19 қаңтар 2010
Дүнгеннiң әйелдерi моншақты, бала-шағасы он шақты болады

Жамбыл облысында өткен жылы 30 мыңға жуық сәби жарық дүние есiгiн ашыпты. Ресми мәлiметтерге қарағанда, осы сәбилердiң 70 пайызы – өзiмiздiң қаракөздер. Әрине, Жамбыл облысы қазақ ұлты көп қоныстанған аймақ, осының да әсерi бар екенi анық. Ал бiр отбасындағы балалар санының көптiгi жағынан келгенде дүнген, ұйғыр, өзбек, түрiк, күрд әйелдерi дес бермей тұр.
Қазiр көп босанатын әйелдер ең алдымен осы дүнген, өзбек, ұйғыр, түрiк, күрд әйелдерi, сосын барып қана қазақ әйелдерi екен. Онда да көбiнесе оралман отбасыларының әйелдерi көрiнедi. Дүнген, күрдтердiң бiр отбасында орта есеппен 9-10 бала болады. Ал қазақ әйелдерi соңғы жылдары бала санын төртеуден әрiге асырмайтын болды. Бiр кездерi «Алтын алқа» қазақ әйелдерiнiң омырауында жиi жарқылдаушы едi. Қазiргi аналар алтын алқаға дейiн алқынып қалатынды шығарды. Әрине, отбасында бала санының кемiп кетуiне ең алдымен тұрмыстық жағдай себеп болуы мүмкiн. Қаржы дағдарысы, жұмыссыздық, кедейшiлiк, жалақының аздығы... Бәрi-бәрi отбасының әлеуметтiк жағдайына әсер етпеуi мүмкiн емес қой. Бiрақ жыландай жылжып, күн сайын құрсауы қыса түскен бұл қиындықтың бәрi тек қазақ отбасыларының ғана басына түсiп отырған жоқ. Бiр шаңырақтың астында бiр ел, бiр мемлекет болып, көк жалау көтерiп отырған соң, дағдарыс Қазақстанда түтiн түтетiп отырған әрбiр отбасына өз зардабын тигiзiп жатқан шығар. Бiрақ дағдарыстан жүрегi шайлыққан дүнген, күрд әйелдерiн көрмедiк. Баяғыда апаларымыздың «осы кенжемдi шөп шауып жүргенде босанып қалып, кiндiгiн орақпен кесiп, ертеңiне жұмысқа қайтып шығып кеткенмiн» деп айтатын әңгiмесiн қазiр осы дүнген мен күрд әйелдерi айтатын болды. Жамбыл облыстық денсаулық сақтау департаментi бастығының орынбасары, белгiлi балалар дәрiгерi Жұмагүл Әбiлғазинаның айтуына сенсек, дүнген, күрд, ұйғыр, өзбек әйелдерi қазақ әйелдерiне қарағанда әлдеқайда мықты. Әсiресе, күрд әйелдерiнiң арасында денсаулықтары нашары өте аз кездесетiн көрiнедi. Бiздiңше, өзге ұлт әйелдерiнiң дүниеге көп бала әкелуiнiң сырын, құпиясын басқа жақтан iздеу керек секiлдi.
– Бiздiң ауданда әсiресе, дүнген ұлты көп тұрады, – дейдi Қордай аудандық денсаулық сақтау бөлiмiнiң бас маманы, тәжiрибелi дәрiгер Ольга Анатолийқызы. – Дүнген отбасыларында бала санының көп екенi мұнда бәрiне белгiлi. Бiр отбасында 7-8-ден 14-15-ке дейiн бала болады. 1000 адамға шаққанда қазақтар арасында баланың туу көрсеткiшi – 28,8, ал, дүнгендер арасында бұл көрсеткiш 37-нi құрайды. Бiз мұның себебiн зерттеп те көрдiк. Ең басты себеп, дүнген халқының Ислам дiнiне қатты берiлгендiгi. Байқасаңыз, дүнген ауылдарында әрбiр көше сайын бiр мешiт болады. Бес уақыт намаздарын қаза қылмай, мұсылманның барлық шарттарын орындайтын дүнген ер-азаматтары әйел, қыздарын да шариғат заңдары бойынша көп нәрседен тыйып ұстайды. Дүнген әйелдерiне жүктiлiктен сақтануға, түсiк жасауға, жүктiлiкке қарсы басқалай дәрi-дәрмек қабылдауға қатаң тыйым салынған. Бәрiн тағдырдың жазуынан көредi. Тiптi, таңғалғаным, дүнген әйелдерiне «сiзге бала көтеруге тыйым саламыз, сiздiң денсаулығыңыз нашар, қан қысымыңыз өте жоғары, өлiп кетуiңiз мүмкiн» десек те, араға бiршама уақыт салып перзентхана есiгiн ашып тұрады. «Алла не жазса, сол болады» дейдi. Дүнген балалары негiзiнен денсаулығы мықты болып туылады, бiрақ, жақын туыс азаматтардың ұл-қызы некелесе беретiн болғандықтан қан тазармай, кейбiр сәбилердiң ауру болып туылатынын да жасыруға болмас.
...Өткен тарихқа көз жүгiртсек, осыдан 100 жылдан сәл астам уақыт бұрын Қордай жерiне небәрi 20 дүнген отбасы көшiп келген екен. Бүгiнде бұл ауданда 40 мыңға жуық дүнген ұлты тұрады. Одан басқа Қордайдан көршi Қырғызстанға көшiп барып, үлкен ауыл болып кеткендерi қаншама?! Тараз қаласының iргесiнде негiзiнен дүнген ұлты тұратын Жалпақтөбе (Дунгановка) ауылы тағы бар. Шынын айту керек, дүнген, күрдтер – өте еңбекқор халық. Бұл халықтың көп таралуына бiр жағы осы мәселе де себеп болып отырған сықылды. Қырғыз, қазаққа аты белгiлi Ноғайбай, Кебекбай билер баяғыда көшiп келген дүнген отбасыларын айдаладағы тастақ жер Сортөбеге жiберген көрiнедi. Жердi емiп өскен дүнгендер сол Сортөбенi бүгiнде осы аймақтағы ең жасыл, ең алқапты аймаққа айналдырды. Шаруашылыққа ерте араласқаннан соң ба, дүнген, күрд ұлтының ұл-қыздарының арасында жоғарғы оқу орнына түсiп, үлкен қызмет атқарып жүргендерi некен-саяқ. Бұлардың қыздары мектеп бiтiрер-бiтiрместен тұрмыс құрып, бала өрбiтiп, (әсiресе күрдтiң қыздары) 35 жасында немере сүйiп, әже болып отырады. Және «әже болдым» деп тоқтап қалмайды, келiнiмен жарысып туатынын қайтерсiң?! Үйдiң егесi – еркегi сыртта жүрiп табыс табады, ал үйдiң шегесi – әйелi отбасының, ошақ қасының берекесiн кiргiзедi.
Құрметтi оқырман, бiз бұл мақаламызда өзге ұлттың әйелдерiн көкке көтерiп, қазақ әйелдерiн жерге ұрайын деп отырғанымыз жоқ. «Бес бала туғанды «жаным» десең болмай ма, он бала туғанды «ханым» десең болмай ма» деп айтқандай, бiз көз көрiп, құлақ естiп отырған ащы шындықты ғана әңгiме еттiк. Қазақстанда кез келген ұлттың өсiп-өнуiне мүмкiндiк, жағдай жасалған. Ешкiмдi кемсiтуге, алалауға жол жоқ. Қазақ әйелдерi онсыз да моншақты, тек ұл-қызы қашан он шақты болар екен?! Өткен 2009 жылдың желтоқсан айының ортасында тараздық Рауан Байкенженiң отбасында үлкен қуаныш орын алып, екiншiсi – қыз бала дүниеге келдi. Бiр қызығы, Рауанның жұбайы 2009 жылдың қаңтар айында ғана балпанақтай бiр ұл баланы дүниеге әкелген екен. Яғни, бiр жылда бiр ұл, бiр қыз... Әрине, бұл ана денсаулығына зиян да болуы мүмкiн, әйтсе де, Алла тағалам қазақ аналарының құрсағына берекесiн дарытып, әр отбасында он шақты қара домалақ шауып жүре берсiн деп тiлейiк.
Оралхан ДӘУIТ,
Жамбыл облысы





Уәж айту