Руханият
Желтоқсан қазақтың жан жарасы едi...
Жас Алаш №84 (16270)   19 қазан, бейсенбі 2017
10.01.2017 11:18

Өткен жылы әйгiлi Желтоқсан көтерiлiсiне 30 жыл толды. Әлемдiк геосаясаттың өзгеруiне, социалистiк жүйенiң күйреуiне, КСРО деген алып елдiң ыдырауына, сол арқылы оның құрамындағы 15 одақтас республиканың 15 мемлекет болуына жол ашқан, дүниежүзiлiк маңызы зор тарихи ұлы оқиға тәуелсiздiгiмiздiң ширек ғасырлығының көлеңкесiнде елеусiз қалып қойды. Алайда мүлде атаусыз, ескерусiз күйде өттi дей алмаймыз. Олай болатыны – қазағымшыл, халқымшыл, мемлекетшiл, өткенiмiздi ғана емес, келелi келешегiмiздi де жадынан шығармай ел тұтқасын ұстайтын ұлтжанды, отаншыл ұрпақ тағдырын да жадынан шығармайтын, жанашыр жекелеген азаматтардың табандылық танытып, араласуы арқасында ауыз толтырып айтарлық талай iс-шаралар жүзеге асырылды. Соның ең соқталысы – қарашаның 25-i күнi Астанада өткiзiлген “Қазақстандағы 1986 жылғы Желтоқсан көтерiлiсiнiң тарихи және халықаралық маңызы” деп аталатын ғылыми-тәжiрибелiк конференция болды. Оған әлемнiң он елiнен зерттеушi ғалымдар, мемлекет, қоғам қайраткерлерi, саясаткерлер қатысып, сөз сөйледi, баяндамалар жасады. Соңынан Желтоқсанның көтерiлiс екенiн нақтылап, оған қатысушылардың Желтоқсан қаһармандары, батырлары екенiн айқындайтын арнайы қарар қабылдаған-ды. Ол құжат билiк қазанынан нан жеп отырған БАҚ-та жарияланбағанымен, еркiн ойлы газет беттерiнде жарық көрдi. Бұл 1986 жылғы желтоқсанда Алматыда басталған қазақ жастарының ерлiк күресiне араға отыз жыл салып берiлген шынайы әдiл бағасы болды дер едiк.
Желтоқсан – оған қатысқан қыз-жiгiттерiмiздiң ғана емес, исi қазақтың мақтан етiп, мәртебе көретiн көтерiлiсi. Сондықтан 2016 жыл Желтоқсан жылы аталып, ең ақырғы күнiне дейiн атаусыз қалмай, қатысушы қаһармандардың даңқын асырып, өскелең ұрпақты ұлтын сүюге, елi мен жерiнiң бiрлiгi, тұтастығы үшiн ерлiк күреске баулитын тәрбие, тағылым сабағы ретiнде өтетiн iс-шараларға толып өтуi керек едi. Бiрақ ол бүгiнгi билiк тiзгiнiн ұстағандар тарапынан қолдау былай тұрсын, елге үрей тудыратын, бiрлiгiмiз бен тiрлiгiмiзге iрiткi салатын құбыжық оқиға ретiнде көрiнiс тапты. Сол себептi көтерiлiстiң бесiгi болған Алматыда ғана емес, елiмiздегi жоғары және арнаулы бiлiм беретiн оқу орындары бар қалалардың бәрiндегi студент жастар қысқы сессияларын жау қуғандай жеделдете тапсырып, үйлерiне ерiксiз қуылуға мәжбүр болды.

