ОТБАСЫ
Қажетсiз өнiмдер көп
Жас Алаш №51 (16237)   27 маусым, сейсенбі 2017
10.01.2017 11:24

Азық-түлiк өнiмдерiнiң iшiнде ағзаға пайдасы жоғы бар ма? Мысалы, қандай тағамдардан ойланбай бас тартуға болады?

Айдар МЫРЗАБЕК, Түркiстан.

Ойланбай бас тартуға болатын азық-түлiк өнiмдерiне бiрiншi кезекте арнайы цехтарда дайындалған котлеттер мен тұшпаралар, сосискiлер мен шұжықтар жатады. Бұл өнiмдердi шамадан тыс пайдаланудың адам организмiне пайдасынан гөрi зияны көбiрек. Негiзi, кез келген тағамды пайдалануды шектемес бұрын әуелi оны ағзаның не үшiн қажет ететiнiн және одан оңайлықпен бас тарта алатын-алмайтыныңызды бiлуге тиiссiз. Мысалы, диетология тұрғысынан қарағанда, шұжық – организмге қажетсiз өнiм. Бiрақ тәбетiңiз соған қатты тартып тұрса, мөлшермен ғана пайдаланудың артықтығы жоқ. Есесiне, соған бола бас ауыртып, жүйкеңiздi жұқартып жатпайсыз.

ТАМАҚТАНУДЫҢ ДА ТӘРТIБI БАР
 

Артық салмақтан арылу үшiн спортпен тұрақты айналысу керек дегендi естiп едiм. Бiрақ таңертең жүгiрiп, ара-тұра бассейнге барып жүргенiме қарамастан, айтарлықтай өзгерiс болмай тұр. Неге бұлай?
 

Ағарыс БЕКСҰЛТАН,
Семей.

Америкалық ғалымдардың соңғы зерттеулерiне сүйенсек, спортпен тұрақты түрде айналысу арқылы денедегi артық майдан, артық салмақтан құтылуға болатыны рас. Бiрақ бұл жерде ескеретiн бiр жайт бар. Мысалы, тамақтану жүйесiн өзгертпеген жағдайда спортпен қанша айналыссаңыз да, салмағыңыз азаймайды, керiсiнше ұлғаюы мүмкiн. Ең қауiптiсi – тура спортзалға барар алдында тойып тамақтану болып есептеледi. Мұндай жағдайда iшкен-жегенiңiздiң бәрi денеңiздiң салмағын арттыруға қызмет етедi. Сол сияқты, дене жаттығуларынан кейiн де “қарным ашты” деп қолыңызға түскеннiң бәрiн талғамай жей берсеңiз, организм жұмсалған күштi қалпына келтiруден гөрi, май қорын түзуге көбiрек жұмыс iстейтiн болады.
Егер де спортзалға арықтау мақсатында барғыңыз келсе, жаттығуға дейiн, яғни бiр жарым сағаттай ештеңе жемегенiңiз жөн. Ал спортзалдан шыққаннан кейiн балық, ет, iрiмшiк тәрiздi, бұлшық ет массасының түзiлуiне қатыссыз белоктық, майлы емес өнiмдермен жүрек жалғаған артықтық етпейдi.


ТАБИҒИ СУ – БҰЛАҚ СУЫ


Өзендердiң суы тап-таза сияқты болып көрiнгенiмен, мұқият қарағанда ең таза судың өзiнде қоқымдар барын байқауға болады. Ал құбырлар арқылы үйге келiп тұрған су қалай тазаланады?

Марат БЕЙСЕНБАЙ, Қапшағай.

Су қоймаларынан шыққан су жеткiзушi станцияға келедi. Онда арнаулы бассейндер – резервуарлар бар. Су резервуарына коагулянт деп аталатын арнаулы химиялық реагенттер қосылады. Осы бөлшектерге бола суды тазартудың бүкiл процесi коагуляция атауын алды. Тексерiлген ең сенiмдi коагулянт – күкiрттi алюминий. Судың iшiнде ол өзiне бүкiл майда бөлiктердi тартып алады. Бөлiктер бiр-бiрiне жабысып, ауырлай түседi. Осы процестiң барлығы үлпектердiң жинақталу камерасында жүредi. Одан кейiн су тұндырғышқа келiп түседi. Бұл жерде ауыр үлпектер төменге шөгедi де су мөлдiрленедi. Бiрақ мұнымен де iс бiтпейдi. Әрi қарай су арнайы фильтрлерден өтедi. Фильтр ретiнде кварцты құм пайдаланылады. Құмның екi метрлiк қабаты арқылы өткеннен кейiн су тiптi мөп-мөлдiр түрге енедi. Суды тазартудың келесi кезеңi – хлорлау. Мұның мәнiсi, әртүрлi шiрiген және патогендi бактерияларды жоя отырып, хлор суды залалсыздандырады. Тек хлорлағаннан кейiн ғана су үйге келiп түседi. Қоймадағы әдеттегi суды ауыз суға айналдыру оңай емес. Өзеннен де жайдан-жай iше алмайсың. Ал бұлақтан iшуге болады. Өйткенi бұлақтың суы тап-таза, оған коагулянт та, хлор да қажет емес, ол – нағыз табиғи су.

КӨКӨНIС ҚОСЫЛҒАН ТАУЫҚ ҚАНАТЫ

Қажеттi заттар:
тауықтың 5 қанаты
1-2 сәбiз
5 картоп
2 ас қасық қаймақ
2 ас қасық аджика
0,5 қасық тұз

Дайындалуы:

Ең әуелi маринад-тұздық әзiрлеп аламыз. Ол үшiн аджика мен қаймақты араластырып, тұз қосамыз. Тауықтың қанатын жуып тазалап, ұштарын кесемiз. Маринадтап, 20 минут қоя тұрамыз.
Сәбiз бен картопты аршып, бiреуiн ұзыншалап, екiншiсiн төртбұрыштап, iрi ғып тураймыз. Көкөнiстердi маринадталған тауықтың үстiне салып, тағы да 10 минут қоя тұрамыз. Пештi қосып, 200 градусқа дейiн қыздырамыз. Табаға фольга төсеп, әуелi көкөнiстердi, сосын тауықтың қанатын саламыз. Бетiн фолгамен жауып, шет-шетiн қымтаймыз. 30-35 минуттан кейiн фольганың бет жағын ашып, қанаттарды аударыстырамыз. Тағы да 20-30 минут пiсiремiз.


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/otbasy/19023.html