10 қараша 2009
“Вакцина егiлсе де, тұмаумен ауырдық” дейтiн адамдар бар...

Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының мәлiметiнше, тұмау жыл сайын 250-500 мың адамның өмiрiн жалмайтын көрiнедi. Бұл ауру, әсiресе, 2 жасқа дейiнгi сәбилер мен жасы 65-тен асқан қариялар үшiн қауiптi. Тұмаудың алдын алудың бiрден-бiр жолы – оған қарсы вакцина ектiру. Тұмауға қарсы вакцина қаншалықты тиiмдi? Оның керi әсерi бар ма? Оны қай уақытқа дейiн ектiрген дұрыс? Осы сұрақтарды вакцина клиникасының меңгерушiсi Татьяна Носковаға қойдық.
– Елiмiзде тұмауға қарсы егу жұмыстары жүрiп жатқаны белгiлi. Тұмау вакцинасының әсерi мен пайдасы туралы айтып берсеңiз.
– Бұл вакцина өте тиiмдi. Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымы маусым-шiлде айында түрлi зерттеу, талдау жүргiзiп, жыл сайын тұмауға қарсы вакцинаның жаңа түрiн шығарады. Әдетте тұмаудың екi А және бiр В типiне қарсы вакцина жасалады. Бiрақ, биылғы жылы А/Н1N1 доңыз тұмауының мутацияға ұшырамаған түрi мен А/Н2N3 және В типiне қарсы вакцина ойлап табылды. Мiне, бұл вакцина инфлювак деп аталады. Ол тауық эмбрионында өсiрiлген А және В түрiндегi тұмау вирустарының антигендерiнен тұратын үш валенттiк белсендiлiгi жойылған вакцинаның түрi. Адам тұмаумен ауырғанда оның ағзасында тұмауға қарсы антигендер пайда болады. Тұмауға қарсы вакцинаның да дәл осындай әсерi бар. Вакцина егiлген соң тұмауға қарсы күресетiн антигендер ағзада өздiгiнен пайда болады. Сондықтан ағзаңыз тұмаумен ауырып-сырқамаса да, оған қарсы тұра алады.
– Тұмау вакцинасының қандай жағымсыз әсерi бар?
– Вакцина қолдануға болмайтын жағдайлар бар. Бiрiншiден, егер адамның дене қызуы көтерiлсе вакцина егуге болмайды. Екiншiден, тауық ақуызына немесе вакцина құрамындағы өзге заттарға асқан сезiмталдығы бар адамдарға вакцина егiлмейдi. Ауырып тұрған адамға вакцина егiлген жағдайда тұмауға қарсы иммунитеттiң әсерiн азайтуы мүмкiн. Сондай-ақ кейбiр адамдар ағзасына вакцина керi әсер етуi де ықтимал. Вакцина егiлген алғашқы бiр-екi күнде терi қызарып, ауырсынуы, температураның көтерiлуi мүмкiн.
– “Вакцина егiлсе де, тұмаумен ауырдық” дейтiн адамдар бар...
– Олар тұмаумен ауырғандар емес, вирустың өзге түрiн жұқтырғандар. Бiр ғана ОРВИ вирусының 150-ден астам түрi бар. Сондықтан да бұған қарсы вакцина ойлап табу қиын. Нелiктен тұмауға қарсы вакцина шығарылады десеңiз, бұл – ең ауыр және қауiптi вирус.
– Тұмауға қарсы вакцина қай мерзiмге дейiн егiлгенi жөн?
– Ағзаның тұмауға қарсы қорғаныштық қабiлетi екi аптаның iшiнде пайда болатындықтан, вакцина қазан-қараша айларында егiлгенi дұрыс. Өйткенi, адамдар қараша-желтоқсан айларында-ақ тұмауға шалдығады. Тұмаудың алғашқы толқыны осы кезде басталады. Жалпы алғанда, вакцина қабылдау ешқашан кеш емес. Бiрақ, оны ертерек еккен анағұрлым тиiмдi. Тұмаудың алғашқы толқынынан кейiн ектiрсеңiз де кеш емес, әрине. Себебi, қаңтар-ақпан айларында тұмаудың екiншi, үшiншi толқыны келетiнiн естен шығармаған жөн.
– Тұмауға қарсы вакцина аллергиямен ауыратындарға қалай әсер етедi? Аллергиялық әсерi болуы мүмкiн бе?
– Жоғарыда айтып өткенiмдей, тауық ақуызына сезiмталдығы бар адамдарға вакцина қабылдауға болмайды. Яғни, тауық етiн не жұмыртқасын жей алмайтын адамдар вакцина ектiрмегенi жөн. Қысқасы, тауық ақуызына аллергиясы барларға вакцина ектiрмеңдер деп кеңес беремiз.
– Дегенмен, вакцина егуден бұрын оны дұрыс сақтау, тасымалдау дегендей талаптар бар емес пе?
– Әрине. Бiрiншiден, оны дұрыс тасымалдау керек. Екiншiден, вакцина 2-8 градуста, яғни тоңазытқышта сақталуы керек. Ал мұздатқышта немесе 20 градус ыстықта сақталған вакцинаның токсикологиялық әсерi болмаса да, ол ағзаға тiптi әсер етпеуi мүмкiн.
– Тұмауға қарсы вакцина қай елден әкелiнедi?
– Вакцина шетелден әкелiнедi. Мәселен, инфлювак Норвегияда жасалады.
– Әңгiмеңiзге рахмет.
Әңгiмелескен
Елнұр Бақытқызы (суретте).