Биылғы желтоқсанның 31-i айрықша атаулы күн едi. Олай болатыны, тура отыз жыл бұрын, жаңа – 1987 жылды қарсы алуға санаулы сағаттар ғана қалған сәтте Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшiлер үйiнде өткен Г.В.Колбинмен кездесуде ақын Жұбан Молдағалиев әп-сәтте ауыздан-ауызға тарап кеткен әйгiлi сөзiн сөйледi. “...Көзiмен көргендердiң айтқанындай, 17-18 жастағы қыздарды шашынан сүйреп сабаған... сонан кейiнгi күндерi қалалық транспортта, көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда тiл тигiзу мен қоқан-лоқы жасау... Мен сондай ұят оқиға және оның артынша не болғанын естiгенде, жасырып қайтейiн, осы күнге дейiн өмiр сүргенiме өкiндiм...” деп өкси сөйледi. Зал толы дүйiм елдi өксiте сөйледi. Қазақ пен орыстың және басқа ұлттардың арасына от жаға келген, кең-байтақ Қазақстанды басқаруға Мәскеудiң таңдауымен келген Қазақстан КП Орталық комитетiнiң бiрiншi секретары осыны естiгенде бiр қызарды, бiр бозарды, тiзесi дiр-дiр еттi. Мiне, осындай аңыз әңгiменiң арқауы болған тарихи оқиғаны атаусыз өткiзбейiк, сол уақытта еңсесi езiлген қайрансыз қазағын дүр сiлкiндiрген арқалы ақынымыздың аруағын аунатайық деген iзгi оймен кешегi өткен қасиеттi ағаларымыздың табан iзi қалған киелi қара шаңыраққа әдейiлеп бардым.
– Мына, идеяңыз керемет екен! Бiрақ, бiлесiз ғой, бұл күндердi бос жiбермей залымызды жаңажылдық кеш өткiземiз деп келгендерге берiп қойып едiк, – дедi Жазушылар одағының билiк тiзгiнiн ұстап отырған басшылардың бiрi. Солай деп қана қоймай, жанашырлық рай танытты, Ұлттық кiтапханаға баруға кеңес бердi. “Олар келiседi. Егер солай болып жатса, бiз де барамыз” дедi.
Келесi күнi Ұлттық кiтапханаға да бардым. Директоры қалалық әкiмшiлiкке кетiптi. Орынбасары өзiнде екен. Обалы кәне, сөзiмдi тыңдап алды да: “Аға, бiзде бәрi жоспарлы ғой. Одан аттап кете алмаймыз”, – дедi бiрден. “Желтоқсан көтерiлiсi бәрi жоспарланып жасалатын жүйеде тосыннан болды. Жұбан аға да тура жаңа жылдың алдында дәл солай сөйлеймiн деп ойлап па едi? Ал мен бұл жерге бiр жетi бұрын келiп тұрмын. Маған 29-ы бейсенбi күнге екi сағатқа жиын өткiзуге жағдай жасаңыздар. “Алматы 1986 Желтоқсан” айғақ-кiтаптарының 9-10-томдарының тұсаукесер рәсiмiн де бiрге өткiземiз” дедiм. “Аға, бұл мәселенi директордың өзiмен сөйлесiңiзшi, сол шешедi” дедi өзiнен аулақтатып. Айтуынша, бастығы түстен кейiн бiр-ақ келедi. Қой, Желтоқсанның 30 жылдығына байланысты қандай шара өткiздi екен, соны бiлейiншi деп осындай iстермен айналысатын бөлiмге барсам, ештеңе жасалмаған, тiптi көрме де ұйымдастырылмаған. Қазақ қасiрет шекпегендей, тура таяқ тастам жердегi алаңда қантөгiс қырғын болмағандай... Бәрi ескерусiз, бәрi ұмыт...

– Мiне, бiз бүгiн осындай жағдайда бас қосып отырмыз, ағайын-бауырлар! Билiк бүлiк шығып кете ме деп түршiге қарайтын 17-сi де, 18-i де, тiптi 19-ы да өттi. Ендi екi күннен кейiн Жұбан ағаның жүрегi қазағым деп соққан жұртты жылатып сөйлеген тарихи сөзiне 30 жыл толады. Соның қарсаңында айғақ-кiтаптардың 9-10-томдарын аз таралыммен болса да шығардым. Солардың тұсаукесер рәсiмiн жасайық, Жұбан ағаны еске алайық, – дедiм Соқырлар қоғамы кiтапханасының аядай оқу залында өткен жиында. Оған ақын-жазушылар, ғалымдар, саясаткерлер мен Желтоқсан қаһармандары бар – елу шақты кiсi келдi. Тоғызыншы томның лентасын сексеннiң сеңгiрiне шыққан және сексенге қарай аяқ басқан Ғаббас Қабышұлы мен Молдағали Матқан қиса, 10-томның лентасын кесу құрметi Сейфолла Оспанов пен Бейбiт Қойшыбаевқа бұйырды. Әрмен қарай Желтоқсан көтерiлiсiнiң 30 жылдығына қатысты ұйымдастырылған аяққы басқосуымыздың әңгiмесi өрбiп сала бердi.
Осы жерде айта кетейiн, ол туралы хабар беруге қаптаған телеарналардан да, газеттерден де әрiптестерiмiз аяқ баспады. Арнайы шақырылған Қазақстан Жазушылар одағынан да ешкiм келмедi. Әйтеуiр, жиынның қалай өткенi жөнiндегi жазбаны бiр азаматтар Ютуб (Youtube) пен фэйсбукқа (facebook) салып жiберiптi. Кiм сөйлесе де, шынайы сезiммен шешiлiп сөйледi; тебiренiп сөйледi, тебiрентiп сөйледi. Әрине, барлық сөздерiн бере алмаспын, әйткенмен мына үзiк ойлардың өзiнен-ақ әңгiме ауанын аңдай аларыңыз күмәнсiз.
Сонымен...

Ғ.ҚАБЫШҰЛЫ, қоғам қайраткерi, жазушы:
– Желтоқсан – қазақтың жан жарасы. Оның әзiрге жазыла қоюы неғайбыл. Өйткенi ол жараны жаза қояйын деп отырған билiк жоқ. Қасiреттi оқиғаны көлеңкеде қалдыру үшiн тәуелсiздiк күнiн 16 желтоқсанға сәйкестедi. Алаңды Желтоқсан алаңы деп атайық дегендi айттық та, жаздық та, ол ойымыз да iске аспады. Алаңның ең көрнектi жерiнде әдемi ескерткiш тұру керек едi, Желтоқсанның рухы сезiлмейтiн бiр ескерткiштi екi көшенiң қиылысына, бағдаршамға жалтақ-жалтақ қарап өтпесең жете алмайтын жерге әдейi, қысастықпен жасады. Желтоқсан өстiп қысастық көрумен келе жатыр. Мiне, отыз жыл болды, осыны басшылардың қайсысы аузына алды? Президент пе, премьер ме, жоқ жай министр ме, қай депутат аузына алды? Оның орнына, кешегi газеттердi қарасам, Есiлдiң үстiне диаметрi 17 метрлiк сағат орнаттық, ол Гиннестiң рекордтар кiтабына енетiн болды деп жазыпты.
Ендi Жұбан ағаның сөзiне байланысты әңгiмеге келейiн. Соның куәсi болдым. Елдiң ортасында отырдым. Қатты елжiреп сөйледi. Көңiлiмiздi босатты. (Осы сөздердi айтқан кезде Ғабаңның даусы дiрiлдеп, көзiнен жас шықты). Жатқан жерiң жарық болсын, ағатай...
“Мұндай қорлықты, қыздарымызды шашынан жұлып сабағанын, ұлдарымызды тепкiлегенiн көргенше, соғыстан аман-сау келмей-ақ қалғаным жөн едi” дедi Жұбан аға. Ал одан кейiн араға екi айдай салып келгенде Сафуан аға Колбинге: “Қазiр екеумiз көшеге шығайықшы. Алматыны бiрге аралайық, саған ешкiм тиiспейдi. Сен бiздiң халқымызды сыйласаң, өстiп бiрге саяхаттайық” дедi. Екеуi де жақсы сөз. Әйткенмен, Жұбан ағаныкi ерекше тарихи сөз болып есте қалды. Осыны жоғарыдағылардың ескермегендiгi – Желтоқсанда шейiт болған бауырларымыздың, ұлдарымыз бен қыздарымыздың аруағын қорлағандығы...
Мiне, осындай уақытта осындай кiтап шығарып жүрген азаматтарға мың да бiр рақмет! Бұл кiтаптар болашақ ұрпаққа рух беретiн рухани азық болады.

Сейфолла ОСПАНОВ, ақын:
– Сол уақыттағы ағалардың айбарланып айтқан сөздерiн ұмытуға болмайды. Салық Зиманов ағаның айтқандары, Сафуан Шаймерденовтiң, Сейдахмет Бердiқұловтың, сол секiлдi мына Бейбiт iнiмнiң айтқан сөздерi қандай!.. Соның iшiнде Жұбан ағаның сөзi – дара сөз! Бiрақ сол кезде мен шипажайда болып қатыса алмадым. Кейiн естiгенiм: ағамыз сөз сөйлеп, сахнадан түсiп келе жатқанда еңселi-еңселi жiгiттер “ой, аға, жақсы сөйледiңiз, тамаша сөйледiңiз” деп, жан-жағынан қоршалай құшақтап, қойнындағы жазбасын аңдатпай сыпырып алыпты. Үйiне барғаннан кейiн телефонында тыным болмай бiр данасын сұраушылар көбейедi. Сұрағанын берейiн деп қараса, жоқ, кiм алғанын, қалай алғанын бiлмейдi. Бiздiң қолымыздағы оқып жүрген нұсқасы кейiн қайтадан есiне түсiрiп, жазған үлгiсi екен. Тыңдағандар жиналыстың үстiнде жұртты жылатып сөйлеген сөзi керемет шығып едi дейдi.
Ендi мiне, араға 30 жыл салып Жұбахаңды еске алып жатырмыз. Атын атап Құран оқыттық. Орнынан бiр аунап жатқан шығар. Бiздiң бүгiнгi жиынымыз – Жұбан ағаға деген, Желтоқсан құрбандарына деген құрметiмiз.

Жасарал ҚУАНЫШӘЛИН, қоғам қайраткерi:
– Желтоқсан мәселесiне байланысты өкiнiштi жағдайлар көп. Қаншама комиссиялар құрылды. Конституциялық комиссия да жұмыс iстедi. Алайда бүгiнгiдей билiк тұсында бұл мәселе өзiнiң тиянақты, түйiндi шешiмiн таппайды. Бiрақ бәрiнiң шегi бар. Конституциялық соттың жинақтаған он екi томдық материалдары да өз кезегiн күтiп жатыр. Осы материалдардың iшiнде МҚК берген бiр материал менiң назарымды ерекше аударған едi. Онда қазақ жастарының көтерiлуiнiң бiр себебi Кремльдiң Қазақстанның батыс өңiрлерiн Ресейге қосу әрекетiне байланыстылығы деп жазылыпты. Жер мәселесiне келгенде Жұмабек Тәшенов ағамызды ерiксiз еске аламыз. Менiң зерделеуiмше, Димаш ағамыз Қонаев та сондай ерлiк жасаған кiсi. Ол Горбачевтың Орынборға Гурьев, Маңғыстау облыстарын қосып, ортақ экономикалық аймақ құрып, орталығы етiп Орынборды жасағысы келген жоспарына қасқайып қарсы тұрды. Он сегiз минуттық пленумның себеп-сыры да, Колбиннiң келуi де осыған байланысты. Елiмiздiң, жерiмiздiң тұтастығы үшiн Жұмабек ағамыз да, Димаш ағамыз да өздерiнiң қызметiн қиды. Бұл өзi тарихта өте сирек болатын жағдай...

Бейбiт ҚОЙШЫБАЕВ, тарих ғылымының кандидаты, жазушы:
– Желтоқсан көтерiлiсi неден болды деген сауал ерiксiз мазалайды. Мәселен, сол уақытта Қазақстан КП Орталық комитетiнiң 400-ден астам мүшесi болды. Ең таңдаулы орындарда Қазақстанның таңдаулы кiсiлерi отырды. Мiне, солардың бiрде-бiрi айдаладан әкелiп бiрiншi хатшы сайлайтын жағдайда үн қата алмады. Бәрi құлдық психологияның салдары. Бiз әлi содан арыла алмай отырмыз...
Жұбан ағаның сөзiн аталы сөз санаймын. Және оны тура эмиссардың алдында тұрып айтты. Ал мен сөзiмдi Жоғарғы Кеңестiң партия жиналысында айттым. Соның алдында жастарымызға қарсы алғашқы жазалау соққысы жасалған. Машиналар өртенiп жатты. Алғашқы жарақаттанғандарды жедел жәрдем машинасымен әкеткенiн көрдiм. Сонда қыз-жiгiттердiң “Долой Колбин!” деп айқайлаған үнiн естiдiм. Алаңдағы балаларымыз қаншалықты жас, саяси сауаты жетiлмесе де талаптарын жақсы бiлдi. Бiз қашанғы тәуелдi боламыз дегендi жеткiздi. Колбин аяқ астынан келген жоқ. Соған дейiн-ақ бiздiң арамызда Қонаевтың кететiнi, оның орнына Ресейден бiр орыстың келетiнi айтылып жүрдi. Егер дәл осылай болса, онда бұл саяси, тарихи қателiк болады деп жүрдiм мен. Жиналысымыз тек қана жастарды айыптау тұрғысында өттi. Маған ерiксiз сөйлеуге тура келдi. Жастарды ұрып-соққанын айыптадым. Оған өзiмiздiң кiнәлi екенiмiздi ауызға алдым. Жүргiзiп жатқан интернационалдық тәрбиемiздiң жалған екенiн тiлге тиек еттiм. Мұны айтпасам өзiмдi-өзiм кешiре алмайтындай жағдайда едiм. Сол үшiн артынан қудалауға ұшырадым. Қызметтен қуылдым. Қойшы, не керек, бәрi өттi. Аңсаған тәуелсiздiгiмiзге жеттiк. Соның бәрiнiң басында Желтоқсан тұр. Осыны таратып айта бiлуiмiз керек.

Ж.ҚУАНЫШӘЛИН:
– Әлгiнде ұмытып кетiппiн. Желтоқсан туралы жоғарғы деңгейде әңгiме айтып, талап қойғандардың бiрi Михаил Есеналиев болды. Сол уақытта Сыртқы iстер министрiмiз едi. Өкiнiштiсi, бұл көбiне айтылмайды.

Ғ.ҚАБЫШҰЛЫ:
– Мен де осыны айтқалы отыр едiм. Ол кiсi бiздiң партиямыздың Орталық комитетiнiң пленумында сөз сұрады. Қатысып отырып, байқағанымыз: жоғардағы пленумның тiзгiнiн ұстап отырғандар қолдарымен болмайды деген белгi жасады. Одан кейiн “записка” жiбердi. Оған тағы да әлгiндей жауап алды. Мiне, сол кезде Қызылорда облысының бiрiншi хатшысы Еркiн Әуелбеков орнынан ұшып тұрды. “Орталық комитеттiң мүшесi, Сыртқы iстер министрi Есеналиевке сөз бермегенде кiмге сөз бересiңдер? – дедi. – Сөз берулерiңдi талап етемiз!”. Ол кiсiнiң осы сөзiн өзгелер қолдап кеттi. “Осы бәрiң де қатардағы агрономнан, инженерден еңбектерiңнiң арқасында Орталық комитетке мүше болып, хатшы болып отырсыңдар. Екi жарым жыл болды, құдды ауыздарыңа су толтырып алғандай Желтоқсан оқиғасы туралы тiс жармайсыңдар. Неге үндемейсiңдер?” деп М.Есеналиев қатты ашынып сөйледi. Одан кейiн Жоғарғы Кеңестiң сессиясында және сөйледi. “Бұл мәселенi шешпейiнше Желтоқсан туралы ешнәрсе шешiлмейдi. Мұны Орталық комитеттiң тиiстi бөлiмiне де жеткiзiңдер. Қайткенде де комиссия құрылуы керек. Қанша адам қайтыс болды, қанша адам сотталды, қанша отбасы қайғы-қасiрет шектi – бiлмейсiңдер, бiлетiндерiң айтпайсыңдар. Бұл не деген сұмдық?!” дедi. Өкiнiштiсi, бiз осы жағын айтпаймыз, ұмыт қалдырдық. Өзiмiздiң Сыртқы iстер министрлiгiмiз туралы төрт-бес мақала оқыдым. Солар Хакiм ағаны атағылары келмейдi. Сыртқы iстер министрлiгiн министрлiк еткен сол кiсi емес пе едi?! Өзiмiздi-өзiмiз елемесек, бiздi кiм елейдi? Желтоқсан тақырыбында да дәл осылай. Барымызды бағалай бiлейiк! Айтып отырайық, жазып жүрейiк.

Жансая СӘБИТОВА, Желтоқсан қаһарманы:
– Мен Желтоқсанда сотталған, жастарға жеке-дара ара түскен анамын. Не болып жатқанын естiп, жаным шығып кете жаздады. Түнi бойы ұйықтай алмай шықтым. Бiреудiң баласы өлiп кетсе, аналары қандай күйде болады деумен болдым. Мiне, осындай ой басқа аналардың да басына неге келмедi деп те қапаланамын. Неге олар көп болмады деймiн...
Желтоқсанда “Метель” операциясы жүзеге асырылды дейдi. Қазақты құрту туралы ондай операциялар баяғыдан, патша заманынан бар. Олар бiздiң өзiмiзге емес, байлығы тұнған жерiмiзге көз тiктi. Бiз болсақ әлi күнге дейiн “Оян, қазақ!” деп бiр-бiрiмiздi түрткiлеумен келемiз. Бiз өстiп жүргенде iргемiздегi орыс елiне тағы да қосып жiбермесе болды... Осы менiң – жан шырылым...

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ, “Түркiстан” газетiнiң бөлiм бастығы:
– Осыдан бес-алты жыл бұрын М.С.Горбачевтың “Память” деген қалың кiтабы шықты. Соның алғашқы бетi Желтоқсаннан басталады. Неге өйттi? Кавказдағы, Балтық жағалауындағы елдерде де бiздегiдей оқиғалар болды. Бiрақ неге олардан бастамайды? Өйткенi дүниенi дүр сiлкiндiрген, отарлықтың бұғауын бұзған Желтоқсан екенiн жақсы бiлдi. Желтоқсан өзiнiң кешiрiлмейтiн қателiгi екенiн сезiндi. Мәскеудегi саясат жүргiзiп отырғандардың қатесiн Желтоқсан қаһармандары көзге шұқып көрсеттi. Мiне, оның ақиқаты осындай.
Сондай-ақ, З.Камалиденовтiң де естелiк кiтабы жарық көрдi. Соның үзiндiсi “Жас Алаш” газетiнде жарияланды. Сонда ол кiсi: “1986 жылдың июль айында бiз Жоғарғы Кеңестiң сессиясына бардық. Бiр кезде жанымызға әскери кiсi келiп, Назарбаев екеуiңiздi түстен кейiн Горбачев қабылдайды, соған келiңiздер дедi. Бардық. Қабылдау бөлмесiнiң алдында кiсi көп екен. Жанымызға бульдог итке ұқсаған бiр кiсi келiп, амандасты. Мен Колбинмин дедi” дейдi. Қараңызшы, қай уақыт. Ол әлгi жерге бекер келген жоқ. Алдын ала шақыртумен келдi. Қазақстанға баратынын, бiрiншi хатшы болатынын бiлдi. Бiз онымен сөйлескен жоқпыз, танымайтын да едiк дейдi З.Камалиденов. Содан тамыз айында Колбиннiң аяқ-қолын жерге тигiзбей мақтаған материал “Аргументы и факты” апталығында жарқ ете түстi. Осының бәрi күнi бұрын ойластырылып жасалған шаралар едi. Мiне, өстiп бастап, Желтоқсан құпиясы туралы көп айтуға болады. Жекелеген тұлғалар туралы “Казахское дело” деген атпен жазып та келемiн. Солардың талайы Талғаттың шығарып жүрген айғақ-кiтаптарында жарық көрдi. Бүгiн оныншы томының тұсауын кестiк. Ең өкiнiштiсi, жекелеген тарихшыларымыз болмаса, бәрi дерлiк Желтоқсан тақырыбына жолауға қорқады. Олар қолайлы уақытты күтуде. Сол күн келгенде мына айғақ-кiтаптар олар үшiн шайнамай жұтатын “азық” болады.

Рысбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ, “Жас Алаш” газетiнiң бас редакторы:
– Әлгiнде жерiмiздiң тұтастығы туралы айтылды. Қонаевты алып тастап, Колбиндi қойып, содан кейiн желтоқсандықтар көтерiлмегенде, Мәскеу ойына келгендi жасайтын едi. Сондықтан желтоқсандықтар, сiздер жерiмiздi қорғап қалдыңыздар.
Ендi көтерiлiстердi салыстыра кетуге тура келедi. 1986 жылдың желтоқсанында 4 адам қаза тапты деймiз. Қанша адам жараланды? Ал Жаңаөзен қырғынында ше? Ресми түрде 16 адам өлдi дейдi. Жараланғандары 100-ден асады.
1916 жылғы көтерiлiс патшалық империяның iргетасын шайқап, құлауына алып келдi деймiз. 1986 жылғы көтерiлiстi де осы тұрғыда сөз етемiз. Не деген мықтымыз?! Екi бiрдей империяның құлауына, құруына ықпал еттiк. Сөйткен қазақтың рухы қайда кеттi? Қазiр қауiп-қатер жоқ па? Кеше Ақтөбеде бiр азаматты соттады. Путиндi фашистке теңегенi үшiн соттады. Обаманы өстiп сынаса, соттай ма? Соттамайды. Демек, Қазақстан өзiнiң саяси билiгiнен айырылып жатыр деген сөз. Ертең президент сайлауы болса, Путиннiң ұсынған кiсiсi – Колбинге ұқсаған кiсiсi келедi дей берiңiз. Кеше жерiмiздi қорғағаны үшiн Макс пен Талғат сотталды. Неге ара түсе алмадық? Сонда бiздiң екi империяны құлатқан ерлiгiмiз қайда кеттi? Қайда сол рух? Көтерiлiс болған алаңды жермен-жексен еттi. Қан төгiлген жердi жын-ойнаққа айналдырмайық деп қарсылық бiлдiрдiк. Желтоқсаншылар үнсiз қалды. Басқа қазақтарымыз да дүр етiп көтерiле қоймады.
Билiк желтоқсаншыларды неге басып-жаншиды? Өйткенi олардың рухы күрескерлiк – патриоттық рух. Авторитарлық жүйеде ондай рухтың түкке қажетi жоқ. Оларға бағыныштылар керек. Басыбайлылар, жасқаншақтар, төменшiктер керек. Сондықтан желтоқсандықтардың күрескерлiк рухын бойымызға сiңiрмейiнше барымыздан айырыла беремiз.
Мына кiтап не үшiн жазылып жатыр? Бұл – Желтоқсанның жылнамасы ғана емес, соның рухы! Соның тынысы! Соның үнi! Және тәрбие-тағылымы.

Ақын Жұбан Молдағалиевтiң отыз жыл бұрынғы сөйлеген сөзi мен “Алматы 1986 Желтоқсан” айғақ-кiтаптарының тоғызыншы, оныншы томдарының тұсаукесер жиынында қоғам қайраткерi М.Матқан, Желтоқсан қаһармандары Жұлдызай Бейсембаева, Болат Шарахымбай, Аманғазы Кәрiпжанәулетi және басқа да сөйлеушiлер ақтарыла ой тербедi. Желтоқсан көтерiлiсi 86-ның сол бiр екi-үш күнiмен шектелмей әлi де жалғасып келе жатқандығы, оның күресi ұзаққа созылатыны кiм-кiмнiң де санасында нықтала түстi.
Бiр кездерi қазақ үшiн жаны шырқыраған Ақсейлеу Сейдiмбек ағамыз: “Талғат, бастаған iсiңдi тастама. Қазiр үш кiтабын шығардың ғой, жүз том болса да шығара бер. Ол қасiрет шегуден көзi ашылмай келе жатқан қазақ үшiн қажет, келешек ұрпағымыз iздеп оқу үшiн керек. Бұл – бiздiң тағдырымыз”, – деп едi. Кезiнде сол сөзiн құп алып едiм. “Желтоқсан ақиқаты” патриоттық қозғалысы ұйымдастырған кештен кейiн осы ойларым одан бетер беки түстi.

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ,
публицист-жазушы
 


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/ruhaniyat/19019.html