12 қараша 2009
Қайыршылықтың қазақы кәсiпке айналғаны ма?

Алматыдағы орталық мешiттiң маңынан әр өткен сайын қайыр сұрап отырған қазақ келiншекке көзiм түседi. Қасында өрiмдей қаракөз қызы мен ұлы бар. Қайыршылыққа олар да әбден үйренiп алған, қастарынан өте қалсаң болғаны, көздерiн жәудiретiп, қолдарын жая қояды. Ежелден ата кәсiбi саналатын тәжiк келiншектерi жас сәбилерiн емiзе жүрiп қайыр сұрап жүре бередi. Оған ешкiм таңғала да қоймайды. Бiрақ, ұлын ұлықтап, қызын үкiлеп өсiрген қазаққа бұл тiптен жат. Бұрын көше-көшелерде тиын-тебен бермесең жаныңды суырып алардай артыңнан қалмайтын тәжiк пен сығанның балалары ғана жүретiн. Қазiр олардың қатарына қазақтың қаракөздерi де қосылды. Бұл не? Неге қазақ баласы қайыр сұрауға мәжбүр? Оның ата-анасы қайда қарап жүр?
Қайыршылық бiздiң елде де “ата кәсiпке” айналып бара ма? Өйткенi, бiзде де өзге елдердегiдей қайыршылық қылып дүние жинау үрдiсi орын ала бастады. “Жұртқа көзiмдi сатқанша маңдай терiммен күн көрем” дейтiн ауылдан келген арыстай азамат таңертеңнен қара кешке дейiн арба сүйреп, iшер асын әрең тапса, күнұзақ әрi өткен, берi өткенге сұрамсақтана қарап отыратын әр қайыршы кешкiсiн күнiне кемiнде 3-4 мың теңге табады екен. Бiр мысал. Орталық мешiт маңында қайыр сұрап жүрген кiшкене қазақ баласы бар. Есiмi – Ербол. Басында кiшкене қарсыласқанымен, соңынан ол көсiле сөйледi. Соған қарағанда, қолына ұстатқан қаражат өз рөлiн ойнаған сияқты. Оның айтуынша, олар отбасымен осы кәсiппен айналысады екен. Әкесiнен басқалары. Ал шешелерi кiшкентай қарындасы екеуiн жетектеп, күнде “жұмысқа” шығады. Қарындасы кiшкентай болғандықтан, шешесiнiң қасында тапжылмай отырады. Ал Ербол мешiттiң төңiрегiне тоқтаған мәшинелерден жүгiрiп жүрiп қайыр сұрайды. Күнделiктi табыстары жаман емес. Жоғарыда айтқан 3-4 мыңды бұлар да табады. Жұма күндерi бұл сома екi-үш есеге артып кететiн көрiнедi. Бiрақ, сонда да берекелерi кiрiп көрмептi. Таң атқаннан кеш батқанша арақтан аузы құрғап көрмеген әкесiне шешесi де қосылып iшедi. Осылай бiр күнгi табыстары олардың сол күнгi iшiмдiгi мен тамағынан да артылмайды. Ал жасы жетiден асып сегiзге таяп қалған менiң кiшене досым әлi күнге дейiн мектептiң табалдырығын аттап көрмеген. Баласының бiлiм алуын ойлап тұрған ата-ана да көрiнбейдi. Ал, Ербол болса оны ойлағысы да келмейдi.
Кiшкене баланың бұқпастан бар шындықты жайып тастап, мөлдiреп қарап тұрған көздерiне қарап, ерiксiз ата-анасын iшiмнен бiр сыбап алдым. Неге ата-анасы баласын жеткiзудiң орнына, оның тапқанына iшiмдiк iшiп, күнелтiп отыр?
Қайыршылықтың қазақ қоғамына қалыпты құбылыс ретiнде сiңiсiп кеткенiне кiмдi кiнәлаймыз? Халық игiлiгiн талан-таражға салған үкiметтi ме, барына ие бола алмаған қазақты ма? Әлде рухани азғындаған сол қоғамның өзiн бе? Иә, иә қайыршылықты рухани азғындықтың бiр белгiсiне жатқызуға болады. Себебi, мүмкiндiгi бола тұра өз еңбегiмен ақша табудан бас тартып, өткен-кеткеннен телмiре қайыр сұраған адамды басқаша қалай атайсыз? Ал, өз баласын осындай қорлыққа итермелеген ананы ше? Қайыр сұрап тапқан баласының тиынына арақ iшiп жүрген әкенi рухани азғындар қатарына қоспағанда қайтемiз.
Айман, 40 жаста:
– Жесiрмiн. 4 балам бар. Шиеттей балаларымды осылай бақпасам, басқа амалым жоқ. Алматыда пәтер жалдап тұрамыз. Оның да ақшасын уақтылы төлемесек, далада қаламыз. Өзiмнiң ғана тапқаным не болады? Сондықтан балаларымның да қасымда жүретiнi рас. Әрине, оларға жаным ашиды. Бiрақ, менiң басқа амалым жоқ.
Бәтима апай, 65 жаста:
– Балаларымның бәрi есейiп, өз алдына күнiн көрiп кеттi. Мен болсам жалғыз қалдым. Жалғыз зейнетақым неге жетсiн? Ал жұмыс iстейтiн қауқар менде қазiр қалмады. Сондықтан күнделiктi нан-шай пұлымды табу үшiн қайыр сұраймын. Кеудеңде жаның болғаннан кейiн әлi де тырбанып, өмiр сүргiң келедi ғой. Менiкi тiрiдей аштан қалмаудың амалы ғана. Бұдан байып кетейiн деп жүрген мен жоқ.
Сiз не дейсiз?
Айжан Құдайбергенова,
Республикалық ғылыми-практикалық психиотерапия, психоанализ және наркология орталығының психологы:
– Менiңше, қазiргi қалыптасқан жағдай, қаржылық дағдарыс адамдарды қайыр сұрауға мәжбүрлеп отыр. Қайыршылық – күнкөрiстiң бiр түрiне айналды. Жоғарғы жақтан мәселе шешiлiп жатыр дегенмен де, жұмыссыздық күннен-күнге артып келедi. Сондықтан жұмыссыз халық қайыр тiлеуге мәжбүр. Бұл – тiкелей қоғамдық құбылыстардың салдары. Ал қайыр сұрап жүрген қазақ балаларына келер болсақ, олар да халықтың әлеуметтiк деңгейiнiң төмендiгiнiң бiр белгiсi. Өйткенi, отбасылық жағдайы жақсы балалар қайыр сұрауға шықпайтыны белгiлi. Яғни, олар тұрмыстық деңгейi төмен немесе әке-шешелерiнiң бiрi жаман әдеттерге әуес отбасының балалары. Бұл қазiргi қазақ қоғамында осындай отбасы санының артып келе жатқанының көрiнiсi. Ал, ол өз тарапынан болашаққа да керi әсерiн тигiзедi. Себебi, дәл сол жаста бала жеке тұлға ретiнде қалыптасады. Оның қандай болып қалыптасуы қоршаған ортаға байланысты. Көшеде қандай орта болсын? Балаға тұлғалық қасиеттер қайдан келсiн? Ол бала дұрыс бiлiм де ала алмайды.
Инга Иманбай





Уәж айту