1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Біздің еліміздегі өз ұлтына қарсы қастандық атаулының бәрі де қазақтың атымен жасалады. Қазақтың келешегі үшін туған жерімізді, ана тілімізді сатамыз, қазақтың келешегі үшін ар-ұятымызды саудаға саламыз, қазақтың келешегі үшін өз бауырларымызды бульдозермен үйлерін талқандап, еңіреп жылап-сықтаған әке-шешемізді, апа-қарындастарымызды “өлмесең өрем қап” деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырамыз. Ең қорқыныштысы осы опасыздықтардың бәрі де “Қазақтың келешегі үшін!” деген “ұлы” ұрандардың арқасында жүзеге асырылады.
Автор: Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш № 77 (16263) 28 қыркүйек, бейсенбі 2017
28 қыркүйек 2017
«Кооперативтің мақсаты – байларды одан ары байыту емес, шаруаларға жағдай жасау»

Шағын шаруашылықтар іріленбей, аграрлық сала ілгері баспайды. Өйткені болашағы бар, өнім өндіруге қабілетті агроқұрылымдардың мемлекет тарапынан берілетін қолдауларға қолжетімділігі артады. Бұл бағытта осыдан екі жыл бұрын қабылданған «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заңы саланы әртараптандыруға, ұсақ агроқұрылымдарды ірілендіруге серпін беруде. Ал іріленгеннің оңайлықпен іргесі сөгілмейтіні анық.
Кейінгі кезде ауыл шаруашылығы еңбеккерлері кооперативтің артықшылығын айқын сезініп келеді. Мәселен, мемлекеттен несие мен субсидия кооперативке бірінші кезекте беріледі. Демек, кооперативке мүше болған қожалықтар мен жеке тұлғалар несиені қысқа мерзімде әрі қиналмай алады. Бұл іспен кооператив басшылары шұғылданады. Бұрын мал өсірушілер жемшөп дайындауда үлкен қиындықтарды бастан кешіретін. Қазір олардың мүшелері мұндай кедергілерден де құтылды. Қажетті жемшөп қолдағы барлық техниканы жұмылдыру арқылы бірлесіп әзірленеді. Сол кезде оның өзіндік құны да едәуір төмен болады.
Осынау жаңа құрылым біз барған Жуалы ауданында да жанданып келеді екен. Ауданда 12 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, жұмыс істеуде. «Ақсай–2016» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрамына 29 жеке тұлғаны біріктірген. Оларға «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ арқылы 102 миллион теңге несие беріліпті. Оған олар 446 бас мүйізді ірі қара сатып алған. Аналық бастардан 128 бұзау алынған. Өндірілген сүтті «Жуалы сүт компаниясы» ЖШС-не өткізуде. Ал құрамында 38 жеке тұлғасы бар «Қарасаз–2017» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі сүт өндірумен айналысады. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы қолы жеткен 100 миллион теңге несиесіне кооператив мүшелері 326 бас мүйізді ірі қара сатып алған. Қазір күнделікті 0,5 тонна өндірген сүтін «Жуалы сүт компаниясы» серіктестігіне өткізуде.
– Біз алынған несиеге келешекте тағы 114 бас мүйізді ірі қара сатып аламыз. Олар толық төлдеген кезде сүт зауытына күнделікті 5 тоннаға дейін сүт жөнелтілетін болады. Жақында кооперативке Шығыс Қазақстан облысынан сыйымдылығы 3 тонна шикізат салқындататын танкер әкелінеді. Мұның өзі өткізілетін сүт сапасын жақсарта түсуге игі ықпалын тигізетіні сөзсіз, – дейді «Қарасаз–2017» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы Жандос Молдабеков.
Бұлардан бөлек, құрамында 43 жеке тұлғасы бар «Мыңбұлақ–2017» АШӨК 100 миллион теңге несиелеріне 325 бас мүйізді ірі қара сатып алған болса, «Жуалы – Алатау» АШӨК құрамындағы 15 шаруа қожалығы сүт кластерін құру жолында жұмыс жүргізуде. «Нұрлыкент –2017» АШӨК көкөніс егумен, «СелСемЦентр» АШӨК Ресейден арпаның суперэлита тұқымын әкеліп, ақ егістің түсімін арттыруды қолға алуда. «Шақпақ», «Көкбастау» кооперативтері де сүт өндіруді дұрыс жолға қоюда. Бұған қоса, Ақтөбе және Қошқарата ауылдық округтерінде ауыл шаруашылығы өнімін өндіретін кооперативтер құру үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы саласына жауапты орынбасары Мәден Мұсаев өңірде ұсақ шаруашылықтарды ірілендіруге бар күштерін жұмсап, жұмыс өз нәтижесін беріп отырғанын жеткізді.
– Кооперативтің мақсаты – байларды одан ары байыту емес, шаруа адамдарға жағдай жасау. Бұл, кейбіреулер айтып жүргендей, ешқандай да колхоздастыру емес. Бұл жаңа құрылымның шаруаларға тиімділігі орасан. Біз осы бойынша ауыл-ауылдарды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Оны түсінгендер жұмылып жұмыс істеуге бел шешіп кірісіп кетті. Бүгінгі күні облыс бойынша 988 жеке қосалқы шаруашылықтың бірігуімен 47 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Оның ішінде 23 сүт қабылдау, 15 мал сою, 5 тері-жүн дайындау, 3 көкөніс дайындау пункттерімен және 1 құс өсіру бойынша құрылған ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері бар. Бұл ретте бөлінген 2 миллиард 58 миллион теңгенің несие қаражатын толығымен игердік, – дейді облыс әкімінің орынбасары Мәден Мұсаев.
Жаңа құрылымның тағы бір артықшылығы – кооператив мүшелері өздерінің өндірген өнімдерін кедергісіз өткізе алады. Осы мақсатта коммуналдық және басқа да бірнеше сауда орындарымен келісімшарттарға қол қойылыпты. Кооперативтерде өндірілген өнімдер келешекте еліміздегі нарықпен қатар, экспортқа да көптеп шығарылады деп күтілуде. Жамбылдағы шаруалардың жаңашылдықтан қашпай, жанталасып жаңа құрылымға бірігіп, берекелі-бірлікте жұмылып жасап жатқан тірліктері қуантады. Бабаларымыз «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп осындайда айтса керек-ті.
 

Нұрболат ӘЛДИБЕК
Жамбыл облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар