1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақтың жауы – қазақ» деп шулап келеміз. Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауы – неміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, әлі де екі бөлініп отыр, «кәрістің жауы – кәріс» деп ешкім айтқан жоқ, Вьетнам қақ жарылып қақтығысқанда «вьетнамның жауы – вьетнам» деп ешкім айтқан жоқ.  «Адам – адамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нәрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?
Автор: Мұхтар Мағауин, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш № 89 (16171) 8 қараша, сейсенбі 2016
"Жас Алаштың" отбасы және денсаулық қосымшасы. Дайындайтын Меруерт Хусаинова
8 қараша 2016
Жарық сәуле – кiтапта

Жас жеткiншектердiң әде­биетке құштарлығы күн өткен сайын азайып бара жат­қандығы жасырын емес. Бұған дейiнгi: “Балалар теледидардан көз алмайтын болды” дегенiмiз жай нәрсе екен. Жас өркеннiң санасын жаулаған көк жәшiкке ендi компьютер қосылды. Соның салдарынан баланың интеллектуалдық деңгейi төмендеп қана қоймай, рухани жан дүниесi де жұтаңдану үс­тiнде.

Егер байқаған болсаңыз, бастауыш сынып оқушыларының денi белгiлi бiр мәтiн бойынша өз түсiнiгiн айтып бере алмайды. Ал оқуын оқиды, тiптi мүдiрмей, жел­дiртiп оқып шығады. Өйткенi мектепте бiрiншi сыныптан бастап-ақ баланың “техникалық оқу жылдамдығы” тек­серiледi және әр сыныпқа бекiтiлген норма бар. Былайша айтқанда, мектеп баланы кiтапты ойланып оқуға үйрет­пейдi. Осы орайда, Экзю­перидiң: “Тек жүрек қана – шын мәнiсiнде көреген. Ең негiзгi нәрсенi көзбен көре алмайсың” деген бiр сөзi ойға оралады. Яғни кiтап оқуға үйретудегi мақсат – баланы кез келген шығармаға жүрекпен бойлауға баулу болса керек-тi.
Ертеректе шетелдiк бiр жазушы әйелдiң өзiнiң әдебиетке қалай келгендiгi туралы естелiгiн оқығаным есiм­де. Соғыс кезi болса керек. Әлгi кiсi – ол кезде кiшкентай қыз. Бiр күнi үлкен жолдың бойымен кiтап тиелген арбаның өтiп бара жатқандығын көрiп, арбакештен кiтап­тарды қайда апара жатқанын сұрайды. Сөйтсе, арбакеш оларды өртенген кiтапха­надан алып шығыпты, “жойылып кетпесiн” деп, қауiпсiз­деу бiр жерге апара жатқан бетi екен. Осы жайттан ерекше әсерленген қыз бала, қиылып сұрап, бiрнеше кi­тапты алып қалады. Iшiнде Андерсен ертегiлерiнiң толық жинағы да бар болып шығады. Түрлi-түстi мұқабамен шыққан бес томдықта бiрде-бiр сурет болмайды. Бiрақ әлдебiр ғажайып күшке ие сол кiтаптарды түнiмен жата-жастана оқуды сүйiктi iсiне айналдырған балауса қыз, бара-бара өзiнiң қараңғылықтан, түнектен қорқатын әдетiн де ұмытып кетедi. Оқыған әрбiр ертегiсi ата-анасы оққа ұшқан қорғансыз бүлдiршiнге келер күн, атар таңға деген кiшкентай болса да үмiт сәулесiн сыйлап, жүрегiн жылытады, басын жастыққа қойып, бiр мезет болса да алаңсыз ұйқыға кетуiне жәрдемдеседi...
Мiне, кiтаптың құдiретi! Осы ретте, баланы кiтап оқуға үйретудегi басты мақсат – көркем шығарманы жалаң, жадағай қабылдамай, ләззат алып оқуға машықтандыру болса, қанеки!    
Шетелдiк психологтар өз кеңестерiне жүгiнетiн жасөс­пiрiмдерден: “Не үшiн кел­дiң? Ненi үйренгiң келедi?” деп сұрағанда, көпшiлiгi: “Өз ойымды еркiн жеткiзе бiлуге үйренсем...” деп жа­уап бередi екен. “Неге бұ­лай? Неге олар өз ойын жет­кiзiп айта алмайды?” дегенде мамандардың айтатыны: “Оларды бала кезiнен “Дұрыс жауап – жақсы, ал қате жауап – жаман” деп үйреткен. Соның салдарынан баланың ой-өрiсi бұғауланған, ал интуициясына мүлде “тыйым салынған”... Ал балғын жастың ой еркiн­дiгiн дамытып, iшкi түйсiгiн арттырудың бiрден-бiр жолы – оны кiтаппен дос­тастыру.
Шын мәнiсiнде, кiтапты, жалпы, әдебиет әлемiн – түнгi аспандағы жұлдыздар­ға теңеуге болады. Ол әркiм­нiң көкiрек көзiн ашады, санаға сәуле түсiредi, түнек­тiң iшiнен жол табуға же­телейдi.
 

Н.ҚОҢЫР

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті