тіркелмегенін айтып, арқаны кеңге салған еді. Енді, міне, шегірткені қырамыз деп алқаптарға артық мөлшерде улы препараттар шашудың соңы малдар уланып, аурудың үстіне ауру жамап жатқандай... Қалай десек те, ауыл шаруашылығы министрлігінің шалағай жұмысы жергілікті тұрғындардың қабырғасына батып тұрғандай.
Осы мәселе бойынша ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Ержан Айнабековке хабарласып, мән-жайды білмек болған едік. Алайда онымен тілдесу мүмкін болмады. Ал ауыл шаруашылығы министрлігінің қоғаммен байланыс департаменті директорының міндетін атқарушы Жасұлан Әбдіхалық аталған мәселе бойынша Жамбыл облысындағы тиісті сала басшысы жауап беруі керек екенін жеткізді. Ал ауыл шаруашылығы министрлігінің Жамбыл облыстық инспекциясының басшысы Нұрби Жігітековтің жауабы төмендегідей болды:
– Мен сізге 100 пайыз кепілдік беремін. Бұл дәріден емес. Малдың улы химикаттардан өлмейтіні ғылыми дәлелденген. Бұрыннан мұндай препараттарды қолданып келе жатқан үкімет ақымақ емес қой. Олардың малға ешқандай зияны жоқ. Ол дәрінің себілгеніне бір жарым айдан асты. Олар еш негізсіз солай айтып отыр, себебі сауатсыздық. Неден екенін білмейді. Себептері мүлдем басқаша болуы мүмкін. Қазір өлген малдар зертханаға тексерілуге берілді. Сол жерде нақты диагноз қойылады. Бірақ мен нақты айтайын – дәрінің бұл жерде еш қатысы жоқ. Себебі дәріні сепкеннен кейін 3-4 күннен соң оның әсері кетіп қалады. Оның үстіне сепкен кезде ауыл әкімдеріне «малды мына жерлерге жолатпаңыздар» деп ескертпе береміз. Ал 3-4 күннен кейін мал еркін жайыла береді. Әйтеуір, бір жерге тиісу керек қой. Үкімет ақша төлеп береді деп ойлайтын шығар. Ал малдың өлуі бір ветеринарлық себептен, мысалы, мал вирусынан болуы мүмкін. Жуырда сараптама қорытындысы шығады, егер бір инфекция болса, үкіметтің тарапынан шығын өтеледі.
Міне, «халықты сауатсыз» көретін, «үкіметті ақымақ емес» деп санайтын ауыл шаруашылығы министрлігінің Жамбыл облыстық инспекциясының басшысы Нұрби Жігітеков «әйтеуір, бір жерге тиісу керек қой» деп шығынға батқан жұртты кінәлайды. Одан гөрі облыстық ветеринария басқармасының басшысы Оспан Бердияровтың сөзі түзу сияқты: «Бұл, бірден айтайын, жұқпалы емес. Шөптен болуы мүмкін. «Шегірткеге дәрі шашыпты» деп жатыр, одан да болуы ықтимал. Қазір тексеріліп жатыр, анық-қанығы сол кезде белгілі болады», – дейді.
Қалай десек те, шаруалар «шегірткеден кейін шығын болдық» деп шырылдайды. Ал басшылар шегірткеге шаң жуытпай отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жамбыл облыстық инспекциясының басшысы Нұрби Жігітековтің «100 пайыз кепілдік беремін» деп күні бұрын толық сеніммен айтып отырғанына қарағанда, алдағы уақытта сараптама нәтижесі шегірткені айналып өтіп кететін сияқты. Дегенмен қазіргі заманда бір малдың шығын болуының өзі отбасыға қандай салмақ түсіретінін түсінген басшы бар ма? Бір жылқының құны 300-350 мың теңге тұратын болса, айдың күні аманда бірнеше жылқысынан айырылған отбасы қандай шығынға батқанын өзіңіз-ақ пайымдай беріңіз... Оның үстіне осы елдімекендегі тұрғындардың айналдырған екі-үш айдың ішінде шегіртке шеруінен және мал қырылуынан зардап шегіп жатқаны ауылшаруашылығы министрлігінің шалағай ісінің айқын көрінісі емес пе?!

Нұрболат ӘЛДИБЕК
Жамбыл облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар