Қоғам
Билiк «движение» жасап жүр, әйтеуiр
Жас Алаш №84 (16270)   19 қазан, бейсенбі 2017
10.01.2017 11:13

Билiктiң адам түсiнбейтiн кейбiр әрекетiнiң құпиясын қара базардың қарапайым тiршiлiгi айшықтап бередi... Жақында ғана көшi-қон комитетi қайта құрылды. Екi-үш жыл бұрын бұл комитет үш-төрт тарапқа бөлiнiп кеткен едi. Ендi қайтадан құрылды. Құрылымына қарасаң, еш өзгерiсi жоқ. Сол баяғы қалпы. Көшi-қон саясатын қалыптастыру Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму министрлiгiнде қалған, бақылау, квота беру, тiркеу Iшкi iстер министрлiгiне тиген. Комитеттiң өзi осы Iшкi iстер министрлiгiнiң еншiсiнде. Қаржының ретiн әрине, Ұлттық экономика министрлiгi анықтайтын болса керек. Үш министрлiкке жауапталған көшi-қон iсiн жергiлiктi жердегi әкiмдер қалай жүзеге асыратыны әзiрге белгiсiз. Белгiлiсi – бұрынғы әдеттерiне салар болса, орталық ақыл айтып, жергiлiктi әкiмдiк сылтау тауып отыра беруi мүмкiн.
Жалпы атқару органдарына қатысты қайта құруларда бiр жүйелiлiк жоқ. Қайбiр жылы Ақпарат министрлiгiн үлеске таратып жiберген едi. Былтыр iзiн әрең тауып, қайтадан құрып алды. Үш жыл бұрын президент “министрлiктер санын азайтып, ықшамды үкiмет жасадық” деген-дi, былтыр үкiмет етегiн ұзартып, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсiбi министрлiгiн құрды. Ұтқыр зымыранды айтпағанда, екi адам көтеретiн тiк ұшақ шығара алмай отырған мемлекетке аэроғарыш өнеркәсiбi министрлiгi не үшiн керек болғанын бiр Құдай да бiлмейдi-ау. Құдай бiлсе, Қазақстанда Дiн iстерi және азаматтық қоғам министрлiгi не қажетке құрылғанын бiлетiн шығар. Еркiн баспасөзi, тәуелсiз сот жүйесi, тiрi саяси партиясы, шынайы парламентi, нағыз қоғамдық ұйымы жоқ, бiр сөзбен айтқанда, азаматтық қоғамы өлi елге азаматтық қоғам министрлiгi не үшiн керек?
Бiлетiндердiң айтуынша, етек-жеңi тола бастаған “ықшам үкiмет” ендi сақалын ұзартып, денсаулық сақтау саласы әлеуметтiк даму министрлiгiнен бөлiнiп, не агенттiк, не холдинг болып кетедi. Бөлiнсе бөлiнсiн, құрылса құрылсын. Көз үйренiп, көңiлдi жауыр жасаған жаңалық. Дегенмен, қанша жерден осылай айтсақ та, кейде комитет пен министрлiктер неге бөлiп, сосын қайта қосыла бередi деген ойдың мазалайтыны да бар.
Бiрде көптен көрмеген танысымды базардан кезiктiрдiм. Iсiнде берекесi жоқ жан едi, кәсiпкер болып кетiптi. Жата келiп жабысып, сұрақтың астына алдым. Танысым картоп тасып, оны базардағы сатушыларға өткiзiп жүр екен, тiрлiгi табысқа толып тұрғандай ұнап кеттi.
– Қаншадан өткiзiп жүрсiң?
– Келесiн 75 теңгеге.
– Өзiң қаншадан алып жүрсiң?
– 77 теңгеден.
– Түсiнбедiм. Сонда саған не пайда?
– Ауылға барсам, бағаны көтерiп тастапты.
– Ендi неге арзанға берiп тұрсың. Жол шығының бар, уақытың бар, түк пайда таппайсың ғой... – деймiн әрi таңданып, әрi жаным ашып. Танысым маған ожырая қарады да, “Брат”, пайда-майдасын бiлмеймiн, бiзге “движениесi” болса болды ғой!” дедi. Қалжыңы шығар деп жүзiне қадала қарадым. Жоқ, шын сөзi сияқты. Жалпақ бетi жымимады. Қара көзi бiр күлiмдемедi. “Движение” мәнiсiн түсiнбей жөнiме кеттiм.
Ал қазiр министрлiк пен комитеттер қайта құрылып, қайта бөлiнiп жатыр десе, “ее, билiк те әлгi танысым сияқты “движение” жасап жүр ғой” деп қоямын. “Движениесiз” билiкке де қиын ғой!
Айтпақшы, мұндайды президенттiң өзi “имитация” демеп пе едi?! Қазақша айтқанда, бұл алдамшы әрекеттен қашан арылар екенбiз...
 

Жасұлан АҚКЕР,
Астана


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/kogam/19011.html