1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Циничное, жестокое, отвратительное,  преступление: убийство Алтынбека Сарсенбаева – человека, который был последние годы моим политическим оппонентом. С ним вместе убиты его помощники. Председатель КНБ генерал Дутбаев сразу же излагает главе государства свою версию: за преступлением стоит кто-то из членов семьи президента – либо Рахат Алиев, либо Тимур Кулибаев, либо Кайрат Сатыбалды.
"Караван" №10, 10.03.2006
Автор: Дарига Назарбаева
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №18 (15476) 4 наурыз, бейсенбі 2010
"Жас Алаштың" отбасы және денсаулық қосымшасы.
4 наурыз 2010
Сауық ЖАҚАНОВА: Ыстық лебiзiмдi ерiмнiң естiмегенi үшiн өкiнемiн

Бұл кiсiнi бiлмейтiн қазақ кемде-кем шығар. Бiздiң баршамыз да ертеңгiсiн осы кiсiнiң даусымен оянатынбыз. Бұл кiм дейсiз ғой? Талай жыл Қазақ радиосының дикторы болған, диктор болғанда да өзiндiк үлкен мектеп қалыптастырған, қазақ тiлiнiң сыңғырлы әуезi мен сиқырлы әуенiн көмейiне сыйғыза бiлген талантты өнерпаз Сауық Жақанова.

Анам – он төрт құрсақ көтерген адам. Соның он екiсi, Құдайға тәуба, аман-есен­бiз. Барлығы да жоғары оқу орнын бiтiрген. Қазiр республикамыздың түкпiр-түк­пi­рiн­де жұмыстарын iстеп, немере-шөберелерiнiң қы­зығын көрiп отыр.
Мен он үш жасыма дейiн атамның көршi ауылда тұратын Жұмаш деген бауырының қолында тәрбиелендiм. Жұ­маш атам соғыстан оралмады. Ұлы Жаншен балалы-шағалы болған соң, он үш жасымда өз ата-анамның қолына келдiм. «Сенi алып кеткеннен кейiн әкең Мәс­ұ­ғұт күнде атқа мiнiп үйге ке­летiн. «Жай жүрсiң бе?» – деймiн түк бiлмеген­дей. Өзi сонда 21 жаста едi. «Жай, мал қарап...» – дейтiн. Қай-й-йдан, сенi көрiп кету үшiн келiп жүргенiн мен сезбейдi дейсiң бе? Iштен шыққан баласын қимайды ғой...» – деп апам мен есейгенде айтып отыратын.
– Сонда сiз туған әке-шешеңiздiң кiм екенiн бiлген екенсiз ғой?
– Кейiн бiлдiм... Көршi қызбен ойнайтынмын. Бiрде оның шешесi: «Сенiң туған әке-шешең көршi колхозда тұрады, соны сен бiлесiң бе?» – дедi сыбырлап. Бiр түрлi болып, үндемей қалдым. Үлкен кiсiлер: «Кiмнiң қызысың?» десе, апамнын атын атайтынмын. «Әкең кiм?» десе, оның ұлы Жан­шендi атайтынмын. Апам қарт кiсi, ал ұлы – жап-жас. Көршi әйелдiң сөзiнен кейiн бала болсам да осыны ойладым. Сол күннен бастап апамдардан бiр түрлi қаш­қақтай бастадым. Жазғы каникулда туған үйiме барамын. Iшiм бiледi, осы үйдiң баласы екенiмдi. Еркелей­мiн кеп. Бiр күнi iнiммен ренжiсiп қалдым. Шешем: «Үлкенсiң ғой...», – дедi маған жекiп. «Сен кiмсiң маған дауыс көтеретiндей? – де­дiм шешеме. – Үйiме кете­мiн». Киiмiмдi жинап, жолға шықтым. 5 шақырымдай жаяу жүрдiм. Қорқа бастадым. Жан-жағыма алақтап, қарап қоямын. Бiр уақытта сайдың iшiнен тонды терiс жамылып киген бiр адам шыға келiп: «Қайда барасың?» – дедi қарлығыңқы дауыспен. Танып қойдым. Анамның iнiсi Кеңес! Ол менi алдап-сулап, керi қайтарып алып кеттi. Иә, ол кез балалық шақтың қайталанбас кезеңдерi ғой...
Туған ата-анамның қо­лында бiр-ақ жыл тұрдым. Он төрт жасымда Алматыдағы әкемнiң қарындасы Биғайша апамның қолына келiп, №12 мектепте, одан кейiн университетте оқы­дым.
– Қалалық болдыңыз ғой?
– Жоқ. Мен өзiмдi асфальттың баласымын деп есеп­темей­мiн. Ауылдың қы­зымын. Неге екенiн бiл­мей­мiн, жұрттар «Қарағандылықтар қазақтың салт-дәстүрiн сақтамайды. Се­бе­бi, онда орыстар көп» деп жатады. Бұл – дұрыс емес. Салт-сананы, дәстүр­дi сақтайтын нағыз қарағандылықтар! Жаңарқаға келiн болып түскендер аяғына шұлық киедi, басына орамал тартады. Алматыдан, Астанадан жоғары оқу орнын бiтiрiп келгендердiң өзi қазақтың әдет-ғұрпын жақсы ұстайды. Үлкендердiң алдында иiлiп тұрады. Түсiк жасату деген жоқ, «Құдайдың бер­генi» дейдi де туа бередi. Батыр аналар көп. Жағдайлары да жаман емес.
– Ал өзiңiздiң жағда­йыңыз қалай?
– Күйеуiм марқұм орыс­тiлдi едi. Енем қазақтың мақал-мәтелдерiн қосып сөй­лей­­тiн адам болатын. Өте бiр жақсы адамдар-тұғын. Айтпақшы, бұл кiсiлер бiз­бен көршi тұратын. Болашақ қайын енем сөмкесi тола тамақты көтере алмай келе жатқанда, талай рет алдынан жүгiрiп шығып, екiншi қабатқа дейiн көте­рiсiп баратын едiм. Баласына менi мақтай берсе керек, сөйтiп Марлен екеумiз қо­сылдық. 25 жасымда тұр­мыс­қа шықтым (Ол кездiң түсiнiгi бойынша «25 жастағы қыз – кәрi қыз» деп есептелушi едi).
Екi ұлым бар. Үлкенiм 37-де, кенжем 32-де. Екеуi де – бойдақ. Қолымда немере келiнiм тұрады. Екi айлық Анель деген сәбиiмiз бар. Үйленбей жүрген ұлдарым да, мен де сәбидiң даусын естiп, кәдiмгiдей арқа-жарқа болып қалдық.
Орысшам шамалы, балаларыммен қазақша сөйле­се­­мiн. Бiрақ, балаларымның қазақшасы ғажап деп айта алмаймын. Зейнеткерлiкке шық­­сам да, Т.Жүргенов атын­дағы өнер институтында, әл-Фараби атындағы мем­ле­кеттiк ұлттық универ­сите­тiнде сабақ беремiн. Қазақ радиосында да ­ж­ұ­мысым бар. Шынымды айтайын, радио ғимаратына жақындағанымнан-ақ көңiл-күйiм көтерiлiп сала бередi.
2001 жылдан кейiн 7 жылдай үйде отырып қалдым. Өзiмдi ешкiмге керек­сiз сезiндiм. Аурушаң да болып кеттiм. Рас, ол кезде де Жүргенов атындағы өнер институтында сабақ бер­дiм. Бiрақ, радиосыз... Ол уақыт мен үшiн қиын жыл болған едi... Екi жыл бұрын Жүрсiн Ерман радиоға шақырды. Қуанғанымды көрсе­ңiздер! Радио маған күш-қуат бередi. Жан-дүнием жарасымдылық табады.
– Қазақтың Левитаны атанған Әнуарбек Байжанбаевпен бiрге қызметтес болыпсыз...
– Иә. Басшылар жауап­кершiлiгi мол шығармаларды Әнекең (Әнуар Байжанбаев) екеумiзге беретiн оқуға. Ол кезде оқитын шығармаңның қай жерiнен тыныс алу керегiн қарындашпен белгiлеп қоя­тынбыз. Қазiргiдей «мына жерден кiдiрiс жаса», «мына жерден дем ал», «мына әрiптi соз», «мына әрiптi таза айт» деген болмайтын. Дыбыс жазу аппараты да жоқ болатын. Бiрден эфирге шығамыз.
«Пионер серiгi» атты мек­­тепке арналған, балалар туралы радиохабар жүретiн эфирден. Сол радиожурналды жүргiзу Әнекең екеумiзге жүктелген болатын. Радио­ға жаңа келген кезiм. «Пионер серiгiндегi» алғашқы хабарым. Дiрiлдеп, өз-өзiме сенiң­кiремей оқыған болуым керек, Әнекең: «Не­ге қор­қыңқырап отырсың? Бұлай болса, мен сенi­мен бiрге эфирге шықпаймын» – дедi маған. «Менi қайрағаны» деп түсiнiп, өз-өзiмдi қолға алдым... Әнекең өте кiшiпейiл, қарапайым кiсi-тұғын. Атымды атамай, «Сә­ке, бiр әрпiн де қисайтпай оқып шықтың», – дейтiн риза болған сәтте. Әнекеңмен бiрге ұжымда Асыл Рақымжанова, Мырзабек Қуатбаев, Мәм­бет Сержанов, Қа­ти­ра Әзiм­баева және тағы да басқа мықты дикторлар болды.
Тыңдармандар Әнекеңдi танысын, танымасын, әйте­уiр, хатты көп жазатын. Баласы оқуға түсе алмай қалса да, iстi болып жатса да, Алматыдағы дәрiгерлерден ем алғысы келсе де көмек сұрайтын да жататын. Әне­кең де қолынан келгенiнше көмегiн аямайтын. Бiрақ, жеке басына келгенде еш­кiм­нен ештеңе сұрамайтын.
– Ал сiз ше? Қазақстанға белгiлi дикторсыз. Соны жеке басыңыз үшiн пайдаланған кезiңiз болды ма?
– Болды. Ұмытпасам, 1993-94 жылдары болуы керек. Бiрде кенже iнiм Ерболаттың армиядан келе жатқанын естiдiм. Жеделхат ауылға барғанша да екi-үш күн өтедi. Шешеме бұл жақсылықты жеткiзу керек қой. Сонымен «Шалқар» радиосынан «Қарағанды облысы, Еркiндiк ауылының тұрғыны Зира Мақанқызына туыстары сүйiншi сұрап хат жолдапты. Зираның Ерболат деген баласы әскери борышын өтеп келе жатыр екен. Зира Мақанқызына арнап мына өлеңдi жолдаймыз» деп айтып жiбердiм. Зира Мақанқызына Жақанова деген фамилияны қоспадым. Басшылар бiлiп қоя ма деген қауiп қой баяғы. Мұны көршiлер естiп, анамнан «балаң келе жатыр» деп сүйiншi сұрапты. Анам: «Кiм айтты?» десе, «Радиодан Сауық айтты» дептi. Менi бiлетiн анам: «Қой, Сауық радиодан олай айтпайды. Мүмкiн емес» – дейтiн көрi­недi. Осылайша радионың бiр пайдасын шешеме ти­гiз­генiм бар.
– Сiздiң даусыңыз кей­де Зәмзәгүл Шәрiповаға ұқсап ке­тедi...
– Иә, ол кiсiнi ұстаз тұтқаным, елiктегенiм рас. Менiңше, дауыс ырғағы, дауыс мәнерi жөнiнен бiрде-бiр әртiс ол кiсiге жетпей­дi. Бiрақ, тым ұқсап кетуге де болмайды. Әркiмнiң өз қолтаңбасы, өзiндiк үнi болуы керек деп ойлаймын.
– «Құрмет Белгiсi» орденiн қай жылдары алдыңыз?
– 1985 жылы Бүкiл­одақтық радионың 60 жылдығы қарсаңында. Пен­дешiлiктi қойсаңшы, бұйрық шығып, ор­дендi алғаннан кейiн менiң үстiмнен Орталық Комитетке «Камал Сма­йыловтың жерлесi бол­ғандықтан алды» деген секiлдi домалақ арыз түсiптi. Ол арызқойдың кiм екенiн iшiм сездi, әрине. Камал Сейiт­жанұлы Телерадионың төр­а­ғасы едi. Жиналыс болды. Бәрi бiр да­уыспен: «Сауыққа ор­ден лайықты берiлдi», – деген қорытынды шығарды.
– Арыз жазған адам отырды ма жиналыста?
– Отырды.
– Ұялған жоқ па?
– Ұялған да, қызарған да жоқ. «Қазақстанның Еңбек сiңiрген әртiсi» деген атақ­қа үш рет ұсынылдым. Екi ретiнде де аяқтан шалды. Әйтеуiр, 1995 жылы берiлдi ғой бұл атақ. «Мен тұрғанда ешқашан ондай атақ алмайсың!» – деген адамдар да болды. Тiзiмде «ҚР-ның ха­лық әртiсi» деген атаққа әйелдердiң арасында мен бiрiншi тұрдым. Бұл атақты алсам, кезек те ары қарай жылжиды емес пе? Жоқ, етектен тартып, жоғары қа­рай жiбермейдi ғой бұ қа­зақ. Бiз еврей сияқты емес­пiз. Етектен тартқанды жақсы көремiз.
– Өкiнiшiңiз?
– Қатты өкiнетiнiм... Тоғыз жыл бұрын жолдасымнан айырылдым. Кезiнде «жұмыс-жұмыс» деп, күнi-түнi радиода жүрдiм.    Кү­й­еуi­ме көп көңiл бөле алмадым.
Бiз, қазақ әйелдерi, қы­зықпыз ғой... Бәрiн iшiмiзде сақтаймыз. Отыз-ақ жыл бiрге өмiр сүрiппiз. Өте қыс­қа. Сүйiп қосылғаннан кейiн «сенi сүйемiн» деп айтпаппын да. Қазақ әйелдерiнiң көбiсi солай. Сезiмiмiздi iшiмiзде тежеп ұстаймыз. Мүмкiн, «еркекке тiке қарамау керек», «артық-ауыс сөз айтпау керек» деген секiлдi тәрбиеден кейiн шығар ештеңе айта алмағаным... Қазiргi жастар бiр мез­гiл iшкi сезiмiн жан жолдасына бiлдiрiп отыруы керек. Менiңше, сүйiп қосыл­ған жарың болғаннан кейiн, ұяттық жоқ. «Тiреушiм болып жүргенiңнiң өзi маған қанат бiтiредi» деп жарыңа, балаңа айтқан дұрыс. Әрине, әдеп керек, бiрақ, «ұят-ұят» деп жан жарыма деген ыстық лебiзiмдi iшке сақтағаным үшiн және ол лебiздi ерiмнiң естiмегенi үшiн өкiнемiн.
– Әңгiмеңiзге рахмет!
Әңгiмелескен –
Сәлима ЫСҚАҚОВА.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті