1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір қоғамда біз білетін байлықтың екі түрі бар: Бірі – адами байлық адам капиталы, екінші – табиғи байлық. Қарасаңыз, мұнайымыздың 80 пайызы шикізат ретінде шетел асып жатыр. Демек, қазақ байлығының 80 пайызын шетелдіктер көріп жатыр. Қазаққа бұйырып отырғаны – сарқыт, тіпті шелек түбіндегі жуынды десе де болады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №80 (16266) 10 қазан, сейсенбі 2017
10 қазан 2017
Қарашаның өмірі – Қаражыраның көмірі...

Бұл – семейліктердің қыстың құлағы көрінбей жатып жылда айтатын «жыры». Расында да, Семейден 150 шақырым жердегі Қаражыра кенішінен тасымалданатын көмірдің біртіндеп бағасы көтеріліп, оны үйге жеткізудің өзі машақатқа айналады. Былтыр қарашаның басында түскен қар биыл қазан айының ортасына жетпей-ақ ұшқындап, жұртшылықтың дегбірін алып бітті. Көпқабатты үйлерде тұратындар жылу жіберіле бастағанын айтып, жылы жымиып жүргенде жер үйді мекендегендер қыстың қыспағын қазірден сезініп, көмір түсіруді бірінші кезекке қойған.
Бірақ та қазір қалада көмір сатып алу тұрмақ, оны табудың өзі мұң болып тұр. Ерке Есмаханның орындауындағы «Жоқ, жоқ» әнін жай уақытта жүз еститін жұртшылық қазіргі тапшылық пен қымбатшылықтың шығу себебін содан көріп, әлеуметтік желіде әншіні кінәлап жатыр. Әрине, әлеуметтің жайы желіде айтылмағанда қайда айтылсын, бірақ мәселе әнде емес, әрине.
Алдымен көмір толы вагондар тұратын теміржол бойын жағаладық. Жергілікті халық «Гортоп» атап кеткен көмір сатып алу нүктесінің қабырғасын бойлай, иір-қиыр жолдан өткенше бортына көмірді сықай тиеген «КамАЗ», «Зил» жүк автокөліктері бірінен кейін бірі өте шықты. Түсінікті: вагон басынан 5-10 тоннадан көмір тиеп алған көліктер қаланың әр аудандарына барып, өзіне тиесілі жеріне барып тұра қалады. Содан ары қарай көмір саудасы қыза түседі. Тасымалдаушы арзанға алып, қымбатқа көмір сатқанына мәз. Жергілікті тұрғын қымбатқа болса да, қыстық отын тапқанына мәз.
Алайда вагон басындағы көмірдің де түбі көріне бастапты. Соған қарамастан, қозыкөш жерге дейін қаздай тізіліп, кезек күткен жүк көліктерінің мұрты бұзылмай тұр.
– Міне, біз таңғы жетіден тұрмыз. Қаражырадан күн сайын жеткізілетін бес-алты вагон көмір үш сағатқа жетпей бітіп қалады. Бұл жерде көмірдің тоннасы – 7000 теңге. Бір вагон орта есеппен 40 тоннаға дейін барып қалады. Қазір қаланың қай жерінде болсын көмір таба алмай жүрген халық. Алдын ала тапсырыс беріп тастап күтіп отыр. Үйге жеткізген бағасын қосқанда 9000 теңгеге шығады, – деді Оразбек есімді азамат.
Көмір саудасы басындағылардан қанша суыртпақтасақ та көмір тапшылығының ерте басталу себебін ешкім ашып айта алмады. Бір белгілісі – бұл жерден жекелеп келіп көмір сатып әкету мүмкін емес екен. Кезекте тұрғандардың барлығы да алдын ала тапсырыс беріп тіркеліп қойған. Тапсырыстың өзі 5 тоннадан кем болмауы шарт. Әдейілеп біреуін сөзге тарттым.
– Ағасы, көмір алайын деп едім.
– Қанша тонна?
– Бір жарым тонна жетеді. Екі-үш тоннаға ақша жетпейді.
– Бір-бір жарым тонна көмір апарып «ойнап жүретін» уақыт жоқ. Алсаң кемі үш тонна бір-ақ ал. Жолдан түсіріп кетемін. Ал өзің іздеген көмірге сен қаңтар-ақпанда елдің көбі көмір түсіріп алғанда бір-ақ келгенің дұрыс, бауырым.
Қалай десек те, тапшылығы мен қымбатшылығы қатар келген көмір саудасының ерте басталғаны қараша халыққа жайлы тиіп тұрған жоқ. Жалақылары 70-80 мыңнан аспайтын қалада қаңтарға дейін (қыстың соңын айтпай-ақ қоялық) жететін 5-6 тонна көмірді бірден түсіретін отбасылар сирек табылады. Тіпті бір тонна көмір алуға шамасы жоқтар қабын 600 теңгеден сатып алуға мәжбүр. Қаптап көмір сататындар қаланың қай түкпірінен де табылады. Көмір саудасының қызығын көретін де солар. Атшаптырым ауласына тіркемелі «КамАЗ-бен» 25 тоннаға дейін түсіріп алып, қабымен сататын алыпсатарлардың асығы алшысынан түсіп тұр.
– Көмірдің іргесінде отырып, көмір ала алмай жүргеніміз жақсылықтың нышаны емес. Үш баламмен 30 мың теңгеге шағын үйді жалдап тұрамын. Тонналап алуға шама жоқ. Бір қап көмір қазір үш күннен аспайды. Үш қап көмір алдым. 500 теңгеден беруді өтініп едім, есігін тарс жапты. Амал жоқ, алдағы апта ортасында тағы осылай сатып аламын. Ал қыста аяз күшейгенде не боларымызды білмейміз. 600 теңгелік бір қап көмірді екі күнде бір жақсақ, бір айда қаншаға шығындалатынымды ойлаудың өзі ауыр. Бірақ, амал қанша, әзірге бұдан өзге ыңғайлы жолы жоқ.
Бұл – әртүрлі жалдамалы жұмыстармен күнделікті нәпақасын тауып жүрген Қайыргелдінің айтқаны. Бірде базарда арба сүйреп жүрсе, енді бірде құрылыс бригадасының ішінен табылып, отбасын асырап отырған азаматтың жанайқайы орынды. Ал бірнеше жылдан бері «УАЗ» автокөлігімен отын тасып жүретін Серікқазының көмір төңірегінде біраз білері бар екен.
– Мен Шығыс кенті тұрғындарына көмір тасимын. Бірақ әзірге көмірді көтерме бағада алатын үлкен жүк көліктері тұрғанда маған онда кезек тимейтінін білемін. Сондықтан бір апта немесе он күн бойы күтуге тура келеді. Екі тоннаға дейін ғана жүк сыйымдылығы бар көлігіме одан кейін ғана қақпа ашылады. Көмір бағасы енді қымбаттай түспесе, арзандамайтыны анық. Өйткені Қаражыра көмірінің басым бөлігі басқа өңірлерге вагон-вагон болып тасымалданып жатыр. Алматы облысы үшін тоннасын 15 мың теңгеге бағалап отырғанын ғаламтордан көрдім, – дейді ол.
Аймақта көмір тапшылығы неден туындағанын білмекке «Қаражыра» компаниясына хабарласып көрген едік, телефон тұтқасын көтерген қызметкерлер «арнайы хат болмаса, ақпарат айта алмайтындарын» жеткізді.
Сонымен, қылышын сүйретіп қыс келмей жатып қолдан-қолға тимей өтіп жатқан Қаражыра көмірінің жайы осы. Жерінің асты кенге бай екенін айтып билік бөркін аспанға атып жүргенімен, оның рахатын қарапайым халықтың көріп отырғаны шамалы. Шығыс өңірдің жылу маусымына сақадай сай екенін айтып мақтанып жатқан атқарушы биліктің әзірге есебі түгел. Семей қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары Амантай Өтелбаевтың айтуынша, қаладағы жылу қазандықтары іске қосылып, көпқабатты үйлерге «жан кіре» бастаған. Жылу ақысына берешектерді бірін сотқа сүйреп, бірінің жылыту батареяларын кесіп тастап, қатаң шаралар қолданудың нәтижесінде 700-800 мың теңгеге жетіп қалған тұрғындар қарызын өндірудің беті бері қараған.
Бірақ көмір тапшылығы әрі қарай жалғаса берсе, жылу қазандықтарына жеткізілген көмір қорының қыс ортасына жетпей түгесілуі ғажап емес. Ауа райын болжаушылар биылғы қыстың ерте түсіп, ұзаққа созылуы мүмкін екендігін ескерткенін қазір екінің бірі айтып жүр. Қыстың қыспағынан шығаратын көмір енді қымбаттай түспесе, бағасы осы қалпында (тоннасы 7000 теңге) сақталып тұрмайтыны аян.
«Шахтерлар облысы» деп сипатталатын Қарағанды облысында да көмір тапшы болып тұр. Тіпті кей жерлерде сатылып жатқан көмір тоннасының құны 18 мыңға дейін жетті деген хабар да тарады. Қыркүйек айының соңында Қарағанды облысы әкімдігі жиналысында жеке тұтынушылар үшін сатылатын көмір бағасының өсіп бара жатқанын талқылаған болатын. Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов орынбасарларына табиғи отын – көмір бағасына қатысты жағдайды дұрыстап анықтауды тапсырған. Осы жиналысқа қатысқан «Шұбаркөл көмірі» компаниясының өкілі «компания қосымша құн салығынсыз есептегенде, келісімшарт бекіткендерге бір тоннасын 4502 теңгеден» сатады деген-ді. Сондай-ақ ол тоннасын сегіз жарым мың теңгеге дейін делдалдар шығарып алған болуы керек және «бұл – жергілікті мәселе» деді.
Бұған дейін Қазақстан энергетика министрлігі «жеке тұтынушылар сатып алатын көмір бағасының қымбаттауына теміржол тарифтері, делдал мекемелер қосатын үстеме баға әсер етіп жатыр» деп мәлімдеген-ді. Министрлік таратқан ресми хабарлама бойынша, карьерден немесе шахтадан тиелетін көмір бағасы онша қымбат та емес. Қалай десе де, облыс әкімінің, көмір өндіруші компания өкілінің, тиісті министрлік қызметкерлерінің сөздері көмірдің үстінде отырып жылуға жарымаған Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар сияқты және де басқа облыс тұрғындары үшін әзірге бос сөз болып тұр.
 

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ
Шығыс Қазақстан облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар