1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Баян-Өлгийдегі қазақ отбасын Қазақстанда шығатын мерзімді басылыммен қамтамасыз ету, Ұланбатыр маңайына қазақ теледидарын қосып беру, меніңше, Қазақстанның қолынан келеді. Тіпті, өзге емес, түріктердің өзі Күлтегін мен Білге қағанға арнап керемет Орхон музейін салыпты. Бізді қатты таңқалдырды. Бірақ, біздің шеттегі қазақ диаспорасына көмектесуге ынтамыз аз.
Автор: Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №65 (16251)   17 тамыз, бейсенбі 2017
17 тамыз 2017
Оңтүстік әзірге көш басында

Халқы сауда-саттыққа, шағын кәсіпкерлікке жақын дегенімізбен, оңтүстіктің аграрлы өңір екендігі рас. Күнгейдегі халықтың негізгі күнкөрісі ауыл шаруашылығымен байланысты. Оңтүстік Қазақстан – республикадағы мақта егетін бірден-бір облыс. Өңірдің шаруалары тың жаңалықтарды да жатырқамай қабылдап жатыр. Оған республикадағы жылыжайлар мен тамшылатып суарудың 70-80 пайызының бір ғана оңтүстікке тиесілі екендігін айтсақ та жеткілікті.
Алайда ауыл шаруашылығы саласында қазір проблема аз емес. Сол проблеманың негізгісі – шаруашылықтардың ұсақталып кетуі. Азын-аулақ жері бар, бірақ техникасы жоқ шаруашылық осы себепті мемлекет тарапынан беріліп жатқан қамқорлықтан да құр қалады. Яғни бас біріктірмейінше, бірдеңе істеу мүмкін емес. Ал шаруаларды күштеп біріктіретін заман келмеске кеткен. Бүгінде ешкімді мәжбүрлей алмайсың. Дегенмен шаруаға «саусақ бірікпейінше, иненің илікпейтінін» түсіндіру, бірігудің, іріленудің артықшылығына көз жеткізу қажет. Оңтүстікте бұл бағытта біршама ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер бар.
Қазірде Оңтүстік Қазақстан облысында шаруаларды кооперацияға біріктіру жұмыстары мен оның мәнін түсіндіру бойынша ақпараттық-насихаттық жұмыстар кең көлемде қолға алынды. Бұл шараны тиімді ұйымдастыру үшін облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен Шымкентте, облыстың аудан-қалаларында «Кооперация — ауыл болашағы» деген тақырыпта семинар-кеңестер өтті. Алғашқы семинар Шымкент қаласына қарасты Мәртөбе ауылындағы «ҚазАгро» ЖШС-нің жылыжай базасында ұйымдастырылды. Онда облыс әкімі шаруаларды жылыжай бойынша кооперативтерге бірігуге шақырып, бұл бойынша тиісті сала басшыларына арнайы тапсырмалар жүктеді. Қазығұрт ауданында өткен семинарда мал шаруашылығына қатысты кооператив құру мәселесі талқыланса, Шардарадағы семинарда, негізінен, балық шаруашылығы жөнінде әңгіме қозғалды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан алынған мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңда облыста 52 мыңнан астам жеке қосалқы және ұсақ тауар өндіруші шаруашылық мүшелері 539 ауыл шаруашылығы кооперативіне біріккен. Оның 242-сі 2016 жылы, қалған 297-сі биылғы алғашқы жартыжылдықта құрылған. Кооперативтерді құру бойынша облысымыз өңірлердің көшін бастап келеді.
Мамандардың айтуынша, ортақ іске жұмылған шаруашылықтарға мемлекет тарапынан түрлі көмектер мен қолдаулар бірінші кезекте беріледі. Субсидия, арзандатылған жанар-жағармайды алу оңайлайды. Қажетті техникадан да тапшылық көрмейді. Барлық істі сол кооператив мүшелері бірлесіп атқарады. Егер егін егуге тіпті құлшынысы болмаса, кооперативке уақытша пайдалануға беріп, кейін тапқан табысынан пай ретінде өз үлесін алып отыруына да болады.
Бүгінде облыста егін шаруашылығымен–196, ірі қара мал бордақылаумен – 90, сүт өндірісімен – 34, бақша, жеміс-көкөніс өндірумен – 30, құс шаруашылығымен – 5, МТС қызметтерін көрсетумен – 14, су жеткізіп берумен – 34, жылыжаймен – 21 және қой шаруашылығымен 19 кооператив айналысуда. Сонымен қатар «Үш жақты» іс-шара жоспарына сәйкес, биылғы алты айда тіркелген 297 кооперативтің ішінен индикативтік көрсеткішке сай келген 75-іне 6,786 миллиард теңге несиені 6 пайыздық жеңілдікпен жеті жылға беру қарастырылуда.
Сонымен бірге ірі қараны (бұқашықты) бордақылауға және құрама жемнің әр тоннасына 20 мың, өндірілген сүттің 1 литріне –10, тоқты бордақылауға 1500 теңгеден инвестициялық субсидия қарастырылған. Бүгінде кооперативтерді құрудың жаңа бағыттары мен модельдері айқындалды. Оның алғашқысы – үй шаруашылықтары, фермерлік, шаруа қожалықтарында өндірілген өнімді өткізетін кооперативтер. Осының аясында сүт қабылдау, мал сою, көкөніс-жеміс өнімдерін дайындау пункттері, мал бордақылау алаңдары, отбасылық жылыжайлар құру жоспарлануда. Одан кейінгі бағыт –зәкірлі жобалардың базасында өнім өндіретін кооперативтер құру.
Сөзіміз жалаң болмау үшін нақты мысалдарға тоқталсақ. Мал бордақылау алаңдары бар 30 жекелеген қосалқы шаруашылық Қазығұрт ауданындағы «Қайып ата» ЖШС жанынан құрылған «Ханшайым» кооперативіне бірікті. Онда жылына 1000 тонна өнім өндіріліп, ол толығымен экспортқа жөнелтілетін болады. Осы бағыттағы кооперативтер Қазығұрт, Сайрам, Түлкібас, Ордабасы, Бәйдібек, Созақ аудандарында жұмысын бастайды.
Сүт өнімділігін арттыру мақсатында «Қазына жер ЛТД» ЖШС жанынан 2600 ірі қара өсіретін алты кооператив құрылды. Кооператив жылына орта есеппен 8000 тонна сүт өндіреді деген жоспар бар. «Шымкент құс» ЖШС және несиелеуші ұйымдардың қаржысына Төлеби ауданындағы 20-дан астам шаруа қожалығы құс етін өндірумен айналысатын кооперативке біріктірілді. Мұндай кооперативтер Ордабасы ауданы мен Арыс қаласында да ұйымдастырылады. Шардара, Ордабасы, Түлкібас аудандары мен Түркістан қаласында балық шаруашылығына маманданған кооперативтер құру, Қазығұрт пен Түлкібас аудандарында биязы жүнді қой өндірісін дамыту көзделіп отыр. Қазығұрт, Түлкібас, Төлеби, Сайрам аудандарында қарқынды алма, жаңғақ бауларының, Шымкент қаласы мен Сарыағаш ауданында жылыжай кешені кооперативтері құрылмақ. Кооперативтерді несиелендірудің тетіктері де әзірленуде.
Жалпы, 2021 жылға қарай облыста 90 мың жеке шаруа қожалығының басын қосып, 600-ден астам кооперативке біріктіру жоспары тұр.

А.БАЛТАБАЙТЕГІ
Шымкент қаласы

 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар