1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақстандық ұлт» идеясы да бiзге сырттан таңылып отырған нәрсе. Бұл идеяны өзiмiздiң шала қазақтар да қолдап, қолпаштап жүр. Олжастарға (Сүлейменов) керегi осы. Неге? Өйткенi, «қазақстандық» болсақ, қазақ тiлiнiң қажетi болмай қалады. Президенттiң өзi де, оның айналасындағылар да балаларын да, немерелерiн де қазақша оқытқан емес! Оқытқысы да келмейдi! «Қазақстандық ұлт» деген сылтаумен қазақты әуелi орыс, сонан кейiн ағылшын жасамақ.
«Жас Алаш» газеті, №50, 24.06.2008 ж., 4-5 беттер
Автор: Мұхтар Шаханов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №23 (16209)   18 наурыз, сенбі 2017
"Жас Алаштың" отбасы және денсаулық қосымшасы.
19 наурыз 2017
Ана жүрегі кешірімшіл

Рамазан айының жұма күнінде бұл өмірдегі сапарын аяқтаған анамыз Шәмша Әбіләкімқызы фәни дүниеге аттанды. Анамыз «келместің кемесімен» ақ сапарға аттанып жатқанда «жағалауда тұрған» (Мұқағали) қарттар жағы «Ойпырмай, Аллаға қай ісі ұнады екен?! О дүниелік тілегінің бәрі орындалды-ау!?» деп жатты. Үлкендердің ұйғарымы маған алғашқыда ерсілеу көрінгенімен, көкейімде қалып қойды. Ана баланы өмірге әкелсе, бала ананы мәңгілік сапарына аттандыратын өмірдің заңына бағынсам да, үлкендердің сөзі есімнен кетпей, анам туралы жиі ойланатын болдым.
Ол кісіні базбіреулер сияқты ерекше еді, өзгеше еді дей алмаймын. Бар болғаны қарапайым қазақ әйеліне ғана тән тірлік кешкен. Яғни қазақ әйелінің типтік бейнесі дер едім. Кәдімгі қазақ әйелі... Өзін ойламайтын, қолына түскенін қонағына сақтайтын, табысын өзіне емес, бала-шағаға жұмсайтын, отбасының, балаларының, елінің амандығын тілейтін қазақ әйелдерінің бірі болған екен.
Құландының даласын мекендеген Шөмекей бай әрі емшілігімен танылған Әлінің немере қызы еді. 1928 жылы дүние-мүлкі талан-таражға түскен, аштық жылдары отбасын аман сақтау қаракетімен Арал теңізінің жағасына он екі қанат ақ ордасын тігумен бір сандық балықты қалдырып, үдере Әйтеке би ауданына көшеді. Атасы қонатын жердің ыңғайын іздеп көштен бұрын кетеді. Ауылда қалған үлкендер Айкенже әжесіне аналарынан ерте айырылған үш қызды аштан қинамай, мойындарына тас байлап теңізге батырып кетуге кеңес береді. Алдағы күндері бұлыңғыр болса да, асыл әже үш қызды өгіз арбамен қайнағасы Әліге жеткізеді.Үш немересін тірі көретініне күмәнданып тұрған Әлі қарт қыздарын аман-есен көргенде сақалын жас жуып, кішісі – менің анамды алдына алады. «Өмір үшін күресім осы кезден басталды», – деп отыратын анамыз.
Аз уақыт өткен соң нағашы атам Әбіләкім Көлішбайдың он сегіз жастағы «кәрі қызы» Тыныштық әжемізбен бас қосады. Әжем І.Мәмбетовтің «Өгей шешесіндегі» ана бейнесіне ұқсайтын. Қолына түскен тәттілерін, алмаларды тығып сақтап қоятын. Кейде біз барғанша алмалар шіріп те кететін.
Ақтөбедегі оқиғаны естігендегі байламына әлі қайран қаламын. Оқыс оқиғаны естігенде «Қазақтың балалары ел аман, жұрт тынышта қырылып болды-ау. Әй, бұларға біреу бірдеңе берген. Тегін емес, тегін емес», – деп басын шайқаумен болды. Жанеркесіне: «Айсәуле аман-есен босанса, ендігі жерде елде тыныштық болсын, әрі әжесінің аты, қыз бала болса – Тыныштық, ер бала болса – Еламан қойыңдар», – деп аманат етуі де тіршілікте татар дәмінің таусылар шағын сезіп отырса да, «өзім өлген соң не болса о болсын» демей, елге деген тілегінің өзгермегені байқалады. Әжесінің қазасынан кейін жиырма күн салып дүниеге келген ұрпағына заманауи ат қойғымыз келсе де, ана тілегін қабыл алып, аманатын орындап Еламан атадық.
Анамыз қазақ тілінің жанашыры болатын. Ауыз әдебиетін жақсы білетін. Жұмбақ, мақал-мәтелдерді, әсіресе, соғысқа кеткендердің елге өлеңмен жазған хаттарын жатқа айтатын.
Ол кісі тірі жүре беретіндей жазып алған өлеңдерімізді ұқыптап сақтамағанымызға өкініп те жүрміз. Білімдері болмаса да, ата-анамыз ана тілімізді сүюге қызмет жасады. Бейіт басынан келе жатқан азаматтардың бірі: «Қазақшылықты жақсы білетін көнекөздердің соңы еді. Әттең, уақыт бөліп көп нәрсені үйрене алмадық», – деген екен. Әр нәрсені қарап ой қорытып отыратын. Бірде теледидар қарап отырғанбыз. «Осы Алматы мен Астанадағылардың іші ауыра ма?» – дегені. Сұрағына түсінбеген маған «Қайдан білейін, орысша сөйлесе аузы аузына жұқпайды. Қазақша сөйлесе ы-ы-ы дейді де тұрады», – дейтін.
Анашым жол жүріп кетсем, газет-журналдарымды жинап қоятын. Балаларға да бермейтін. Біреумен бір мәселені талқыласа, «Жас Алашта» жазған» деп отыратын. Дүние жинағаннан гөрі ел-жер көруге, білім алуымызға, білім жетілдіру үшін кітап, газет-журнал жаздырып алуымызға көбірек ықпал жасайтын. Оларды аяқасты еткізбейтін. Ғылым деп бағалайтын.
Кәдімгі қазақ әйелі сияқты балажан еді. Бірақ біз тәрізді сезімін сыртқа шығара бермейтін. Балалар далада ойнап жүргенде «шай ішіп ал» десек, «баланың айқайы жоқ жерде ішкен шайы құрысын» деп балаларынсыз ас ішпейтін. Қайран, ана жүрегі!
«Ойпырмай, Аллаға қай ісі ұнады екен?! О дүниелік тілегінің бәрі орындалды-ау!?» дегендерге анамның ең керемет ерекше қасиеті – кешірімшілдігі еді дегім келеді. Хадисте «Кешірімшіл адам – Алланың сүйікті құлы» деген екен. Иә, анам кешірімшіл болатын. Тіпті өзіне зәбір көрсеткен жандарды да кешіре білді-ау...
Анам Наурыз тойы мен айт мерекесін жақсы көретін. Наурыз деген қарттың баласы болмаған. «Атаусыз кететін болдым», – деп мұңайған қартқа Тәңірім: «Қар еріп, жер-дүние құлпырғанда халық сені есіне алатын болады», – депті. Содан бері наурызкөже пісірілетін болған дейтін. Сол шын шығар.


Сая ТӨЛЕУОВА
Шалқар қаласы
Ақтөбе облысы

 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті