1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
САУАЛНАМА
Тележүргiзушi Аружан Сайын президенттi «Такси» телеойынына шақырып, 37000 теңге ұтып алуға болатынын айтты. Бұған Н.Назарбаев неге үндемеді?
Жүлде қорын қомсынғандықтан (17.8%)
Интелектуалдық қарым-қабiлетiне күмәнданғандықтан (24.3%)
Ресейден алынған көшiрме бағдарлама қызықтырмағандықтан (14.4%)
Ойын-сауықпен әуестенетiн жастан әлдеқашан өтiп кеткендiктен (43.6%)
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №78 (15432) 29 қыркүйек, сейсенбі 2009
"Жас Алаштың" отбасы және денсаулық қосымшасы. Дайындайтын Салима ЫСҚАҚОВА
29 қыркүйек 2009
Латыш қызы

Бұл 1954 жылдың жазында болған оқиға едi. Балдыберектiң арғы бетiнде машинадан түсiп жатқан екеуге ауыл адамдары тұс-тұстан қарап, аңтарылып тұрып қалды. Екеудiң бiрi – орта бойлы толықша келген, сымбатты жас жiгiт те, екiншiсi – шашын желкесiнен қырқып қойған, жiңiшкелеу ақсары қыз. Олар машинадан түсiп, түйiншектерiн арқалаған күйi көпiрден берi өтiп, ауылға беттедi. Осы кезде ересектердiң бiрi: “Ойбай-ау, Үсiп қой, өзiмiздiң Дияшбай атамның баласы”, – деуi мұң екен, жұрт келе жатқан екеуге қарай лап қойды. Өңшең жалаң аяқ балалар оларға жұрттан бұрын жетсе де, тосырқағандай тұрып қалды.
Үсiп балалардың көбiн танымаса да, кейбiрiн ата-аналарына ұқсатып шырамытты. Жүгiрiп келiп, балаларға қолын созып едi, олар қол алысып амандасу орнына бәрi бiрдей жабылып құшақтай кеттi. Бiрi иығынан, бiрi тiзесiнен құшақтады, оларға үлкендер келiп қосылып... бәрi мәре-сәре болды да қалды. Кейбiреуiнiң көздерiнен қуаныш жасы да мөлдiреп шығып жатыр. Ал шетте тосырқай қарап тұрған ақсары жiңiшке қызбен ешкiмнiң де iсi болмады.
Бұрын қазақ арасында болып көрмеген, сонау Пермь қаласынан келген жас қыздың осында жеткенше алып ұшқан жүрегi су сепкендей басылып, құлазып кеттi. Өзiнен-өзi жабырқап, келген жағына қайтып кеткiсi де келдi.
Жоқ. Кете алмайды! Мынау топтың iшiнде мұның ең қымбат, ең қимас, сүйiктi адамы бар. Ол адаммен өмiрде не кездессе де бiрге көремiн деген уәдесi бар. Сонау Пермь қаласында жүргенде қазақтың дархан даласын, сол даласындай кең пейiлiн есiтiп, сол жердi көргенше асығатын. Келгенде дәл осылай күтiп алар деп ойлаған емес. “Танымайтын адамына сөйтетiн шығар” деп өзiн-өзi жұбатты. Оля да жұртпен бiрге үйге кiрдi. Үлкенi де, кiшiсi де өз тiлдерiнде бiр нәрселердi айтып, Оляға таңырқай қарады.
Ер кiсiлер Үсiптi ортаға алып, текемет үстiне жайғасты. Бала-шаға, әйелдер есiктiң шығар көзiне дейiн иiн тiресiп тұр. Тұра беруге ыңғайсызданған Оля чемоданын шеткерi бұрышқа қойып, өзi үстiне отырды да, жеңiне қыстырған кiшкене бет орамалын алып, маңдайының терiн сүрттi.
Осы кезде хабар алған Дияшбай қарт та астындағы қыршаңқы болған торы байталымен жетiп, есiк алдына домалап түстi де, атты кермеге байлауға шамасы келмей, жүгiре басып үйге кiрдi.
– Құлыным-ау, сенi де көретiн күн бар екен ғой, – деп бас сал¬ғанда, екi көзден аққан жас сақалын жуып кеттi. Үсiптiң көзiне де мөлдiр тамшылар үйiрiлдi. “Көз жасын ешкiмге көрсетпеймiн” деп әке бауырына тығыла түскенде, кеуденi белгiсiз бiр тылсым күш билеп, өксiп-өксiп жiбердi. Қуанышты сөздер әр көмейден бiрiнен кейiн бiрi ағытылып жатыр.
– Оу, бүгiн ақ түйенiң қарны жарылған күн, аш анау сандықты, Үсiп¬ке деп сақтап жүргенiң бар болар,– деп есiк жақтағы бiреу Қаным апайға бiр, төрдегi сандыққа бiр қарап қойды.
– Ойбай-ау, бәрi де болады, – деп сасып қалған Қаным апай төсектi ақтара салып, сандықтағы бар тәттiсiн көсiп-көсiп алып, дастарханға шашты.
– Сен де жақын отыр, шырағым, Қаратөбеге бара жатқан баласың-ау, ендi жақын қалды, асықпай шай iшiп бар, қазiр қайнап қалар, – деп Қаным апай Оляны ендi көргендей, дастарханға шақырды.
Оля өзiне бiр нәрсе айтылғанын бiлдi де, “түсiнбедiм” дегендей Үсiпке қарады. Үсiп өзiнен-өзi қатты қысылды. Жолда “елге келе жатырмын” деп хат жазғанмен, Оля жайында ешнәрсе айтпаған едi. Жазуға шалдан қо¬рыққан. Қырсық шал “көрсетпе көзiме” десе, ал¬ған бетiнен қайтпасы өзiне мәлiм. Мiне, қазiр де осыншама жұрттың көңiлiнде еш күдiк жоқ. Бәрi де Оляны Қаратөбеге бара жатқан жолаушыға жорып отыр.
Оля орнынан қозғала қоймаған соң, Қаным апай оған ымдап дастарханды нұсқады. Оля көрсеткен орынға жайғасқанда, бiр қарт:
– Қызымка, сенiкi ауыл где? – дедi. Оля тағы да “түсiнбедiм” дегендей Үсiпке қарады. Үсiп қинала отырып, Оляның өзiнiң өмiрлiк жары екенiн айтқанда, үстiнен бiр ауыр жүк түскендей болды.
– Әй, аузыңа құм құйып алғандай үнсiз отырғанша, айтпайсың ба маналы берi, – деп үлкендер жағы Үсiпке жабысса, жастар мен жеңгелер Оляның басына үлкен ақ орамалды айқара жауып, басқа бөлмеге алып кеттi. Тiлi, салты, әдет-ғұрпы бөлек осы бiр көңiлдi топтың ортасында неге болса да көндiм дегендей, Оля қазақтың жаңа түскен келiншек¬те¬рiнше сызылып кетiп бара жатты...
Үсiп Дияшбаев 1943 жылы соғысқа аттанады да, Брест үшiн айқасқа қатынасады. Содан немiс басқыншыларын Берлин қаласына дейiн қуып барып, бұлардың бөлiм¬шелерi 1947 жылға дейiн сол қалада аялдап қалады. Содан 1947 жы¬лы өз бөлiмшесiмен Пермь қаласына келедi де, Үсiп 1954 жылға де¬йiн осында тұрады. Ольга Федоровна Дрке деген латыш қызымен де осы арада танысып, тұрмыс құруға серт байласады. Ольга Федоровнаға қазақтың тiлiн, салтын, әдет-ғұрпын үйрену алғашқы кезде қиын соққанымен, жаңа ортаға тез-ақ көндiгiп кетедi. Тiптi, ауыл адам¬дары кейiнiрек Ольга апайды тү¬рiнен болмаса, киiмiне, тiлiне қа¬рап қазақтан ажырата алмайтын.
Содан берi талай жыл өттi... Бiрнеше ұл-қыз тәрбиелеп, олардан бiрнеше немере сүйген Үсiп ақсақал мен Ольга апай о дүниелiк болғалы қашан. Елдiң есiнде қалу, ел тамсанып, еске алып жүру үшiн мiндеттi түрде бастық немесе бай болудың қажетi жоқ екен. Олар өмiр бойы колхозда еңбек етiп, қарапайым ғана өмiр сүрдi. Адал еңбегi үшiн Үсiп Дияшбаевтың омырауына “Құрмет” орденi де тағылды. Ақ адал еңбегiмен, ақ ниет, таза махаббатымен көпке үлгi, өнеге болған екi қарт бiздiң ауыл адамдарының мәңгiлiк жүрегiнде қалды. Әлi күнге дейiн Үсекеңнiң аңғал мiнезi мен Ольга апайдың қазақ тiлiн үйренудегi қызықтарын ауыл адамдары тамсана айтып, сағынышпен еске алып отырады.


Әбдiраш ДӘУIТОВ,
Оңтүстiк Қазақстан облысы.

 

ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар