1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
  “Шымбұлақ” тау шаңғысы курортының 25% Н.Назарбаевтың меншiгiнде. Мәселен, Болат Назарбаев “Шымбұлақта” екi үйi болғанын қалады. Мұнымен курорт басшысы Сергей Гитолов келiс­пептi. Сонда оның басына тапаншасын тақаған президент­тiң iнiсi: “Қазiр сенi жайратып салу маған түкке тұрмайды. Бұл үшiн маған ештеңе болмайды“ деген.  “Шымбұлақтағы” үйлердің иелері: Н. Назарбаев, Б. Назарбаев,  Д. Назарбаева, Ә. Назарбаева, Т. Құлыбаев, К. Мәсімов, И. Тасмағамбетов, Қ.Саудабаев, Н. Әбіқаев, А. Шабдарбаев, Б. Мұхамеджанов, Н. Сұбханбердин, Т. Досмұхамбетов, Б.  Өтемұратов, С. Қалмырзаев, А. Есімов, Д. Ахметов, А. Машкевич, П. Шодиев, Ә. Ибрагимов, С. Гиталов, Ә.Арғынғазин, А. Клебанов, В. Храпунов.
Автор: Виктор Храпунов, Алматы қаласының бұрынғы әкімі. “Республика” газетi. 03.10.2011ж.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №2 (16188) 10 қаңтар, сейсенбі 2017
"Жас Алаштың" отбасы және денсаулық қосымшасы.
10 қаңтар 2017
Отбасындағы озбырлық

Бiр шаңырақтың астында өмiр сүретiн ерi мен әйелiнiң бiр-бiрiне дауыс көтерiп, тiптi қол жұмсауы, яғни отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесi – адамзатты алаңдатып отырған мәселелердiң бiрi. Мұндай кездерi көп жағдайда таяқ жеп, қорлық көретiн – әйел заты.  Әлемде әрбiр бесiншi әйел ерiнен таяқ жейдi. Ал бiздiң елiмiздегi айымдардың 60 пайызы отбасында ерiнен зорлық-зомбылық көредi екен. Заман өзгерiп, уақыт зымырап алға басқанмен, еркек әйелге әлiмжеттiк жасауын қояр емес. Мұның себебi неде? Еркек неге есiредi? Әйел неге таяқ жейдi? Осы сауалдарға жауап iздеп көрейiкшi.

“Ұрса, демек сүйедi” деген сөз жалған”, – дейдi психолог мамандар. Бұл – көне заманнан қалған, еркектердiң өз қылығын ақтап алу үшiн ойлап тапқан сөзi. Әрине, әйелiне қол көтерген еркектiң бәрiн оңбаған деуге келмес. Себебi психикалық жағынан ауытқуы болмаса, денi сау еркек себепсiзден-себепсiз әйелiне қол көтермейдi. “Кей жағдайда әйел тiлiнен табады”, – деген де түсiнiк бар. Ал кейбiр еркектер ащы судың арқасында батыр болып, жарын соққыға жығып жатады. Өкiнiшке қарай, зорлық-зомбылыққа әуес, психикасында ауытқуы бар еркектер де аз емес көрiнедi. Әйелiн аямай, үздiксiз сабайтын да – солар. Олар өз балаларын да аямайды. Сондықтан мұндай еркекпен бiр шаңырақтың астында тұрған әйелдiң бақытты бола қоюы неғайбыл. Бақытты болмақ түгiлi, күндердiң күнiнде жазым болып, немесе мүгедек болып қалуы да мүмкiн. Үнемi ұрыс-керiс пен жанжалдың арасында өскен баланың да болашағы бұлыңғыр. Психикасы өзгерiп, денсаулығы сыр беруi ықтимал. Қыз бала болса, әкесiнiң қылығын көрiп өскендiктен еркектерден түңiлiп, ер адамға деген жиiркенiшпен бойжетуi, соның кесiрiнен болашақта тұрмыс құрмай, жалғыз қалуы да мүмкiн. Ер бала болса, ұяда көргенiн iстеп, келешекте оның да әйелiн ұрып-соқпасына кiм кепiл? Психологтар әйелiне қол жұмсайтын еркектердiң басым бөлiгi әкесiнiң анасына жұдырық жұмсағанын көрiп өскендер екенiн айтады. Ал ерiнен қанша таяқ жесе де мұны қалыпты жағдай санап, төзiп жүре беретiн, сөйтiп өзiн құрбандыққа айналдыратын әйелдер де – жастайынан шешесiн әкесiнiң қалай ұрғанын көрiп өскен бойжеткендер.
Көп еркек әйелiн қызғанғаннан соққыға жығады. Қызғаныштың да түр-түрi бар. Кейбiреулер әйелiн еркек бiткеннен қызғанады, ендi бiреулер әйелiнен сезiктенедi, жұбайының жүрген-тұрғанын аңдып, телефонын тексерiп әбiгерге түседi. Ал ендi бiр ер-азаматтар әйелiнiң өзiнен асып кеткенiн көре алмайды. Жұрт өзiн емес, жарын мақтап жатқанға шыдамай, оңаша қалғанда өшiн әйелiнен алады.
Ал еркек әйелiн неге қызғанады? Өйткенi еркектердiң басым бөлiгi әйелдерiн өзiнiң жекеменшiгi, мүлкi деп санайды, оған жоғарыдан төмен, өзiне тәуелдi жан ретiнде қарайды. Сүйген жарына өзiмен тең тұлға ретiнде қарайтын еркек ешуақытта оған зорлық-зомбылық көрсетпейдi. “Әйел еркектiң қабырғасынан жаратылған. Сондықтан ол еркекке бағынып, соған қызмет етуi керек” деген түсiнiк ер-азаматтардың санасына әбден сiңiп қалған.
Күйеуi қызғаншақ әйелдер ерiне кешiрiммен қарап, “қызғанады, демек сүйедi” деп өзiн жұбатып, алдарқатып өмiр сүредi. Күйеуi ертеңiнде “жаздым, жаңылдым” деп кешiрiм сұрап, аяғына жығылғанда бәрiн ұмытып, кешiре салады.
Психологтар мұны шығар жолы жоқ шеңберге балайды. Күйеуiнен таяқ жейтiн айымдардың көбi “ерiм түзеледi, ұрғанын қояды” деген үмiтпен, сенiммен өмiр сүредi. Ал ерi әйелi еш қарсылықсыз көне бергеннен кейiн соққыға жығуды әдетке айналдырып алады.
Психологтардың пiкiрiнше, күйеуiнiң зорлық-зомбылығына ұшырайтын әйелдер – өздерiн жете бағаламайтын, өздерiне сенiмсiз жандар. Ал өзiн жоғары бағалайтын, жақсы көретiн жан өзгенiң қорлығына ешқашан төзбейтiн көрiнедi. Сондықтан ерiнiң зорлық-зомбылығынан құтылғысы келген әйел ең алдымен өзiн жақсы көрiп, бағалауды үйренгенi жөн.
Қазақ әйелдерiне тән бiр қасиет – көпшiлiгi ерiнен таяқ жейтiнiн жария ете бермейдi, елге күлкi болғысы келмейдi. Кейбiр еркектер әйелi үндемеген сайын басынып, есiре бередi. Сондай есiрген бiр еркектiң он бес жыл отасқан жарына iстеген озбырлығын көрiп, жағамды ұстадым..
Сайын мен Айгүлдi бәрi бақытты отбасы санайтын. Екеуi де жұмыс iстейдi, екi бөлмелi пәтерлерi, шетелдiк көлiктерi бар. Өмiрлерiнiң жалғасындай желкiлдеп өсiп келе жатқан бiр ұл, бiр қыздары бар. Бiзбен көршi тұрды. Бiр күнi әлдебiр шаруамен үйлерiне бардым. Есiктiң қоңырауын баспақшы едiм, ар жағынан шыңғырған әйелдiң дауысын естiдiм. Не iстерiмдi бiлмей тұрып қалдым. Бiр уақытта есiктi Сайын ашты. Түрiне қарасаң, дым болмаған сияқты. “Шыңғырған дауыс бұл пәтерден емес, басқа жақтан шығып жатқан болды ғой, әлде теледидардың даусы ма екен?”, – деген ой миымда жарқ еттi. Келген шаруам Айгүлде болғандықтан, Сайыннан Айгүлдi сұрадым. Ол: “Айгүл ауырып, жатып қалды” дедi. Осыдан 1-2 сағат бұрын көргенiмде сап-сау жүрген едi, таңғалдым. “Айгүлде тығыз шаруам бар едi” деп мен де кете қоймадым. Бiр кезде бөлменiң есiгi ашылды да, басын орамалмен орап алған Айгүл кiрдi, бетi-көзi домбығып iсiп кеткен. “Ауырып жылап едiм, содан ғой түрiм быт-шыт, кешiр” деп келiп, қасыма отырды. Сол күннен кейiн мен Айгүлге басқаша көзбен қарай бастадым. Анықтап қарасаң, оның көзiнде үнемi мұң тұрады. Ешқашан жарқылдап күлмейдi, жұмысы бiте сала үйiне асығады. Есiк алдында отырғанда да күйеуiнiң келе жатқанын көрсе болды, дереу үйiне кiрiп кетедi. Сәтi түсiп бiр күнi екеумiз оңаша қалдық. Мен әңгiменi төтесiнен бастадым. “Шыныңды айтшы, Айгүл, Сайын саған қол көтере ме?” деп едiм, солқылдап жылап қоя бердi. Алғаш үйленгеннен таяқ жеп келедi екен. Басында ата-анасының жүрегiн ауыртпайын деп жасырып келiптi, одан кейiн елдiң сөзiнен намыстанып, осындай күй кешiп жүрген көрiнедi. “Жеңгелерiм: “қол көтермейтiн еркек болмайды, қызғанғаннан кейiн ондай болады, уақыт өте, балалы болғаннан кейiн қояды” дегенге төзiп бақтым, сөйтсем қоятын түрi жоқ, мүлде үдеп барады. Менi қоспайтын еркегi жоқ, күлiп қарағанның бәрiмен “сен төсектессiң” деп, кiнәсiз қорлайтынын айтсаңшы. Екi баламның да көрген күнi күн емес. Менi сабап жатқанда екеуi бiрiн-бiрi құшақтап, бүрiсiп жылап отырады”, – деп ешкiмге айтпаған сырымен бөлiскенде, өз құлағыма өзiм сенбедiм. Сайынның есiргенi сондай, Айгүлге ендi “жұмыстан шық” деп отырған көрiнедi...
Мұндай жұптар елiмiзде аз емес. Қазақы отбасында тәрбие алған, анасының “ер адамды сыйлау керек” деген ақылын құлағына құйып өскен қыз бала ерге шыққаннан кейiн сүйген жары талай соққыға жықса да мұны қалыпты жағдай деп санап, ұзақ уақыт бойы төзiп жүре бередi. Ал төзбегендер ажырасып кетедi.
Психолог мамандар әйелдерге “ерiңе өзiңдi сыйлата бiл” деген кеңес бередi. Яғни алғаш қол көтергенде соған төзiп отыра бермей, қарсылық көрсеткен жөн. Мұндай жағдай қайталанса, бiрге тұрмайтыныңызға оның көзiн жеткiзiңiз.
Кейбiр әйелдер күйеуiнен қанша қорлық көрсе де, балалары үшiн онымен ажырасудан бас тартады. Әлбетте, балаға ана да, әке де керек. Ал анасын аяусыз тепкiлейтiн қатыгез әке балаңызға қажет пе? Аяушылықты бiлмейтiн жан баласына қандай тәрбие бермек?..
 

Жанар ҚҰРМАНҚҰЛҚЫЗЫ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті