1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №71 (16257) 7 қыркүйек, бейсенбі 2017
7 қыркүйек 2017
Мақталы өңірден аза қашып тұр

Қазақстанда бірден-бір мақта егетін Оңтүстік Қазақстан облысында «ақ алтынның» биылғы түсімі нашар. Соңғы екі аптаның көлемінде мақталы аудандарда еккен өнімнің 80 пайызын зиянкестер жеп қойғаны республикалық телеарналардан да көрсетілді. Жылда осы уақытта жаз бойы маңдай тері сорғалап жүріп еткен бейнетінің қызығын көретін диқандардың биыл тақырға отыратын түрі бар.

Ал шенеуніктер мәселенің мән-жайын анықтауға енді кірісіп жатыр. «Биыл жылдағыдай мақта болмайды» дегенді мақтааралдық ақсақал, ауыл шаруашылығының білгір маманы Елемес Сабыров осыдан бір ай бұрын жергілікті ақпарат құралдарында айтқан екен. Біз осы аптада Елемес Сабыровпен хабарласып, мақталы өңірдегі қазіргі жағдайды сұраған едік.
– Мақта биыл қиындау болып тұр. Себебі қыс, көктем айларында агротехникалық шаралар өз деңгейінде жүргізілген жоқ. Топырағы тұзды жерді күзде аударып барып суару қажет еді. Сонда топырақ сордан арылады әрі құнар жинайды. Ал Мақтааралда былтыр күздік айдалмады. Көктемгі жер аудару сәуірге дейін созылды. Жүйектеп суармаудың салдарынан су егістіктен асып, елді мекендерді басты. Қыркүйек болса да, мақта көсегіне дейін көгеріп тұр. Қазіргі жағдайға қарағанда биыл мақта теру кеш, қазан айының ортасында басталуы мүмкін. Оның үстіне биыл құрт пен кене көбейіп кетті. Оған қарсы улы химикат себу жұмыстары дер кезінде жасалмады. Жалпы, мақта шаруашылығында адам ағзасына зияны көп улы химикаттан бас тартып, биотәсілге ден қою қажет. Мына тұрған Өзбекстан осы тәсілге әлдеқашан көшкен. Жергілікті басшылардың қарсылығына қарамастан, Астанаға дейін шапқылап, ауыл шаруашылығы министрлігінен биотәсілді ендіруге қаржы бөлдірткен едім. Мақтааралдан биофабрикалар салынып, жұмыс істей бастаған. Алайда бұл жұмыстарды әкімдер дұрыс үйлестіре алмай отыр. Шитті біреу ерте, біреу кеш егеді. Соның салдарынан мақта әртүрлі болып өседі. Биоагенттерді қолдану мұндай жағдайда тиімсіз. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудан, ауыл әкімдері шаруалар арасында ұйымдастыру, түсіндіру жұмыстарын өз деңгейінде жүргізгенде бұлай болмас па еді деп ойлаймын. Осыдан бірер жыл бұрын ауыл шаруашылығы басқармасы шаруашылықтарға дейін барып, семинарлар өткізетін. Басқармаға Серік Тұрбеков басшылыққа келгелі бұл жұмыстардың кенжелеп қалғаны рас. С.Тұрбеков ауыл шаруашылық ғалымы. Бірақ оның не себепті мақташылардың мәселесіне салғырт қарайтынын түсінбей жүрмін, – деді ақсақал.
Е.Сабыровтың айтуынша, облыста биотәсілге деп қаралатын қаржының біраз бөлігі игерілмей қалады. Игерілмеген қаржыны шенеуніктер басқа мақсатқа жұмсап жіберетін көрінеді. Бұдан бөлек, шаруаға субсидия жылдың соңында беріледі. Ал ол мақта екіқұлақтана бастаған көктемде қажет.
– Субсидияның жартысы наурызда, жартысы қыркүйекте берілсін деп Астанаға дейін бардым. Парламент депутаттарына дейін араласты. Бұл мәселе әлі шешімін таппай жатыр, – деген ақсақал жақында ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтің қабылдауына барғалы жатқанын айтты.
Ал шенеуніктер мақтаның биыл нашар болуын, зиянкестердің көбейіп кеткенін ауа райымен байланыстырады. Биыл қыс жылы, көктем жаңбырлы болды. Бұл зиянкестердің өсіп-өнуіне жағдай жасаған. Дегенмен бәрін ауа райына жауып қоя салуға бола ма?
Мақтаарал ауданының ауыл шаруашылығына жауапты басшыларымен тілдесу мүмкін болмады. Бірақ бізге жеткен мәліметтерге қарағанда, осы аптада аудан әкімдігінде өткен жиында мақтаның 50 пайызын зиянкестер жеп қойғаны айтылғанға ұқсайды. Осының себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылыпты. Алдын ала айтылған болжамдарға қарағанда, биыл зиянкестерге қарсы себілетін химикаттардың сапасы нашар болған көрінеді.
Мемлекет жыл сайын мақта шаруашылығына миллиондаған субсидия бөледі. Бірақ бергі жақта осы қаржы тиімді игеріліп жатыр ма? Анықтау шараларынан кейін ұйымдастыру жұмыстарын нашар жүргізгені үшін бір-екі шенеунік жаза арқалайтын шығар. Бірақ бұдан шаруаға тиер пайда қайсы? Бәрінен де бұрын бар күнкөрісі мақтаға қарап отырған қара халықты айтсаңызшы...

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ
Оңтүстік Қазақстан облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті