Семейде ЖСДП-ның (Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы) ұйымдастыруымен сенбі күні (21 қазан) қымбатшылыққа қарсы митингті өткізуге жергілікті әкімдік рұқсат еткенімен, шеру түрлі кедергілерге ұшырады.

Қашанда бір қолымен бері шақырып, екінші қолымен ары итеріп отыратын атқарушы биліктің сол күнгі әрекеті көзі ашық, көкірегі ояу жұртшылықтың езуіне күлкі үйірді. Алдымен орталық алаңды сұраған митингті ұйымдастырушыларға жиын өткізетін орынды Ертіс өзенінің ортасындағы Түйемойнақ аралынан «таңдап берген» әкімдік оның себебін алаңда «жөндеу жұмыстарының» өтіп жатқанымен түсіндірді. Шын мәнінде қалалық әкімдік алдындағы орталық алаңдағы субұрқақ плиталары қопарылып, жаздың ортасынан бері жайрап жатқан болатын. Ағымдағы жөндеуінің өзін уақытында аяқтай алмай, келесі жылға дейін қалдырған әкімдік онысына қысылудың орнына қуанып кеткеніне күмән жоқ. Әйтеуір, митингтің тап көз алдарында өтпеуіне жақсы сылтау табылды.

Ал қаладағы басқа демалыс орындары – Ертістің жаңартылған жағалауы, Жеңіс саябағы, орталық саябақ, Абай, Әуезов алаңдары бұл күні «Алтын күз» фестивалі өтуіне байланысты «босамай қалды». Бұл, бір жағынан, халықтың қымбатшылыққа наразылығын жеткізуіне мүмкіндік бермеу болса, екінші жағынан, қала тұрғындарының назарын басқа жаққа бұрудың айла-амалы еді. Тіпті «Северный» сауда логистикалық орталығында бағасы арзандатылған ауылшаруашылық жәрмеңкесін өткізіп, «бізде бәрі тамаша, қымбатшылық деген далбаса» екендігін ұқтыруға тырысып бақты.
Хош, сонымен, жазған құлда шаршау жоқ, Арсен Құдабаев, Роллан Машпиев, Кенжебек Оразбеков бастаған ЖСДП өкілдері Түйемойнақ аралына барып, митинг өткізуге беттегенде тағы бір кедергі алдарынан шықты. Аралға апаратын көпір үстінде аяқастынан «жөндеу жұмыстары» басталып кетіп, көліктің жүруіне тыйым салынды. Көпір аузына қызмет көлігін көлденең қойып тастап, берілген тапсырмаға сай тұра қалған екі жол полицейі аралға беттеген көлік иелерін атының басын кері бұруға шақырып әлекке түсті. Соның салдарынан ереуіл өтетінін естіп барғандар көлігін кіреберіске қойып, аралға жаяу өтуге ерінді ме, қайдам, көбісі келіп тұрып қайтып кетті. Дегенмен ат төбеліндей кісі қарасымен бірге арал төріндегі «Өлімнен де күшті» монументіне қарай жаяу өтіп бара жатқанымда көпір үстіндегі ауыр кранның қалтарысында дәнекерлеумен айналысып жатқан жұмысшыларға көзім түсті.
– Демалыс күні көпірді дәнекерлеп жатқандарың қалай?
– Оны бізден несіне сұрайсыз? – деді бірі жауап беруге құлықсыз кейіпте. – ЖКХ (Семейдің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі – авт.) «сонда барыңдар да, жөндеңдер» деді. Келдік сосын…
Ұзындығы бір шақырым шамасындағы көпірдің арғы шетіне жетіп, арал ішіне кіргенімізде, әр ағаштың түбінде қараң-құраң етіп жүрген полицейлерді көзіміз шалды. Бұлардың қай-қайсысы да осында тұратын 100-ден астам шаңырақ пен «Өлімнен де күшті» монументін я болмаса биологиялық орталықты күзетуге келмегені түсінікті еді. Митингтің өту барысын бақылауға жіберілген полиция қарасы қатысушылардан әлдеқайда басым көрінді. Өз көлеңкесінен өзі қорқатын биліктің мұндай әсіресақтығы қай өңірде болсын кездесетіні түсінікті ғой, бірақ рұқсат етілген митингтің өзін аралға «апарып тастағанымен» қоймай, оған полиция қаптатып жібергені ерсі көрінді.
Сонымен, сағат 11-ге белгіленген митинг небәрі он шақты ғана адамның қатысуымен басталды. Есесіне елдің ішін жаппай жайлаған қымбатшылықтың негізсіз туындауына байланысты билікке наразылығын білдіруге келгендердің қай-қайсысының да көзқарас-пікірінің ерекшелігімен есте қалды.

Роллан МАШПИЕВ, ЖСДП мүшесі:
– Біздің Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы митинг өткізетіндігі туралы жазбаша хатты қалалық әкімдікке, мәслихатқа және «Нұр Отан» партиясына, ҚХКП-ға, өзге де қоғамдық ұйымдарға тапсырған болатын. Сонымен қатар атқарушы билік өкілдерін де осында келіп, халықпен жүздесуге шақырған едік. Көріп тұрсыз, бірі де келген жоқ. Негізі, ЖСДП еліміздің 18 қаласында митинг өткізуді жоспарлаған. Соның ішінде Семейде ғана рұқсат берілді. Рұқсат бергенімен, түрлі амалдармен кедергілерін де жасап жатыр. Мерекелік шаралар да қажет шығар, әрине. Бірақ бәрі де аяқастынан ойластырылуда. Қолдан жасалған қымбатшылық, экономикамыздың төмендеуі халықты титықтатып отырғаны шындық. Сөз орайы келгенде айта кетейін, былтыр жер мәселесіне қатысты Семейде өткен митингке қатысқаным үшін қудаланып, 15 тәулікке қамалып шыққан болатынмын. Жұмыстан да босатылдым. Бірақ оған мойыған жоқпын. Осындай қоғамдық жұмыстарға қатыса бастадым. Қазақ жерінің асты-үсті толған байлық бола тұра, ел еңсесі көтерілетін емес. Ойымызды жұртпен бірге жеткізуге ұмтылып едік, кедергілерге тап болып жатырмыз. Келуге ынталы жұрт көпір аузындағы тосқауылды көріп, кетіп қалды. Бір жағынан, былтырғы жер митингісінен кейін сескеніп те қалған сияқты. Ал семейліктердің жалпы жағдайына келетін болсақ, мұндағы өндіріс орындарының көбісі тоқтап қалған. Күнкөріс деңгейі өте төмен. Кез келген саладағы баға болса қымбаттап жатыр. Біздің партия осыған байланысты өз көзқарасын білдіру үшін митинг ұйымдастырып отыр. Қазір қоғамда қалыптасып отырған жағдайларға байланысты резолюция қабылдап, атқарушы органдарға жолдаймыз.

Фарид ЕШМҰХАМЕДОВ, қоғам белсендісі:
– Митинг өткізуге әкімдік алдындағы орталық алаңды сұрағанымызда оның жөнделіп жатқанын айтып, жергілікті билік беруден бас тартты. Шындығында, оның біз үшін ешқандай бөгеті жоқ болатын. Полковничий аралына жіберді. Оның өзінде көпірдің кіреберісіне жол полициясын қойып, одан ары кран әкеліп, көпір үстін «жөндей қалғаны» биліктің халық дауысын естімеуге тырысқанын байқатады. Көпірді жөндеу қажет болса, ала жаздай не бітірді? Қатардағы жұмыс күндерінде неге атқарылмайды мұндай шаруалар? Жұмыс күні емес, демалыс бола тұра, жөндеу керектігі дәл митингті өткізетін уақытта естеріне түсе қалғаны қалай? Рұқсат береді, бірақ жұртты жібермей кедергі келтіруге барын салады. Бәріміз бастан өткеріп отырған қымбатшылық халықтың билікке деген сенімін жоғалтты. Осыны өткізу ЖСДП-ға ғана керек пе? Атқарушы билікті уысында ұстаған «Нұр Отаннан» сайланған депутаттар қайда? Оларға да халық сенім артып дауыс берді емес пе?! Неге біреуі шығып мұның әділетсіз құбылыс екенін айта алмайды? Қоғамды жайлаған жемқорлықтан титықтап отырғанымыз аздай, атқарушы биліктің мақтаншақтығына да дауа жоқ. Кедейшілікте өмір сүріп отырған елге ЭКСПО, Азиада сияқты шығыны шаш етектен шаралар өткізудің ешқандай маңызы да, қажеті де жоқ еді. Тағы бір айтатын жайт, Семей – ядролық полигоннан зардап шеккендер тұратын қала. Олардың зейнеткерлікке шығу жасын төмендету, жеңілдіктер жасау сияқты әлеуметтік қажеттіліктердің ешқайсысы да ескеріліп отырған жоқ.

Шәкербану МЫРЗАХАНОВА, зейнеткер, қала тұрғыны:
– Осы Семей қаласының байырғы тұрғынымын, зейнеткермін. Митингке қатысуға келгенде айтайын дегенім: неге бізде мұнай көзі бола тұра, жанармай тапшы әрі қымбаттап жатыр? Іргемізде Қаражыра кеніші бола тұра, неге қалада көмір тапшы? Халыққа түсініксіз жайлар көп. Сондықтан да оны атқарушы биліктен сұрауға бәріміз де құқылымыз. Салыстырмалы түрде айтайын, ТМД кеңістігіндегі мемлекеттер бізден кем түспесе, артық емес. Соның бірі – құм ішінде отырған Түрікменстан. Онда жарық пен газ тегін. Елдің тұрмысы қалыпты. Ал жері қазба байлыққа толы біздегі жағдайды айтудың өзі ұят. Менің көзқарасымда қымбатшылыққа жол берілмеуі керек. Өйткені мемлекеттік қызметкер болсын, мен сияқты қарапайым зейнеткер болсын, бәріміз де тұтынушымыз. Күнделікті өмірде қажетті нәрселерді сатып алудың бағасы көтерілуі ешқандай да қисынға келмейді.

Халықтың көкейіндегі ойды атқарушы билікке осылайша жеткізген ЖСДП өкілдері мен қоғам белсенділері митинг соңында қабылдаған резолюциямен таныстырды. Резолюцияда тапшылық, кедейшілік, қымбатшылық сияқты ел бастан өткеріп отырған әлеуметтік жағдайларға бұдан ары шыдау мүмкін еместігі, үнсіз де отыра алмайтындығы айтылған. Мәлімдемемен таныстырған Арсен Құдабаевтың айтуынша, резолюция толықтырылып, жергілікті әкімдік арқылы билікке жолданатын болады.

Митинг өте салысымен әлеуметтік желіні бағып отырған көпшілікте түрлі көзқарас қалыптасты. Бірі рұқсат етілсе де, көп адамның бармағандығын халықтың салғырттығы деп санаса, енді бірі ел үшін митингтің қажеті жоқтығын айтып, үгіт-насихатын дұрыс жүргізе алмаған ЖСДП-ның әрекетін сынға алды. Зер сала қарасаңыз, мәселе ЖСДП-да тұрған жоқ. Атқарушы билік пен халықтың арасы алшақтап кеткендігінің бір дәлелі еді бұл. Қит етсе абақтыға жабылудан зәрезап болған көпшілік айдаладағы аралға барып, үйіне қайта алмай қалудан қауіптенгені рас. Бұл қанша жерден мүмкіндік бердік десе де, елдің атқарушы билікке сенімі жоғалғандығын көрсетеді. Ал жоғарыға жалтақтаған шенеуніктер болса халықтың жиналуынан сескеніп, қолдан кедергі жасап, полиция қарасын көбейтіп «қорғанып» бақты. Айтпақшы, митинг өткен «Өлімнен де күшті» монументінің атауы да осы қарсылыққа сәйкес келіп тұрғандай. Қазақта «Өлімнен ұят күшті» деген мәтел бар. Бұл жолғы митингтің аз адам қатысса да, оның билік үшін «өлімнен де күшті» болғаны іс-әрекеттерінен байқалып тұрды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Өтінеміз, атыңызды жазыңыз