1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Сталин ашқан Академия тәуелсіздікке қол жеткен кезде жабылды. Қазақ Үкіметі оның жабылуына айдың күннің аманында жол берді. Бұл – біздің саяси жүйенің қателігі. Бұл – факт.  Сөйтіп, 70 жылдан астам тарихы бар Қазақ Академиясының құны бар-жоғы 500 доллар болып шыға келді. Оның бағасын Үкімет те, академиктер де солай деп бағалады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №43 (16229)   30 мамыр, сейсенбі 2017
"Жас Алаштың" отбасы және денсаулық қосымшасы.
30 мамыр 2017
Өкінем бе, білмеймін...

Қазақстанда суррогат аналар көбейіп келеді. Суррогаттық, яғни құрсақ ана болу соңғы кездері құлағымыз үйренген құбылысқа айналды. Шарананы тоғыз ай көтеруге келіскен ананың құрсағына сәбидің биологиялық ата-анасының гаметалары енгізіледі. Осылайша әйел нәрестені тоғыз ай көтеріп, дүниеге әкеліп, шынайы ата-анасына табыстайды. Елімізде суррогат ана болудың заңдық құқықтары қарастырылған.
Біз бұл мақалаға кейіпкерді көп іздедік. Құрсақ аналардың бір-екеуі бірден бас тартты, біреуі үй ішімен ақылдасып, ақыры қажетсіз деп шешті. Ал Н. ханым ұзақ ойланып барып келісімін берді. Дегенмен атын ашып айтпауымызды өтінді. Төменде құрсақ ананың жан сырын қаз-қалпында ұсынып отырмыз.

...Мен өз өміріммен бұрынғыдай күн кешуге тырысып жүрмін... Бірақ жаратылыс заңы – ұлы заң. Ол – ең қатал, қайырымсыз, қатыгез, бірақ әділ заң. Дүниеге келмеуге қалай шарасыз болсаң, өлмеуге де солай дәрменсізсің.
Мен сізге басымнан өткен жағдайды баяндап берейін. Біреуге болмаса да, біреуге ой салар.
Наурыз айы. Жұмыста құрбымның таныстары суррогат ана іздеп жүргенін, табылмай жатқанын әңгімелеп отыр екен. Әңгімеге қосылмай, өз орныма жайғаса бердім. «Н., сен құрсақ ана болуға қалай қарайсың, денсаулығың мықты, әп-әдемі үш қызың бар», – деді құрбым. Жымиып қана: «Сен де айтады екенсің-ау», – дей салдым. Одан әрі сөз қозғап жатпадық.
Сол күні ол құрсақ ана іздеп жүрген А. есімді әйелге мен туралы біраз мәлімет беріпті. Ертеңіне ұялы телефоныма қоңырау соғылды. Жұмыс орным таяу жерге келуімді өтінген жасы үлкендеу кісінің бетін қайтармадым, бардым.
Ұзақ сөйлестік. Бес күн бұрын А.-ға түсінде біреу аян беріпті. «Бұл бекер емес, бекер емес», – дей берді ол. Шынында да, екеуміз бір-бірімізге қатты ұқсайды екенбіз.
«Жарымыз екеуміз отасқалы 17 жыл өтті. Қазақстандағы бар мүмкіндікті пайдаландық, шетел асып қаралып та көрдік. Болмады. 14 жасымда соқырішегім жарылып, өмір мен өлім арасында жаттым. Әкем қомақты қаражатпен Оңтүстік Кореядан дәрігер алдырып, мені аман алып қалды. Бірақ сол кезде жасалған отаның зардабын әлі тартып келемін. Мені қалайда аман алып қалуды көздеген дәрігерлер, басқа ештеңеге мән бермей, аналық безімнің оң жақ бөлігін алып тастапты. Бала көтеру бақыты бұйырмаған әйел заты – тым бақытсыз. Күйеуім мені қатты жақсы көреді. Бөлек кету ойында тіпті жоқ. Бірақ кім ұрпағының жалғасқанын қаламайды дейсіз? Өзіңе үміт артып, алыстан келіп тұрмыз... Сен де түсін мені, өтінемін, гинеколог дәрігерге барып тексеріліп көрейікші...»
Аядым ба, әлде көңілін аулағым келді ме, жай тексеріліп көруге шешім қабылдадым. Біз, А. мен оның жұбайы С. үшеуміз, «Ана мен бала» орталығына бардық. Мені тексеріп көрген дәрігер қуанып кетті. «Сізден айырылуға болмайды бізге», – деді. Суррогат ана болғысы келетін қыз-келіншектердің көбісі жеңіл жүрісті, денсаулықтары жарамайды екен. С. мен А. қатты қуанды. Мен күйеуіммен ақылдасатынымды айттым.
Мән-жайды жолдасыма айтып түсіндірген соң, келесі күні төртеуміз жолықтық. Күйеуім менің жағдайымды қатты ойлады, «денсаулығыңа зиян болмай ма?» деп қайта-қайта сұрады. Өзім де денсаулығым үшін алаңдай бастадым. Бірақ гинеколог бар талаптарды түсіндіріп, бәрі жақсы болатынына сендірді. Біз келістік...
Мені екі ай бойы дайындады. Алған дәрі-дәрмектің қаражатын ерлі-зайыптылар өздері көтерді. Дәулетті болғандықтан, олар ештеңе аяған жоқ. Нотариусқа барып, көлемділеу сомаға келістік. Ұрықты жатырыма саларда суррогат аналарды көрдім. Үлкен жастағы әйелдер, басқа ұлттың қыз-келіншектері де отырды. Бірақ қазақтың ұлттық мінезі мұндай жайттарды ашық айтуға ешқашан жібермейді ғой. Бір келіншек: «Мен суррогат ана емеспін, өзімнің туған әпкеме туып беремін», – деп қызарақтады.
Көтеріп жүрген нәрестем өз жұбайымдікі болмағандықтан, өзімді іштей дайындап жүрдім. Психологиялық өзгерістер де болды. Күйеуіме, қыздарыма дұрыс көңіл бөле алмай жүргеніме қынжылумен жеті ай уақыт өтті. Баланы жарық дүниеге әкелер кезде қасымда А. мен С. болды. Толғағым жеңіл болды, өзім босандым. Бірақ тоғыз ай емес, жеті айлық еді. Егіз ұл... Ұл туғаныма іштей қуандым бір сәт, оның өз балам емес екені есімнен шыққан болуы керек...
Балалар дұрыс жетілгенше инкубаторда жатты. Біреуі бір айдан соң шетінеп кетті. Екіншісі қазір ата-анасының қасында.
Мен перзентханадан шыққан соң төртеуміз мейрамханаға бардық. С. мырза қатты қуанып жүр екен. Олардың жайнаған жүздерін көру маған ауыр тиді. Бірақ А.-ның ана бақытын сезінуіне себепкер болғаныма бәрібір іштей шүкіршілік еттім. Мені риза ғып қайтаруды ойлаған олар сыйлықтарын жасап, ақша салынған конвертті қоярда-қоймай қалтама салып жатты. Кетер-кеткенше алғыс айтудан шаршамаған әйелдің бақытты жүзін көрсеңіз ғой!
Қазір, Аллаға шүкір, денсаулығымда ешқандай кінәрат жоқ. Отбасыммен қалыпты тіршілік кешіп жатырмын. А. мен С. алғыс айтып әлі күнге хабарласып тұрады. Тіпті ұлдың суреттерін уатсап арқылы жібереді. Мен жібермеуін өтінемін. Көрмегенім жөн екенін сеземін.
Бір жылдан соң төртінші қызым өмірге келді. Дегенмен... бір өкініш бәрібір жанымды өртейді. Өзім ғана ұғатын, ал өзгеге беймәлім бір мұң көңілімнен кетпей-ақ қойды...

Жазып алған Жанерке АХМЕТ, ҚазҰУ-дың студенті

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті