1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
  “Шымбұлақ” тау шаңғысы курортының 25% Н.Назарбаевтың меншiгiнде. Мәселен, Болат Назарбаев “Шымбұлақта” екi үйi болғанын қалады. Мұнымен курорт басшысы Сергей Гитолов келiс­пептi. Сонда оның басына тапаншасын тақаған президент­тiң iнiсi: “Қазiр сенi жайратып салу маған түкке тұрмайды. Бұл үшiн маған ештеңе болмайды“ деген.  “Шымбұлақтағы” үйлердің иелері: Н. Назарбаев, Б. Назарбаев,  Д. Назарбаева, Ә. Назарбаева, Т. Құлыбаев, К. Мәсімов, И. Тасмағамбетов, Қ.Саудабаев, Н. Әбіқаев, А. Шабдарбаев, Б. Мұхамеджанов, Н. Сұбханбердин, Т. Досмұхамбетов, Б.  Өтемұратов, С. Қалмырзаев, А. Есімов, Д. Ахметов, А. Машкевич, П. Шодиев, Ә. Ибрагимов, С. Гиталов, Ә.Арғынғазин, А. Клебанов, В. Храпунов.
Автор: Виктор Храпунов, Алматы қаласының бұрынғы әкімі. “Республика” газетi. 03.10.2011ж.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №62 (16248)   8 тамыз, сейсенбі 2017
8 тамыз 2017
Атырау қос атаудан құтыла алмай тұр

Кезінде онамастикалық комиссияның оңды-солды шығарған шешімдері қазір Атыраудың тұрғындары мен қонақтарының басын қатырып тұрғандай. Өйткені көпшілікке беймәлім тұлғалардың атындағы көшелер мен жер-су атаулары Атырауда қаптап тұр.
Мәселен, 2011-2012 жылдары қалалық әкімшілік пен мәслихаттың шешімімен 570 көшенің атауы өзгеріпті. Сөйтіп, «Заболотная», «22 партсъезд», «Революция», «Қызыл әскер», «Новостройка» деген атаулар келмеске кетіп, олардың орнына Жәңгір хан, Балуан Шолақ, Кенен Әзірбаев, Қорқыт ата, Жәнібек хан атындағы көшелер пайда болып, көпті қуантты. Сол сияқты облыс орталығындағы 42 көшеге Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан ардагерлердің есімдері берілді. Амал не, жаңа атаулардың бәрі бірдей халықтың қолайына жағып тұрған жоқ. Көше мен жердің атын иеленсе де, көп ешкім танып-біле бермейтін кейбіреулер қолында билігі немесе басында байлығы бар әлдекімдердің әкесі, атасы немесе бауыры болып шығатыны рас.
Ономастикадағы осындай алалықтан кейін көше, жер атауларын ауыстыруға тыйым салынып, мораторий жарияланды. Облыстық ономастика комиссиясының мүшесі Өтепберген Әлімгереевтің айтуынша, қазіргі күні мораторий толық алынбағанымен, Ұлы Жеңістің айтулы мерейтойлары қарсаңында батыр аталарымыздың есімдерін ұлықтауға рұқсат етілген. Жалпы, қазір жер-суларға адам атын бергеннен гөрі ертедегі атауларын қайтару үрдіске айналып жатыр екен. Ілуде бір жағдайларда ел-жұртын мойындатқан, еңбегі сіңген, танымал тұлғалардың ғана есімдері беріліп қалуы мүмкін.
Облыстағы ардагер журналист Төлеген Берішбай: «Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, ерлігімен көзге түскен ардагерлерге көше атауын бергенді түсінуге болады. Ал Ауғанстан соғысы мен Тәжікстан қақтығыстарына қатысқан «ардагерлердің» есімдерін көшелерге тықпалағанды қою керек. Олардың саны тіпті көп, әрқайсысы бір-бір көшені иелене берсе не болмақ?!» – дейді. Ғалым Қадыр Жүсіп, Ахмет Аққалилардың ойынща, Алашорда қозғалысын елеусіз қалдыруға болмайды. Олар Алаштың 100 жылдығына және алашордашылардың құрметіне бірнеше көшенің атауын өзгертуді сұрап отыр.
Қазір Атырау қаласында 417 көшеде атау жоқ. Керісінше, бірқатар көшелер мен әлеуметтік нысандар бір атауға «мінгесіп» отыр. Мәселен, Геолог поселкесі мен «Авангард» ықшамауданындағы мектеп Сәтпаев атында. Исатай Тайманұлы мен Сырым Датов атындағы білім мекемелері де қос-қостан кездеседі.
Бұған дейін Атырау қаласында көшелер мен мекемелердің қайталанатын атауларының көптігі таңғалдыратын. Оның себебі мынада: қазір шаһарға қосылған Балықшы поселкелік округі бұрын өз алдына бөлек аудан болатын. Аудан орталығында өзінің Абай атындағы мектебі мен көшесі болды. Қала басшылығы кейін оларды біразға дейін ауыстырмай, атаулар қосарланып жүре берген-ді. Былтыр Балықшыдағы Абай атындағы орта мектептің атауы ауысып, оған Бөкей ордасында қызмет еткен ағартушы, қоғам қайраткері Мақаш Бекмұхамбетовтің есімі берілгенде бір дау болды. Мән-жайды бұрыс түсінген басылымның бірі «Атырау Абай атамыздан бас тартып жатыр» деп бүкіл елді шулатты.
Мұндай жағдайлар облыс орталығындағы атауларға қатысты айна-қатесіз қайталанады. Мәселен, Есбол би атындағы ауыл екеу. Біреуі Махамбет, біреуі Индер ауданына қарайды. Өлкетанушы-ғалым Өтепберген Әлімгереев тарихи тұрғыдан Есбол бидің туып-өскен жері саналатын Махамбеттегі ауылға осы атауды қалдыру әділірек деп санайды. Алайда 2007 жылы Индер ауданындағы Кулагино селосына Есбол есімі беріліп кетті.
Кейде жер-су атауларын қайтаруда көпе-көрінеу бұрмалаушылықтар кездесіп қалады. Көнекөз ақсақалдардан ақыл сұрау деген жоқ. Мәселен, Исатай ауданына кіреберістегі Суходал деген жерді комиссия Құрғақ деп аударып, осы атауды бекітіп қойыпты. Ал жергілікті жұрт бұл жерді бұрыннан Қызылағаш деуші еді...
Қысқасы, географиялық атауларды өзгерту арқылы тарих беттерін жаңғыртуда кемшілік көп. Жергілікті ономастика комиссиясының мүшелері мен белсенділері «аузы күйген үрлеп ішедінің» кебіне енді түскен сияқты. Олардың сөзіне сенсек, атағы мен ақшасы барлардың елге қызметі сіңбеген бабалары мен бауырларына енді көше, елді мекендер атауы берілмейді.

Құралай ҚУАТОВА
Атырау облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті