Си Цзиньпин «Қытай әлемдік көшбасшы болуға құлшынбайды» деп мәлімдесе де, ғасырдың орта шеніне қарай Қытай әлемдегі нөмірі бірінші мемлекетке айналады. Мұны оның әлемдік экономикадағы үлес салмағы мен саяси ықпалының артып келе жатқанымен байланыстыруға болады.

Мәселен, Трамптың келуімен АҚШ-тың әлемдік көшбасшылық позициясы әлсіреңкіреді. Трамптың өзі де «АҚШ өзінің ішкі мәселелеріне көбірек көңіл бөледі» деп айтқан еді, бірақ әзірге Трамп бұл мәселеде де әлсіздік көрсетіп отыр. Еуропа да қазір қиын жағдайды бастан кешіріп жатыр: Британияның одақтан шығуы, миграциялық мәселелер. Ал Ресейге келсек, ол өзін ірі ойыншы есепті көрсетуге тырысуда, алайда Қытаймен бәсекелес болуы екіталай. Сондықтан болашақта Қытайда мықты бәсекелес қалмайды. Осы жерде Қытай көшбасшыға айналатын жаңа әлемде Қазақстан және Орталық Азия елдері қандай орында болады деген сұрақ туады. Бұл жерде бірнеше нұсқаны сөз етуге болады. Орталық Азия және Қазақстан Қытай үшін маңызды. Өйткені Орталық Азия және Қазақстан – Қытаймен шекаралас елдер. Сол үшін де Қытай бұл аймақта тұрақтылық пен тыныштық болғанын қалайды. Себебі Қазақстандағы және Орталық Азия елдерінің қайсыбірінде тұрақсыздық болса, ол домино эффектісіне айналып, Қытайдың ішіне, соның ішінде Шыңжаң автономиялық аймағына да әсер етуі бек мүмкін. Міне, сол себептен де Қытай Орталық Азия елдерімен әскери және саяси жақтан тығыз байланыста болады. Және аймақтағы тұрақтылықты сақтайтын кез келген билікті қолдайды. Бұл – бірінші нұсқа. Екінші нұсқа – экономика. Қытай үшін Орталық Азия мен Қазақстан – шикізат көзі, транзиттік дәліз. Сондай-ақ қытай азаматтарының аталған аймақта өз позицияларын мығымдап, күшейте түскені де Қытай билігіне аса маңызды. Қытай диаспорасы болашақта саяси күшке айналуы да ғажап емес. Мұны өзге елдердің тарихынан да байқауға болады. Қытай диаспорасы ондаған жылдар бойы жинақталып, экономикалық ықпалын күшейткен соң, саяси күшке айналып, сол елдің ішкі ісіне араласады. Бұл өзі Қытайдың кең тараған тәжірибесі. Сондықтан да болашақта Орталық Азия елдерінің қайсысында болсын экономиканың белгілі бір секторын бақылауға алатын қытай диаспорасы пайда болуы мүмкін. Ал бұл өз кезегінде еңбек және этникалық қақтығыстарға апарып соқтыруы ықтимал.
Қытайдың экономикалық ықпалының өсу қарқынына қарағанда, жақын болашақта Орталық Азияда қытайдың бизнес элитасы қалыптасып, қытайшыл саяси топ пайда болуы әбден мүмкін.
Әскери жағына келсек, әзірге Қытай тек ОДКБ мүшесі есепті ғана көрініп отыр. Съезде Си Цзиньпин армияны дамытуға айрықша көңіл бөлінетінін айтты. Бұл дегеніміз – болашақта Қытай ірі әскери ойыншыға айналады деген сөз. Және Орталық Азияда қытай әскери базасы пайда болуы да мүмкін.
Орталық Азия елдері Қытаймен тең дәрежелі серіктес болуы үшін бірнеше қадамға баруы шарт. Біріншіден, екінші деңгейлі ойыншылар есептес үшін шикізат көзі болудан арылу керек. Ол үшін экономиканы дамытып, технологияларды игеруді жеделдету шарт және де Қытайдан басқа елдерден де инвестицияны көптеп тартуға күш салу қажет. Екіншіден, ішкі тұрақтылықты сақтау үшін билік пен қоғам арасындағы диалогты кеңейтіп, өрістету де аса қажетті шаралардың бірі. Егер елдегі тұрақтылық қоғамды күшпен ұстау арқылы жүзеге асырылса, онда мұндай тұрақтылық ұзаққа бармайды. Бұл өз кезегінде белгілі бір әлеуметтік толқуларға алып келуі мүмкін. Сол үшін де Орталық Азия елдері ерте ме, кеш пе, демократиялық кезеңдерге қадам басуы керек. Ал бұған Қытайдың қалай қарайтыны белгісіз. Қытайға Орталық Азияда авторитарлы режим болғаны қолайлы. Аталған аймақтағы саяси дамудың артта қалуы белгілі бір елдерде ішкі қақтығыстарға апарып соқтыруы мүмкін. Бұл жағдай өз кезегінде Ресей, Қытай секілді елдердің біздің ішкі ісімізге араласуына орай тудырмасына ешкім кепіл бола алмайды. Сол үшін де Орталық Азия елдері бір-бірімен қырғи-қабақ соғыспай, керісінше, бір блок – Орталық Азия елдері одағын құрғандары жақсы. Осылайша аймақтағы су, шекара, көші-қон мәселесін ешкімнің араласуынсыз өзіміз шеше отырып, аймақтың белгілі бір ұстанымын бірге қорғасақ, Ресей де, Қытай да, АҚШ та бізге құрметпен қарайтын болады.

Досым СӘТПАЕВ, саясаттанушы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Өтінеміз, атыңызды жазыңыз