1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Сталин ашқан Академия тәуелсіздікке қол жеткен кезде жабылды. Қазақ Үкіметі оның жабылуына айдың күннің аманында жол берді. Бұл – біздің саяси жүйенің қателігі. Бұл – факт.  Сөйтіп, 70 жылдан астам тарихы бар Қазақ Академиясының құны бар-жоғы 500 доллар болып шыға келді. Оның бағасын Үкімет те, академиктер де солай деп бағалады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №80 (16266) 10 қазан, сейсенбі 2017
10 қазан 2017
Қарапайым халықпен қашан кездесесіз?

Құрметті Ералы Ұлықпанұлы!
Сіз Маңғыстау облысына әкім болып келгеніңізге алты айдан аса уақыт болды. Әрине, бұл кезең жергілікті халық пен қарамағыңыздағы кадрлармен танысуға кететін азғана уақыт. Сондықтан да қазір сізді мақтауға да, даттауға да әлі ерте, бір жылдан кейін халық өз бағасын береді.  Бірақ сіздің мемлекеттік қызметкерлерге қойып жатқан талабыңызға көңілім толады. Сіздің: «Бұл кемшілікке сіз жауап бересіз, бір ай уақыт беремін, кемшілікті орындайсыз және орындалғаны туралы маған есеп бересіз, болмаса мәселе басқаша болады», – деп тапсырма беріп жатқаныңызды «Қазақстан–Ақтау» телеарнасынан көріп риза болып отырамыз.

Құрметті Ералы Ұлықпанұлы!
Мен осы Маңғыстаудың төл перзентімін, туған өлкемнің өсіп-өркендегенін, гүлденгенін, азаматтарының жақсы болғанын қалаймын. Сол себепті көкейімде жүрген ұсыныс-пікірлерімді сізге жолдағанды жөн санадым.
Біріншіден, қазір жергілікті билік пен халықтың арасы жыл өткен сайын алшақтап барады. Бұл сізден бұрын да жалғасып келе жатқан жағдай. Облыс әкімімен арада танысың, делдал адамың болмаса, қарапайым халықтың әкімімен кездесуі тіпті мүмкін емес. Ал халықтың сізге жазған өтініш хаттары, «сізге жетпейді, хатшылардан әрі өтпейді» деп көп естиміз. Сіз Маңғыстауға келген бойда аудандарды тегіс араладыңыз, бірақ қарапайым халықпен әлі кездескен жоқсыз. Сіздер арнайы сызылып берілген сценариймен ғана жүресіздер. Сценарийде «Облыс әкімі ауданға қашан барады?», «Қашан қай жерді аралайды?», «Жаңа салынған құрылысты көреді, не лентасын қияды?», «Қай сарайда кездеседі, ол кездесуге кімдер шақырылады, кімдер сөйлейді, қандай сұрақтар қойылады?», «Кім өлең оқиды, қай ақсақал бата береді?» – бәрі-бәрі арнайы дайындалып, облыстық ішкі саясаттың сүзгісінен өтіп тұрады.
Ал ауылдың қарапайым халқы сіздің ауданға келіп кеткеніңізді «Қазақстан–Ақтау» телеарнасының кешкі жаңалықтарынан ғана естиді. Сонда «кім-кіммен кездесіп жүр», «не үшін келді?» деген орынды сұрақ туады. Сізден сұрайтынымыз – елмен кездескіңіз келсе, елдің жағдайын өз көзіңізбен көріп, халықтың тілегін өз құлағыңызбен естимін десеңіз былай жасасаңыз.
Мысалы, Маңғыстау ауданы халқымен кездескіңіз келсе, алдын ала хабарландыру жазыңыз. «Шетпе мәдениет үйінде 20.10.2017 жылы сағат 10:00-де облыс әкімінің халықпен ашық кездесуі болады». «Сағат 15:00-де жеке азаматтарды қабылдайды» деп жазып қойса. Халық кездесуде елдің жағдайын да, өз жағдайларын да сізге толық айтар еді. Сіз ауылдың жағдайын әкімдердің дайындаған адамдарынан емес, халықтың өз ауыздарынан естір едіңіз. Кездесу туралы баспасөзде алдын ала жарияланса. Сонда ғана халық пен әкімнің арасы жақындар еді. Маңғыстау облысында бес аудан, екі қала бар, көп болса бір жылда бір апта уақытыңыз кетеді. Сонда халық сізге риза болар еді, сіз де халықтан көп нәрсе естір едіңіз. Жергілікті әкімдердің де жауапкершілігі артар еді.
Екінші, облыс әкімінің орынбасарлары, кеңесшілері, бөлім басшылары, облыстық басқарма басшылары үнемі Астана мен Алматыда, одан қалса, шетелдерде жүргенін теледидардан көріп, әлеуметтік желілерден оқып отырамыз. Әрине, Астанаға жұмыс сапарымен барғаны дұрыс шығар, бірақ мемлекеттің 200-300 мың теңгесімен Астанаға екі күнге ұшып барғаннан гөрі жеңіл көлігіне 2-3 мың теңгеге газ құйып алып Ақшымырау мен Қызанға, Тиген мен Бекі ауылдарына барғаны ел үшін маңызды болар еді. Ақиқатын айтайын, кейбір департамент басшылары Маңғыстауда тұрғанына бірнеше жыл болса да, Маңғыстаудың ауылдарын әлі аралап көрмегендері жетеді. Мысалы, бір орынбасарларыңыз Ақтаудан шығып, Тиген ауылына барсын, күздің қара суығында газ жоқ, көмір жоқ, қи жағып, бүрсеңдеп тоңып отырған қарттар мен сәбилерді өз көздерімен көрсін. Қыста барып бір үйіне қонсын, олар да халықпен бірге тоңсын. Сол Тиген ауылынан шығып, Қызан ауылына жеңіл көлікпен жүрсін, олар да жол азабын сезсін. Сосын Ақшымырау мен Қызанның тұрғындарына жолдың неге биыл тоқтап тұрғанын айтып түсіндірсін. Қайтар жолда Бекі ауылына соқсын, Бекіге судың неге тартылмай тұрғанын, мектептің неге салынбай жатқанын, интернет қашан келетінін халыққа жеткізсін.
Маңғыстаудың бар ауылында шешімін күткен мәселелер жетеді. Соларды өз көздерімен көрсін, сонда ғана сапалы жұмыс болады. Ал аудан мен ауыл әкімдерін Ақтауға аптасына шақырып жиналыс өткізе бергеннен жұмыс жүрмейді. Жиналыстарды ауылдарда өткізіп, ауылдың тұрғындарымен бірге талқылаңдар.
Қазір ауылдың халқы қолындағы азғана малымен күн көріп отыр. Малдың жүн-терісі өтпейді, етін тапсыратын жердің жағдайы да мәз емес, алда қылышын сүйретіп қыс келеді, Маңғыстаудың малы қыстан аман шыға ма? Ол жағы әлі белгісіз. Қазір бір қап кебек жемнің (салмағы 18 келі) бағасы 800-900 теңге болып тұр. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшылары ауылға келіп, өз көздерімен көрсін, көмегін көрсетсін. Кеңседе, компьютердің алдында телміріп отырғаннан жұмыс болмайды. Ауылдарды араласын!
Құрметті Ералы Ұлықпанұлы!
Бұл тек менің ғана ұсынысым емес, ауыл халқының өтініші деп білгейсіз. Біз сіздің жұмысыңызға жеміс, қызметіңізге абырой тілейміз. Қазақ халқында «әкім бол, халқыңа жақын бол» деген ұлағатты сөз бар.
Біз сізді халыққа жақын әкім болады деп сенеміз.

Құрметпен,Жәнібек ҚОЖЫҚ
Онды ауылы
Маңғыстау облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (2)
мұнайлы ауданы | 10 қазан 2017 23:58
қалтасы қайдағы біздің елді мекендерде басқұдық атамекен қызылтөбе елді мекендерде қалтасы 1600-2000 тенге шықты сосын бір көкеиімде жүрген сұрау басқа обылыстарда ауыл шаруашылықтарын қолға алып дамытып жатыр бізде қашан сондай завод фабрика теплица ж,т,басқалары қашан қолға алады
Жолдас | 11 қазан 2017 07:25
Әкімдер ауыл халқын не қылсын. Үйретушісі бір ауыз сөзбен алдай салыңдар, олар тобыр емеспе - деп үйретіп отырса. Ол жауыздың кім екенін іштерің де сезіп отырған шығар. Осы жүйені құрған жауыз өлмей ауыл халқына, қазаққа күн жоқ.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар