1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақ» деген мемлекет болмаған, «қазақта шекара болмаған» деген сыңар-езу дүниелер біз үшін өте-мөте қиын мәселе болып отыр. Бұл – сан ғасырлық тарихы бар халық үшін өте ауыр жала. Еліміз, жеріміз, шекарамыз болмаса, бұл жерге қайдан келдік? Бізге ұлан-ғайыр бұл даланы кім әкеліп берді? Бұл жердің өз иесі бар, аумағы бар. Оның иесі – қазақ.
Автор: Бекболат ТІЛЕУХАН
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №53 (16239)   4 шілде, сейсенбі 2017
"Жас Алаштың" отбасы және денсаулық қосымшасы.
4 шілде 2017
«Енемді жек көремін...»

Осы әңгімені айтуға Айман келін себепкер болды. Бірде онымен жол-жөнекей кездесіп қалдым. Маған ол көңілсіз көрінді, қабағы түсіп кетіпті. Айман көрші үйдің келіні, өзі Қызылорда жақтың қызы болатын. Көптен көріспегендіктен, амандық-саулық сұрасқан соң әңгіме тиегін ағытты.

– Енеміз Қадиша өзі бір қызық адам. Қулығына құрық бойламайды ғой, шіркін. Өзіңіз білесіз, біз үйде үш келінбіз. Құдайға шүкір, енемнің немере-шөберелері де баршылық. Не түлен түртетінін кім білсін, енеміз біздің арамызға от тастап отырғанды жақсы көреді. От тастағаны емей немене, екі келінді бір-біріне айдап салып, қырылыстырып қояды. Қайта біз оның бұл қылығына кешіріммен қарап, «кәрілік қой» деп елемегенсиміз. Бірақ қашанғы шыдаймыз, болмай жатқан соң біздің де тулап алатынымыз бар. Келіндерді қойып, ұлдары мен келіндерінің арасына да килігетінін қайтерсіз. Ұлдарына әйелдерін жамандап, оларды іске алғысыз етіп, тіпті ажырасуға дейін үгіттейтініне өзіміз күнде куәміз. Алжыған шығар деп қоя салайын десең, үдеткен үстіне үдетеді. Мен осындай адамдарды түсінбеймін. Оларға, шынында, не жетпейді? Мәселен, баласын маған қарсы қойып қойды, содан ба, күйеуім салқын қабақ танытады. Бір шаңырақтың астында тұрып екі басқа адамдай өмір сүреміз. Төркініме кетіп қалайын десем, балаларымды ойлаймын, оның үстіне төрт баламен қайда барамын? Әлгінде ғана мені абысыныммен шағыстырды. Болмашы нәрсе үшін бет жыртыстық. Енеміздің әдейі істегенін екеуміздің де ішіміз сезеді. Бірақ көңіл бір атым насыбайдан қалады емес пе... Шіркін, енесі жақсы келіндердің не арманы бар екен!? Шынымды айтсам, отбасын ұйытып отырудың орнына берекесін кетіретін енемді жек көремін, тіпті көргім келмейді... – деп мұңайды Айман.
Айманның сөзінің жаны бар. Қадиша кемпірді мен де жақсы танимын, отырған жерінде келіндерін ылғи жамандап жүреді. «Қу аяқ қайыршылар, түк көрмегендер...» деп сырттарынан сыбап жататынын еститінмін. Бірақ келіндері ол кісі айтқандай емес, тәрбиелі, ибалы, үлкеннің алдын кесіп өтпейтін ізетті жандар екенін ауыл-аймақ түгел біледі. Десе де, ененің әңгімесі анадай.
Ал мен білетін тағы бір ананың, Салиқа әжейдің келіндері, керісінше, шайпау болып кезікті. Қит етсе көздерін жасқа бұлап долданып, енелеріне қарай шапшып тұрады. Салиқа әжей задында өте момын, жуас адам. Содан ба, бұл үйдің келіндері өздерін ханшайымдай сезініп, асып-тасып жүргені. Аналары кезінде мұғалім болғандықтан шығар, бұл үйдің ұлдары өте тәрбиелі, сабырлы, еңбекқор жандар болатын. Үлкенді сыйлап өскен олар әйел затын да ерекше қадірлейді. Ал мұндайды басқаша түсінетін келіншектері «менің ғана айтқаным болсын» деген ұстаныммен өмір сүретін сияқты. Салиқа ананың келіндерінен көңілі қалып, жабырқап отырғанын талай көрдім. «Балаларын баққаннан басқа не жаманшылығым болды, солар үй болып кетсін деп қолымнан келген көмегімді аямаймын, сонда да келіндерім ылғи көңіліме тиеді», – деп көкірегі қарс айырылады абзал ана.
Міне, екі отбасындағы екі түрлі жағдай. Жас қой деп келіндерді кінәлайын десең, үлкен боп жетісіп тұрған ата-ене жоқ. Бетімен кеткен деп жастарды тағы кінәлай алмайсың. Оларға үлгі-өнеге, жөн-жосық көрсетеді деген үлкендер жағы әлгіндей әрекеттерге барса, жастарға не деп кінә қоярсың? Жастардың да, айта берсек, кемшіліктері аз емес. Беттен алып, төске шабатын бейәдеп, көргенсіз жастар да жетерлік. Мұның бәрі, айналып келгенде, сол тәрбиенің кемшіндігінен болар деп ойлаймын. Әсілі, тәлім-тәрбиенің өзегі, үлкенге құрмет, кішіге ізет дегендей қарапайым қағидалар да, негізі, қанмен берілетін қасиет пе деймін. Өйткені айтқызбай-ақ бәрін өз ретімен келтіріп, жан-жүрегімен сезініп түйсінетін жандар қай кезде де жаныңнан табылады. Сондай жандарды көргенде қуанасың, өзіңе үлгі тұтып, солардай болуға талпынасың.
Менің екі жеңгем бар, бүгінде олардың жасы елуден асып, алпысқа таяды. Әлі күнге дейін сыйластығымыз артпаса, кеміген емес. Сол жеңгелерім осы күнге дейін жас болсақ та, біздің алдымызды кесіп өтпейді. Дастарқан басында бізден ешқашан жоғары отырған емес. Байқамай атымызды айтып қалса, әжелеріміз ренжіп жататын. Шіркін, сол кісілердің тәлімі қандай десеңізші. Қазіргі келіндер атыңды атамақ тұрмақ, әуелі өзіңді қолбаласы секілді жұмсап отырады. Енді оған бұрыстығын қалай айтып түсіндіресің, егер өзінде не өре, не тәрбие болмаса...
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп бабалар бекер айтпаса керек-ті. Отбасында берілетін тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге жас өскінге өмір бойына азық болатынын ескерсек, ата-ананың да жауапкершілігі аз емес екені белгілі. Дұрыс тәрбие беру үшін ең әуелі өзің үлгілі болуың керек. Сондықтан ең алдымен тәрбие, тәртіп мәселесін, әсіресе қыз балалардың тәрбиесін жолға қойсақ, осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алған болар едік. Отбасындағы негізгі тәрбиені беретін – ана, өйткені бала қашанда шешеге жақын. Сол себепті аналарымыз да өздерінің отбасы, ошақ қасының ұйытқысы, жанұяның тірегі, әсіресе қыз баланың өзіне қарап бой түзеп өсетінін естен шығармаса дейміз. Сонда жаман ене, шайпау келін болмас еді...

К.ҚАДЫРБАЕВА
Талғар ауданы
Алматы облысы

 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті