Саясат
Қытай туристерiне экспо билетi неге тегiн?
Жас Алаш №5 (16191)  19 қаңтар, бейсенбі 2017
10.01.2017 11:04

ЭКСПО өзiн ақтайды деп халықты ал¬дар¬қатып келген Ақорданың “арты ашыла” бастады. Өйткенi жасырып-жабуға ендiгi жерде еш мүмкiндiк жоқ. Көрменiң ашылуына санаулы ай ғана қалды. Ал халықтың қыруар дәулетiн жұтқан ЭКСПО-ға ен¬телеген мейманың қайсы? Келе жатыр. Қытайдан 250 мың турист маусым туа берi қарай ағылады. Оларға ЭКСПО-ның билетi тегiн. Сонда бiз мұндай машақаты көп шараны не үшiн қолға алдық? Қытайға қызық жасап беру үшiн бе? Әлде қызығын өзгелерге сыйлап, шыжығын өзiмiз тарту үшiн бе?

ЭКСПО секiлдi халықаралық көрменiң Қазақстан үшiн басы артық, шығыны көп шаруа екенi бұған дейiн де талай айтылған. Оған келтiрер дәлел-дәйектер де толып жатыр. Дегенмен оны кейiн¬ге қалдыра тұрып, соңғы мәлiметке назар аудартайық. “Air Astana” компа¬ния¬сының әуе билеттерiн сатып алған қытайлық туристер пайдаланылған әуе би¬лет¬терiн ЭКСПО-2017 көр¬месi¬нiң билетiне айырбастай алады. Одан бөлек, бiздiң елшiлiктiң консулдық бөлiмi туристiк мақсатта, соның iшiнде ЭКСПО-2017 көрмесiн көру үшiн Қазақстанға бар¬ғысы келгендерге арнайы терезе ашады”, – дейдi Қа¬зақстанның Қытайдағы ел¬шiсi Шахрат Нұрышев. Бұл жөнiн¬де ҚазАқпарат хабарлады.
Рас, әуе және темiржол билеттерiнiң құнына көрменi аралау құқы да кiретiнi жөнiндегi мәлiмет өткен жылы тараған. Мұны бiрқатар БАҚ Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы «Самұрық-Қазына» қорына берген тапсырмасымен тәпсiрлеген едi. Онда аталған қорға «Эйр Астана» әуе компаниясы мен «Қазақстан темiр жолымен» бiрiгiп, әуе және темiржол билеттерiнiң бағасына көр¬менi тегiн аралау мүмкiндiгiн енгiзу мәселесiн шешу жүк¬телсе керек. Бiрақ көпшiлiк мұны тек қазақстандықтарға ғана жасалатын жеңiлдiк деп ұқты. Ал қазiргi жағдай ке¬рiсiнше. Ертең 250 мың қытай турисi келiп, әуе би¬летiн көрсетедi де, көр¬менi тегiн аралайды. Сонда бұл не? Бұл – кiсi қарасын кө¬бейту үшiн қазақ билiгi мемлекет қоржынынан қаржы шығарып, қонақ тасуға көштi деген сөз. Ендеше жоғарыдағылар жиi айтатын “ЭКСПО-ға бүкiл әлемнiң үздiге көз тiгiп отырғаны” қайда қалды?
Естерiңiзде болса, өткен жылы ЭКСПО-2017 ұлттық компаниясы төрағасының орынбасары Ербол Шорманов халықаралық көрменiң 500 мың билетi қытайлық туристерге сатылатынын айт¬қан. Биыл бұл сан екi есеге кемiп кетiптi. Мұның себебi неде? Ақорда “Қазақстан үш қонақтың екеуiн Қытайдан алдырыпты” деген сөзден қашты ма, әлде қытай екеш қытайдың өзi қызықпаған соң амалсыз олардың жартысын болса да тасып әкелу машақатына жегiлдi ме? Қайсысы болса да, оңып тұрған жоқ. Және Қазақстанның қонаққа ұмтылысы жалғыз Қытаймен шектелмеуi мүмкiн. Өйткенi президенттiң «Самұрық-Қазынаға» берген тапсырмасында қай елдерден келетiн қонаққа жеңiлдiк жасау жөнiнде ештеңе айтылмаған. Үкiметтiң қазiргi қимылына қарағанда, келгiсi келетiндер табылса, дүниенiң қай бұрышына да ұшақ жөнелтуге әзiр секiлдi. Сонда ЭКСПО-ға құйылған халықтың қыруар дәулетi қалай қайтады? Оның қайта қоюы мүмкiн бе өзi?

Мұны түсiну үшiн iлгерiдегi есекдәмелердi еске түсiрген дұрыс секiлдi. 2012 жылы Қазақстан ЭКСПО өткiзу құқығын ұтып алып, Ақорданың бақыттан басы айналып жатқанда сол кездегi Сыртқы iстер министрлiгiнiң жауапты хатшысы Рәпiл Жошыбаев көрме өткiзуге 1 млрд еуроның жеткiлiктi екенiн айтқан едi. Және “оның бiр ширегi (47 млрд теңге) ғана мемлекеттен инвестиция¬ланады” деген. Ал 2013 жылы халықаралық көрмеден қандай пайда табатынымыз да сөз бола бастады. Сондағы деректерге қарасақ, көрмеге 4-7 млн аралығында адам келуi тиiс-тiн. Олардың әрқайсысы 130 доллардан қалдырғанның өзiнде мемлекет табысы 520-910 млн доллар болуы қажет едi. Дегенмен алғаш¬қы арынның кейiннен бәсең тарт¬қаны байқалады. Мәселен, 2014 жылы «Астана Экспо 2017 Ұлттық компаниясының» сол кездегi төрағасы Талғат Ерме¬гияевтiң “280 млн еуро қаржы түсiп, ол шығынды жабады” дегенi бар.
Ал шығын қанша? Әу бастағы мөлшерленген межеден бiрнеше есе асып кеткен.
forbes.kz сайтының дерек¬терiне сүйенсек, 2014 жылы 45,5 млрд теңге, 2015 жылы 154 млрд теңге, 2016 жылы 233,5 млрд теңге бөлiнген. Бас-аяғы үш жылдың iшiнде ЭКСПО-ның машақаты үшiн жұмсалған қаржы – 433 млрд. Бұл бастапқыда жоспарланған бюджет шығынынан 2,3 есе артық. Бұған ендi 2017 жылғы көрме дайындығы үшiн бөлiнген 97,5 млрд теңгенi қосыңыз. Қысқасы, тек республикалық бюджеттен Ұлттық компанияға берiлген қаражат 530,5 млрд теңгеге жеткен. Және мұның өткен жылғы есеп екенiн, ЭКСПО-ның көпiрi құлағанға дейiнгi шығын екенiн ескерiңiз.
Ендi келесi мәселеге көше¬йiк. Әлемдiк туризм жыл өткен сайын қарқын алып келедi. Мәселен, 2014 жылмен салыстырғанда, 2015 жылы әлемдiк саяхатшылар саны 50 миллион адамға артып, 1,184 миллиардқа жеткен. Егер Астанадағы көрме ел қызығатындай шара болса, Қазақстанды әлем 30 елден үмiттi мемлекет деп таныса, осы туристердiң тұтамдай бiр ширегi неге Арқаға бұрылмайды? “Тақыр жерден тау боп тұрған” Астанаға асығып, оның әлем-жәлем келбетiне неге тамсанбайды? Жыл сайын 120-130 млн тұрғыны шетелге сапарлайтын Қытайдың кейбiр туристерi неге ЭКСПО-ға өз аяғымен келмейдi?

Мұның барлығы қазақ билi¬гiнiң “қолы көтере алмайтын шоқпарды белiне байлағанын”, құр мақтан, бос мадақ үшiн халықтың дәулетiн оңды-солды шашып жатқанын әйгiлесе керек.
Бiрақ бастысы бұл емес. Қытай экспанциясынан есi шыға сескенетiн қазақ ЭКСПО-ның әуре-сарсаңы ел мен жердiң бүтiндiгiне нұқсан келтiре ме деп қауiптенедi. Өйткенi өз жерiне сыймай, асып-төгiлiп жатқан Қытайға сенiң дәл осылай мәжбүрлiкпен иiлгенiң керек. Онсыз да алған қарызың басыңнан асып жатыр. Ендi көрмеге келер қонақ үшiн қол жайсаң, қолжаулыққа айналмағанда нең қалды?! Күнi кеше Қытайдың ЭКСПО-2017 көрмесiне қатысатын үкiметiнiң өкiлi Ван Цзиньчжэнь “ЭКСПО көрмесiне қатысу арқылы бiз Қазақстанда бiлiм алатын жастарды ынталандыра түсетiн боламыз. Қазiргi таңда Қытайда 13 мыңнан астам қазақстандық студент бiлiм алуда. Ал Қазақстанда небәрi 1300 қытайлық бала оқып жатыр. Менiңше, Қазақстанда бiлiм алатын ҚХР студенттерiн арттырудың үлкен әлеуетi бар” дедi.
Бұл не деген сөз? ЭКСПО арқылы Қазақстандағы қытай жастарын көбейтемiз деген сөз. Ал Қазақстанның оқу орындары Қытай ЖОО-ларынан мықты ма? Жоқ, әрине. Қытайға бiлiм керек емес. Билiгi жемқор, халқы жуас Қазақстанда қытай санын көбейте берген тиiмдi. Әсiресе, дәл осылай орайы келiп тұрған кезеңде. “Шетелдiктерге жер бермеймiз!” деп ақырып алаңға шыққан Макс пен Талғат түрмеде. Қытайлар мұны да бiлмей отырған жоқ. Отаншыл патриоттары абақтыға жабылатын мем¬лекеттi олар құдайы көршi емес, құруға айналған ел санауға әбден құқылы.
Осыны ойлағанда ЭКСПО-ға жұмсалған қыруар шығын емес, ертеңгi қауiп еңсеңдi езiп жi¬бередi.
 

Сансызбай НҰРБАБА
 


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/sayasat/19007.html