1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
САУАЛНАМА
Бiлiм және ғылым министрi Ж.Түймебаев ғылыми жаратылыстану пәнiн шетелдiк ғалымдардың көмегiмен жазу туралы мәселе көтердi. Неге?
Оқулықты жазуға отандық ғалымдардың өресi жетпегендiктен
Тезiрек «қазақстандық» атануды көксегендiктен
Басқа айтары жоқ болған соң әншейiн «әу» дей салғаны да
Адамның қалай жаратылғанына күмәндi министр өзгеден ақыл сұрамақ
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Сталин ашқан Академия тәуелсіздікке қол жеткен кезде жабылды. Қазақ Үкіметі оның жабылуына айдың күннің аманында жол берді. Бұл – біздің саяси жүйенің қателігі. Бұл – факт.  Сөйтіп, 70 жылдан астам тарихы бар Қазақ Академиясының құны бар-жоғы 500 доллар болып шыға келді. Оның бағасын Үкімет те, академиктер де солай деп бағалады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №100 (15454) 15 желтоқсан, сейсенбі 2009
15 желтоқсан 2009
Сырдың бойы мыңғырған малға толатын күн алыс емес

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА МАЛ ТҰҚЫМЫН АСЫЛДАНДЫРУ ЖҰМЫСЫ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛҒАН

Қазақ бiрiнен-бiрi амандық-саулық сұрасқанда: «Мал-жаның аман ба?» – дейдi. Осыда үлкен мән бар. Малың аман болса, жаның да аман. Халықтың байырғы кәсiбiн құрметте­ге­нiнен де шығар, Сыр өңiрi де мал шаруашылығынсыз тұрмысын елестете алмайды. «Алаштың анасы» — Сыр өңiрi бағзыдан ауыл шаруашылығына арқа сүйейдi. Тоқсаныншы жылдардың басындағы аласапыран кезеңде Сыр бойында ғана емес, бүкiл қазақ жерiнде мал шаруашылығы кенжелеп қалды. Ес жиғанымыз ендi-ендi ғана. 
 
Соңғы жылдары аграрлық саланың бойына қан жүгiре бастады. Президент­тiң биылғы жылғы жолдауын жүзеге асыру мақсатында аймақтың ауыл шар­уашылығында бiрқатар iргелi iстiң басы қайырылды. Облыс басшылығы аграрлық саланы, оның iшiнде мал шар­уашылығын дамытуға шындап ден қой­ды. Арық-тұрақтан арылып, мал тұқымын асылдандыруға биылғы жылы облыстық бюджеттен 58,5 миллион теңге қаржы бөлiндi. «Бiрiге көтерген жүк жеңiл» дейдi қазақ. Қызылорда облысы Ақтөбе, Атырау және Ақмола облыстарындағы мал шаруашылықтармен тiзе қоса қимылдамақ. Бұған дейiн тек iрi қара мен қой тұқымын асылдандыру жұ­мысы ғана жүргiзiлген-дi. Ендi бұл са­натқа жылқы мен түйе де кiретiн болды.
1992 жылы облыста асыл тұқымды 19 мал шаруашылығы болған. Бертiнде ғана ғой, мұндай шаруашылықтардың қатары кемiгенi. Соңғы бес жылда асыл тұқымды мал шаруашылықтарының қатарына жаңадан тоғыз құрылым қосылды. Тағы 4 шаруашылық осы бағытта жұмыс iстеп жатыр. Олардың екеуi Жаңақорғанда, бiреуi Қармақшыда, тағы бiреуi Қазалы ауданында.
Қазiр облыста 23 шаруашылық мал тұқымын асылдандырумен айналысады. Шаруашылықтар нарыққа бой үйретiп алды. Қаржы уақтылы қолға тиiп тұрса, малың да, жаның да тоқ. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан қолдау көрсетiлiп жүр. Биылғы жылдың сегiз айында мал шаруашылығына бөлiнген субсидия арқылы 2425 қой, 356 жылқы, 188 түйе сату жоспарланған едi. Шаруалар бұл жоспарды толықтай орындады. Сондай-ақ, осы жылы 747 тонна сүт сату жоспарланған едi. Қазiр осы бағытта қызу жұмыс жүргiзiлуде.
Ауыл шаруашылығы саласының «жiлiгiн шағып, майын iшкен» мамандардың айтуынша, Қызылорда облысы мал шаруашылығының өнiмдiлiгi жылдан-жылға артып келедi. Мәселен, биыл­ғы жылдың осы кезеңiн өткен жылмен салыстырсақ, өнiм 11,6 пайызға арт­қан. Былтыр бiр сиырдан сауылған сүт орта шамамен 649 литр болатын. Ал биылғы жылы 724 литрге жеткен.
Республикалық бюджеттен биыл Қызылорда облысының мал шаруашылығын дамытуға 45707,0 мың теңге бөлiндi. Сонымен қатар мал шаруашылығы өнiмдiлiгi мен өнiм сапасын арттыруды субсидиялауға да қомақты қаржы берiлдi. Бұл қаржының басым бөлiгi игерiлдi. Осының өзi ауылдағы ағайынға үлкен қамқорлық. Бiрiншiден, жұмысқа деген ынта артады. Екiншiден, өнiм сапасына үлесi мол.
Негiзiнен, облыста iрiқараны ет және сүт өндiру үшiн өсiредi. Әзiрге сүт өн­дiретiн шаруашылықтардың қатары басым. Аймақтағы 4 шаруашылықта сүттi мол беретiн сиыр малы күтiмге алын­ған. Олардың қатарында Сырдария ауданындағы «Ақжарма», Шиелi ауданындағы «Шиелi-Авангард» жауап­кершiлiгi шектеулi серiктестiктерi, Жаңақорған ауданындағы «Мырзабай» шаруа қожалығы мен Қазалы ауданындағы «РЗА» акционерлiк қоғамы бар. Ал Арал ауданындағы «Берекет» шаруашылығы еттi iрi қара асыраумен айналысады. Сондай-ақ, қаракөл қойын өсiретiн 8 шаруашылық жұмыс iстейдi. Сонымен қатар, жабы жылқысын өсiрумен 4, қазақтың айыр өркеш түйесiн бағумен 6 құрылым айналысады.
Тоқсаныншы жылдардың басында облыста 220 мың iрi қара, 1,6 миллион қой мен ешкi, 71,9 мың жылқы және 29,4 мың түйе болған. Соңғы деректер бойынша, аймақта 251,2 мың iрi қара, 868,4 мың қой мен ешкi, 63,1 мың жыл­қы және 29,7 мың түйе малы тiркелген. Дерекке көз жүгiртсек, мүйiздi iрi қара мен түйенiң саны тоқсаныншы жылдардағы есептен де асып түскенiн байқаймыз.
Тоқсаныншы жылдары төрт түлiктi түлетуге мүмкiндiк болған жоқ. Бұл бағытта нақты жоспар жасалмаған едi. Мемлекет тарапынан да қолдау көрсе­тiлмедi. Кейiнгi он жылда жағдай өзгердi. Тағы да деректердi сөйлетсек, 2004 жылы Сыр елiнде 196,3 мың iрiқара, 750,4 мың қой мен ешкi, 54,7 мың жылқы және 23,1 мың түйе болыпты. Бұдан байқайтынымыз — небәрi бес жылда аймақта iрi қара саны 64,9 мың­ға, қой мен ешкi 118 мыңға, жылқы 8,4 мыңға, түйе 6,6 мыңға көбейген. Осының нәтижесiнде төрт түлiк түрлерiнен алынатын өнiмдер деңгейi де артты. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда, ет өндiру – 0,4, сүт өндiру – 2,5 пайыз­ға көбейген.
Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуда атқарылатын жұмыстар әлi де бар. Қазiргi осы салада жұмыс iстейтiн шаруашылықтар 2559 iрi қара, 33,4 мың қой мен ешкi, 2896 жылқы және 2720 түйенi бағып отыр. Өткен жылмен салыс­тырғанда, сиыр 477, жылқы 911, ал түйе 231 басқа көбейген. Өкiнiшке қа­рай, ұсақ малдың басы бiршама ке­мiптi.
Мал басын көбейтемiз десек, ветеринария саласының маңызын ескергенi­мiз жөн. Биылғы жылдың сегiз айында 257,5 мың уақ малдың басы бiрдейлендi­рiлдi. Бұл — жалпы малдың 96,9 пайызына жуықтайды. Облыс көлемiнде ветеринариялық қызмет көрсетуi үшiн 216 заңды және жеке тұлғаларға лицензия берiлген. Олардың 190-ы мал ауруының алдын алумен және емдеумен айналысса, 17-сi дәрi-дәрмектi және биопрепараттарды жеткiзумен айналысады. Ал    9-ы мал өнiмдерi мен шикiзатқа ветеринариялық сараптама жүргiзумен шұғылданады.
Бұрындары облыста талапқа сай келетiн мал сою орындары болмаған. Облыс бойынша шамамен 21 мал сою орны болуы тиiс. Қазiр мал соятын 15 орын тұрақты жұмыс iстеп тұр.
Биыл облыс диқандары да жатпай-тұрмай жұмыс iстедi. Облыста 156,1 мың гектар жерге егiн егiлдi. Оның 71,4 мың гектары — күрiш. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,2 мың гектарға артық. Мұндай көрсеткiш соңғы он жыл iшiнде алғаш рет тiркелiп отыр. Осы егiлген егiстiң әр гектарынан облыс бойынша орта есеппен 43 центнерден өнiм алынып, 300 мың тоннадан астам Сыр салысы қамбаға құ­йылған. Үкi­мет­тiң қолдауымен биыл облыстың ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 1,8 миллиард теңге бөлiндi. Осындай көмек пен қол­даудың арқасында бiтiк шыққан күрiштi диқандар дер кезiнде төк­пей-шашпай жинап алды. Ендi оны өз тұтынушысына жеткiзу iсi ғана қалды.
Күрiш жәрмеңкесi биыл облыста екiншi рет өткiзiлдi. Оның негiзгi мақсаты — күрiштi сату және өткiзу. Сондай-ақ, өсiрушi және өңдеушi шаруашылықтар мен жабдықтаушылар арасында тұрақты байланыс орнату. Мемлекет тарапынан бөлiнген қаржыға күрiш сорттары жаңаланып, егiске қажеттi тыңайтқыш пен жаңа техникалар, қажеттi жанар-жағармай алынды. Өндiрiлген күрiш Ресей, Украина және Әзербайжан секiлдi өзге елдерге де шығарылады.
Бұл тұрғыда Сырдария ауданындағы «Абзал и К» серiктестiгiнiң жұмысын атап өткен жөн. Серiктестiк бұдан төрт жыл бұрын Оңтүстiк Кореядан 375 мың долларға қажеттi құрал-жабдық әкелген. Қазiр зауыт тәулiгiне 120 тонна өнiм өңдей алады. Зауыттағы барлық жұмыс жүйесi толықтай авто­маттандырылған. Серiктестiкте әрқайсысы 500 текше метр болатын жылыжайлар бар. Тамшылатып суарудың израильдiк әдiсiне орай­ластырылып салынған бұл жы­лыжайда қызанақ пен қияр өсiрiледi.
Серiктестiк биыл бюджеттен бөлiн­ген миллиондаған қаржыға үлкен жол­ға шығатын көшенi күрделi жөндеуден өткiздi. Түймебай Айтбаев атындағы №132 қазақ орта мектебi 43 миллион теңгеге, ауылдық мәдениет үйi 21 миллион теңгеге толықтай жөнделдi.
Сыр бойы халқының берекесi кiре бастағанын осы өңiрге бiр келiп қайт­қан адам оңай байқайды. Сырдың бойы мыңғырған малға, қамбалар астыққа толатын күн де алыс емес.
 
Б.Төлесұлы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар