1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазіргі адамдар «бірің өліп, бірің қал» дегенді мықтап ұстанып алған. Өйткені адамдар ешкімге сенбейді, сенейін десе есітетін әңгімелерінің бәрі өтірік. Сондықтан бәріміз ас үйде отырып, үстелді тоқпақтап, революция жасаймыз, көшеге шыққанда үнсіз қаламыз, өкінішке орай, осылайша екі жүзді болып барамыз.
Автор: Болат Атабаев, театр режиссері
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш 1 қаңтар, бейсенбі 1970
12 қазан 2017
Атырауда айлық берудің алуан айласы бар

Қазақстанның мұнайлы өңірлеріндегі алпауыт кәсіпорындардағы шетелдік және жергілікті жұмысшылардың алатын жалақысының айырмашылығы жер мен көктей екені жасырын жай емес. Білгенге бұл айырмашылықты қолдан жасаудың алуан айласы бар. Соның бірі – шетелдіктерге сыйақы түрінде беру арқылы көп төлеу. Қазіргі жүйе бойынша компанияларды кадрлық жасақтаумен мердігер немесе рекрутингтік компаниялар айналысады.
Осыны екі жақ та өз пайдаларына тиімді жаратып отыр: өндіріс ұйымы, бетін аулақ қылсын, оқыс оқиға бола қалса, мердігерлерді кінәлай салады; ал жұмысқа кісі тарту сияқты «майлы қасыққа» қолы тиген мердігерлер не істеп, не қойса да «өзі қожа, өзі би». Осының бәрін биік мінберден жеткізген депутат жағдайды жергілікті еңбек қадағалау мекемесі мен тиесілі министрлік қатаң бақылауда ұстап отыруы керектігін айтты.
Атырау облысында шетелдік жұмыс күшін тартуға құқылы 300-ге тарта кәсіпорын бар. Олар басқа елдерден жұмысшыларды белгіленген квота бойынша ғана ала алады. Атырау облыстық еңбекпен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар орталығының мәліметінше, биыл 10 272 адамға, өткен жылы 10 213 адамға квота берілген. Айта кетейік, мұның ішіне келуі тиіс жұмысшының санаты, яғни біліктілік деңгейі қоса көрсетіледі.
Берілген квота аздық ете ме, шетелдіктер тарапынан заңды бұзу деректері жиі-жиі орын алып тұрады. Атырау облыстық ІІД миграциялық полиция басқармасынан білгеніміз, бұған дейін 992 шетелдік көші-қон заңын бұзып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың ішінде Қытай, Түркия, Бельгия, Оңтүстік Африка елінің азаматтары бар. Соңғыларына қатысты жағдай жақында ғана орын алды. Осы тамыз айында Теңіз кен орнында тұрбаны тығыздаумен айналысатын термист болып жасап жүрген 25 африкалықтың елімізде заңсыз жүргені анықталып, бесеуі дереу елден шығарылған, қалғаны 680 мыңның үстінде айыппұл төлеп жатыр.
2017 жылдан бастап «еліміздегі ішкі еңбек нарығын қорғау мен оны отандық мамандар үшін сақтау, жоғары білікті шетелдік жұмыс күшін тарту» мақсатында шетелдерден жоғары білікті жұмыс күшін тартуды рәсімдеу шаралары жеңілдетіліп отыр. Ондағы мақсат бізге қажетті, жоғары санатты деген мамандарды ғана шақыру болса керек. Ал келесі жылдан бастап жұмыс берушілер шетелдік жұмыс күшін тартуға келісім алу үшін салық төлемек. Салық көлемі шақырылатын адамның баратын саласы мен санат деңгейіне қарап белгіленеді.
Бұл шаралардың қандай нәтиже берерін қайдам, анығы: «ауылдағының аузы сасық» деген принцип жергілікті жұмысшыларға ұнап тұрған жоқ. Айдаладағы көріп-білмеген жеріне алыстан ат арытып жеткен адамның жоғары жалақы алатыны белгілі. Бірақ «бейшара-ай, бұл жақта қайбір жетіскеннен жүр дейсің» деп жасырып-жапқанның өзінде, бірдей жұмысты атқаратын екі жұмысшының айырмасы 70-100 еселеп кететіні еш қисынға келмейді. Олай дейтініміз, «компанияда істейді» деген әжептәуір аты болмаса, бір вахтаға 35-40 мың теңгені қанағат етіп жүрген жандар да бар болып шықты. Сосын көрінген жұмысқа шетелдікті шақыратын үрдіс қайдан шыққан? Алты қыр асып келгендердің қолынан келгенді Атыраудың жігіттері жасай алмай ма? Соңғы жылдары бұл мәселе де көтеріліп, қазақстандық мамандарды даярлауға баса назар аударылып отыр. Бұл бастама жемісті болса, санаулы жылда компанияларды өз жастарымызбен толықтырып та қалармыз.
Өкінішке карай, осындай теңсіздік әлеуметтік-тұрмыстық деңгейде де қылаң беріп қалып жүр. Осы жазда Қарабатан кен орнында түсірілген бейнебаян көптің қытығына тиді. Онда асханада жұмысшыларға ас-суын ұсынып тұрған даяшы алдына «экспат» келгенде банан ұсынады да, «біздікілер» келгенде онысын жасыра қояды. Бұл жерде әңгіме бананды кімнің жеген-жемегенінде емес, қалыптасқан көзқараста болса керек. Осындай жалпақшешейліктен таяқ жеген кезіміз аз емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын атыраулық футбол клубына аттай қалап әкелген қара нәсілді легионер ойыншы айына пәлен мың долларлап жалақы алып, бірде-бір гол соқпағаны үшін командадан кеткенде бүтін елдің түгін қалдырмай жамандап кеткен еді. Сонда да қоймаймыз-ау...
 

Құралай Қуатова
Атырау облысы
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар