Руханият
«Аманатқа қиянат жасауға қақым жоқ...»
Жас Алаш №15 (16201)   21 ақпан, сейсенбі 2017
10.01.2017 11:27

Нұрғали Нүсiпжанов – бүгiнде Қазақстанның Халық әртiсi, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының профессоры, Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттiк филармониясының халық сүйген айтулы әншiсi! Ал шын асылдың бағасын бiлер көзiқарақты қауым, дүйiм қазақ халқы үшiн оның “Нұрғали Нүсiпжанов!” деген атының өзi – кез келген атақтан, орден-медаль, марапаттан әлдеқайда биiк, әлдеқайда қадiрлi! Өйткенi Нұрғали Нүсiпжанов – озық өнерi арқылы мыңдаған, миллиондаған тыңдарманының жүрегiне әлдеқашан жол тапқан. Бүкiл қазақ даласын әнiмен әлдилеген Шәмшi, Әсет, Нұрғиса iспеттi бiрегей композиторлардың ең айшықты, қайталанбас шығармалары ең әуелi Нұрғали Нүсiпжановтың орындауында шырқалған және шырқалып та келедi. Бүгiнде саңлақ әншiнiң жасы – 80-ге келсе, сахнада жүргенiне – 60 жыл толыпты. Мерейтой иесiмен сұхбатымыз осы төңiректе өрбiдi.

– Нұрғали аға, сiздiң балалық шағыңыз тарихымыздағы ең бiр қиын-қыстау кездермен, қасiреттi оқиғалармен тұспа-тұс келген екен. Сол кезеңдi ой елегiнен өткiзгенде есiңiзге түсетiн қандай әсерлi жайттарды ерекше атап айтар едiңiз?
– Халқымыз аумалы-төкпелi небiр замандарды бастан өткердi ғой. Соның iшiнде сүттiң бетiне шыққан қаймақтай, маңдайалды арыстарымызды қынадай қырған 1937 жылғы нәубет қазақ тарихының ең бiр қаралы парағы ретiнде таңбаланып қалды. Бiз – сол бiр зұлматты кезеңде жарық дүние есiгiн ашқан ұрпақпыз. Тағдырдың тауқыметiн бала кезiмiзден көрiп өстiк. 4-5 жасқа келiп қалған кезiмде соғыс басталды. Ер-азаматтарды майданға шығарып салып жатқан сәттер, “боздақтарымыз аман орала ма, жоқ па, ендi қайтып көремiз бе, көрмеймiз бе” деп көкiрегi қарс айырылған аналарымыздың мұң-зары ескi киноның таспасындай әлi күнге көз алдыма келедi. Адам қолы жетiспегендiктен, колхоз жұмысына да ерте араластық. Ол кезде қазiргiдей трактор, комбайн деген жоқ. Егiн оратын, шөп шабатын құрылғыға өгiз жегедi, өгiздi аттың артына байлайды, ал аттың үстiне балаларды отырғызады. Жұмыс елең-алаңда, тым ерте басталады. 5-6 жастағы кезiмiз ғой. Ұйқымыз қанбайды. Ат үстiнде ұйықтап кетiп, шалғыға түсiп қала жаздаған кездерiмiз де болды.
– Өзiңiз атадан жалғыз екенсiз. Ал жалғыз баланы көбiнесе еркелетiп өсiредi. Ел басындағы сол кезеңдегi ауыртпалық сiзге еркелiктiң де, балалықтың да дәмiн татқыза қоймаған сияқты...
– Рас, мен ата-анамның жалғыз перзентiмiн. 30-жылдардағы аштықтан, одан кейiн iндет аурудан көп балалары шетiнеп кеткен. Содан қайғыдан қан жұтып жүрiп, әке-шешемнiң Құдайдан сұрап алған баласы екенмiн. Бiрақ әкем: “Балам, жалғызбын деп ойлама. Адамның қадiрiн бiлiп өс. Өмiрде көп болып жүруiң де, аз болып жүруiң де өзiңе байланысты”, – дейтiн.
Ата-анам өмiр бойы мал шаруашылығында жүрдi, күнi-түнi еңбек еттi. Шындығында, “жалғыз бала” деп менi еркелетiп отыруға ол кiсiлердiң мүмкiндiгi де жоқ едi. Есесiне, еңбекке тәрбиеледi. Өз басым одан жамандық көрмедiм.
Құдайға шүкiр, қазiргi балалар не iшемiн, не киемiн демей, баршылықта, молшылықта өсiп жатыр. Бiрақ бiр қарным ашатыны, еңбекпен тәрбиелеу жағы кемшiн. Балаларды еңбекпен тәрбиелеудiң мемлекеттiк, ұлттық жүйесi болуы керек. Бiзде ондай жүйе жоқ. Дастарқанға нанның қалай келетiнiн бiлмейтiн жастар көп. Бұл, әрине, ең алдымен үлкендердiң кiнәсi. Баяғыда бала тәрбиесi көпшiлiкке ортақ нәрсе болатын. Көшеде ойнап жүргенде бұзақылық жасасақ, әдепсiздiк көрсетсек, кiмнiң баласы екенiңе қарамастан, ауылдың кез келген үлкен кiсiсi зекiп тастайтын, тiптi арқамыздан қамшымен осып жiберетiн. Қыз-ұл демей, қай-қайсысын да барлық жамандықтан тыйып, қадағалау, ол – ертеден келе жатқан халықтық салт. Мұның үлкен тағылымдық мәнi бар.
Қарап тұрсақ, қазiр ғылым-бiлiм iлгерiледi, талай жетiстiкке жетiп, талай биiктердi бағындырып жатырмыз. Былайша айтқанда, мықты маманбыз, бiрақ адамдық қасиет жағынан алғанда, бұрынғыдан әлдеқайда төмендеп кеттiк.
Бiлiмсiз жастар көбейiп барады. Бұл – өте қауiптi құбылыс. Басқа ағымдар олардың сол осалдығын өз мүддесiне сай пайдалануда. Сондықтан үлкенiмiз бар, кiшiмiз бар, тәрбие мәселесiн қола алмасақ, ұрпақ қауашағына түскен құртты ешқандай ақшаның көмегiмен кетiре алмайсың.
– Кез келген адам үшiн әке тағылымының мәнi зор ғой. Мысалы, сiздiң көптiң адамы, халықтың қалаулысы атануыызға әкеңiздiң жаңа өзiңiз еске алған бiр ауыз сөзi себепкер болған болуы да мүмкiн. Ол кiсiнiң тағы қандай ғибратын ұстанып өстiңiз?
– Бала күнiмде жылан өлтiретiн едiм. Әкем: “Өзiңе зияны болмаса, тиiспе. Мұның да көретiн жарығы, тiршiлiгi бар. Көр, ұста, бiрақ зиян жасама. Шыбын-шiркейдiң де өзiне Алланың өлшеп берген ғұмыры бар, обалын арқалап қайтесiң”, – дейтiн. Ешкiмге, ештеңеге қиянат жасамау керек деген түсiнiк әкемнiң сол бiр сөзi арқылы бала кезiмнен санама мықтап сiңдi.
– Бала кезiңiзде суретшiлiк өнерiңiз де болыпты. Жалпы, өнерге бейiмдiлiк сiзге кiмнен, қалай дарыды?
– Соған өзiм де таңғаламын. Қарапайым еңбек адамдарының отбасында дүниеге келдiм. Бiреуге елiктедiм, бiреуден үйрендiм деп айта алмаймын, Құдайдың берген қасиетi болар. Бiрақ анамның кiшкене ғана, әдемi қоңыр даусы бар болатын. Iс тiгiп отырғанда немесе тамақ пiсiргенде ыңылдап ән айтып жүретiн. Мен бала кезiмнен сурет салғанды жақсы көретiнмiн. Дегенмен суретшiлiктiң жолына түсуге жағдай келмедi. Мектептi бiтiрген бойда ауылда қалып, мал бақтым. Көркемөнерпаздар үйiрмесiне қатысып, ән де айтатынмын. Соның арқасында ауданға, облысқа таныла бастадым. Сөйтiп, даусымның бар екенiн түсiнiп, консерваторияға түсуге ниеттендiм.
– Ол кезде жастарды неғұрлым колхоз, совхоз жұмысында ұстап қалатын. Сiздiң қалаға кететiнiңiзге ешкiм қарсы болған жоқ па?
– Мен оқуға жүрерде әкем бiр малын сойып, үлкендерден бата сұрады. Қалтамда 23 сом ғана ақшам бар. Сөйтiп, мен ақшамен емес, оқуға батамен түскем. Бiр көкемнiң сондағы: “Жастардың оқығаны дұрыс қой. Бiрақ мына ауылдағы шаруаларды кiм атқарады, елдi, жердi кiмге қалдырамыз?” деп қиналғаны әлi есiмнен кетпейдi. Ол кезде консерватория дегендi көп адам түсiне бермейтiн ғой. Тағы бiр қариялар: “консервi жасай ма, ол не, қандай оқу?” деп те таңғалған.
Ол кезде ауылда жұмыс қайнап жататын. Егiн егу, көктемгi-күзгi науқанды дұрыс атқару, мал бағу, оны төлдету, жұмыстың бәрiн соған орайластырып ұйымдастыру, басқару оңай емес. Соған алаңдағандықтан да, үлкендердiң басқа оқуды емес, тап соның оқуын оқығанымды қалағанын мен кейiн түсiндiм.
– Дегенмен өнерге кездейсоқ келмегенiңiздi сол кездiң өзiнде-ақ дүйiм жұрт мойындады. Қазақтың маңдайалды композиторлары көптеген әндерiн тек сiздiң даусыңызға ғана арнап жазды. Солай емес пе?
– Шынымен де, менiң даусыма сай тамаша әндер жазған бiртуар тұлғалар болды. Олар – Нұрғиса Тiлендиев, Шәмшi Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов. Мен өзiмдi олардың әндерiн айтып қана жүрмiн деп ойламаймын, аманатын арқалап жүрмiн деп ойлаймын. Оған кiр келтiруге, қиянат жасауға қақым жоқ. Менiң адамдық қасиетiм де, достығым да сол аманатты қалай сезiнiп, қалай арқалап жүргендiгiммен өлшенедi.
– Соның iшiнде Нұрғиса ағамен ерекше дос болғаныңыз мәлiм. Ол кiсi әндерiнiң түгелге жуығын сiздiң даусыңызға лайықтап жазыпты...
– Нұрағаң өте таза, iрi мiнездi адам едi. Менi “адалым” дейтiн. Өте жақын араластық. Он-он бес күн көрмей қалса, сағынып қалатын. Елге барғысы келсе де: “Кеттiк ауылға” деп келiп тұратын және “ауылға кеттiк” дегенде, ол кiсi көбiнесе менiң ауылымды айтатын.
– Нұрғиса Тiлендиевтiң сiз орындап жүрген әндерiнiң көпшiлiгi Мұқағали Мақатаевтың сөзiне жазылған екен...
– Нұрғиса аға: “Мұқағали деген ақын жiгiт бар. Жөнi түзу сияқты. Соны да шығармашылық бiрлестiгiмiзге мүше ғып алуымыз керек” деп жүретiн. Бiр жиында Мұқаңмен танысудың ретi келдi. Маған жанынан орын ұсынған Мұқағали: “Әншi iнiм, қалайсың?” – дедi. Сол жолы Нұрғиса Тiлендиев екеумiздiң өзiне сырттай “құда түсiп” жүргенiмiздi айтып, Нұрғиса ағаның телефон нөмiрiн берiп кеттiм. Екеуi кейiннен бiрлесiп керемет әндер тудырды. Түннiң бiр уағында “Әнiңдi қабылдап ал” деп шақыратын. Жаны жайсаң ағалармен талай жұлдызды сәттерiмiз бiрге өтiптi. Бiрде гастрольге кетiп, 1 айдан кейiн келсем, сол 1 айда Нұрғиса аға жиырмаға жуық ән шығарып қойыпты. Бұл дегенiң он жылдың жұмысы ғой. Сонда екеуi 1 ай күндiз-түнi бiрге болып, ән жазыпты.
Нұрағаңды меншiктенiп алып, әндерiн басқа ешкiмге бергiзбей жүрген адам сияқты болмайын деп, бiрде: “Басқа да мықты әншiлер бар ғой, бiрлi-жарым әндерiңiздi соларға да берсеңiзшi” деп едiм: “Онда шаруаң болмасын. Басқалар әннiң мазмұнын сен сияқты түсiнiп айтып алсын алдымен”, – деп кесiп айтты. “Сыбағамды” алдым да, қойдым сонымен.
Нұрағаңның әрбiр әнi – өзiнiң динамикасы, сценарийi бар кiшiгiрiм спектакль. Оның маңызын, дiттеген ойын – ақын не айтқысы келдi, ал композитор оны қалай көрсеткiсi келдi, соны әншi түсiнуi керек. Мәселе – сонда.
– Сiздiң орындауыңыздағы әндердiң қай-қайсысы да тыңдарманның жүрегiне жеткен шығармалар ғой. Әйтсе де өзiңiз қай әнiңiздi ерекше сүйiп орындайсыз?
– Он бала туған анадан “қай перзентiңдi жақсы көресiң?” деп сұраса, ол не деп жауап берер едi? Сол сияқты, мен де ешбiр әнiмдi бөлiп-жара алмаймын. Жалпы, өнер адамы өзiнiң әрбiр туындысына осындай көзқараста болғаны жөн.
– Сiздердiң буынның бiр артықшылығы – бәрi табиғи болды ғой. Қазiр жанды дауыс жоғалып, эстраданы жаппай фонограмма жайлап кеттi...
– Фонограмма бәрiнен бұрын жастар үшiн зиянды. Соған арқа сүйеудiң салдарынан көптеген жас әншiлер әннiң табиғатын, әуенiн, иiрiмiн, тiптi мәтiнiн ұмытып қалатынды шығарды. Ал бұл – ұлттық ән өнерi үшiн өте қатерлi. Қазақ әнiнiң өзгеде жоқ ерекше де табиғи өз иiрiмi бар. Қазiргi аудио-бейне техниканың әсерiнен осы ерекшелiктер ұмытылып барады. Алайда жүрекке жетпейтiн, жасанды әндердiң бәрi ең соңында тыңдаған құлаққа түрпiдей тиiп, жалықтырады, шаршатады. Ең соңында ұмытылып тынады.
Шындығында, табиғи дауысқа ештеңе жетпейдi. Өйткенi табиғаттың мүмкiндiгi шексiз. Әншi адам жанының ерекшелiгiн өз даусы, өз табиғи болмысы арқылы бере бiлсе, құба-құп. Негiзгi басымдық адамның талантына, дарынына берiлуi тиiс. Осы талапты алдымен бiз, аға ұрпақ өкiлдерi, сақтауға, қолдауға тиiспiз. Содан кейiн жастарды да соған бейiмдеуiмiз керек..
– Ұлттық әнiмiздiң қайталанбас этноиiрiмдерiн музыка мамандары да әлдеқашан мойындаған ғой...

– Мәскеудiң дәуренi жүрiп тұрған кезде орталық теледидардың белгiлi композитор Ян Френкельмен сұхбат жүргiзгенi есiмде. Тiлшi атақты композиторға “Кеңестер Одағында қай республиканың, қай халықтың эстрадасы мықты деп ойлайсыз?” деген сұрақ қойып, артынша: “орыстар, украиндар, грузиндер, өзбектер, молдавандар...” деп, аузына сөз салуға тырысқан. Алайда Френкель: “Жоқ, бұл пiкiрiңiзбен келiспеймiн. Кеңестiк республикалар iшiнде қазiр қазақ эстрадасы мықты. Әрi оның этнографиялық спецификаға толы ырғақтарының болашағы зор” деп аузына құм құйған. Бұл – халқымыздың ән өнерiне берiлген әдiл баға болатын. Ал сол ерекшелiктен қазiр не бар? Әрине, маман, профессор ретiнде байырғы ән өнерi туралы “толықтай басқаның ықпалына түсiп кеттi” деуден аулақпын. Бiрақ ондай келеңсiздiктердiң бар екенi де өтiрiк емес.
– “Ән ең алдымен жүрекке жетуi керек” десек, сiз әншi ретiнде әрдайым ол талаптың үдесiнен шыға бiлдiңiз. Сахнада жүргенiңiзге 60 жыл болыпты. Осынау айтулы датаға орай, шығармашылық кеш өткiзудi жоспарлап отыр екенсiз...
– 60 жылға жуық уақыт аралығында киелi ән өнерi, сахна менiң шынайы тағдырыма айналып кеттi. Өнердегi жолды айтпағанда, 60-қа келген адамның өзi де артына бiр бұрылып қарап, “алты қырдан асқанда не бiтiрдiм” деп өткенiн шолып шығады ғой. Ал өнер адамы үшiн өткен өмiрдiң қисыны мен мәнi мүлде басқаша. Себебi артыңда сыйымен қоса, сыны бiрге жүретIн тыңдарманың, халқың бар. Соған сай өзiңе жүктелген жауапкершiлiк жүгi бары да айдан анық. Сол себептi, алдағы 12 ақпанда халық алдында есептiк концерт берудi жоспарлап отырмын.
Әншiлiк жолымда небiр атақты оркестрлердiң сүйемелдеуiмен ән шырқадым. Есептiк концертке сол оркестрлер де қатысады. Яғни өзiм құрамында 30 жылдай өнер көрсеткен Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрi мен Жамбыл атындағы мемлекеттiк филармонияның симфониялық оркестрi сахнаға шығады. Францияда өткен халықаралық байқауда бас бәйгенi жеңiп алған қызым Нұргүл де фортепьяномен шығармалар орындайды.
Бұл концерттi өткiзудегi негiзгi мақсат – “өнердегi 60 жылда не тындырдым, қандай композиторлардың әндерiн насихаттадым” дегендi көрсету. Басты ниет – табиғи даусымызбен, қарапайым қазақы келбетiмiзбен қазақ әнiнiң кереметiн тағы бiр мәрте паш етсек деген ой ғана.
– 12 ақпан сонымен бiрге қазақтың жүрегiнен өшпес орын алған Дiнмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туған күнi ғой. Бiлуiмiзше, кезiнде Димаш аға сiздiң өнерiңiздi жоғары бағалаған көрiнедi. Ал өмiрде ол кiсiмен қаншалықты жиi араласа алдыңыз?
– Есептiк концертiмнiң Димекеңнiң туған күнiмен тұспа-тұс келуiнiң өзiндiк маңызы бар. Дiнмұхамед Ахметұлы – ең алдымен халықтың адамы, елдiң, оның мәдениетiнiң өсiп-өркендеуiне үлкен үлес қосқан көрнектi тұлға. Елiмiздегi небiр кәсiпорындар мен зауыттар, тiптi Риддер, Соколов-Сарыбай сияқты iрi қалалар мен кен орындары Димекеңнiң тiкелей басшылығымен құрылды. Димаш Ахметұлы салдырған “Арасан” моншасының қызығын Алматы жұртшылығы әлi күнге дейiн көрiп отыр. Өз заманында Қазақстан түгiлi, бүкiл Кеңестер Одағында “Арасан” моншасына жететiн монша болған емес. Сол үшiн Димекең жоғарыдан бiраз ескерту алып, қағажу да көрген.
Айта берсек, Димекеңнiң қазақ тарихына қосқан үлесi ұшан-теңiз. Ол заманда “Одақтық деңгейдегi” деген өлшем болды. Димаш Ахметұлы атқарған iстердiң барлығы сол деңгейден бiр де төмен түспейтiн. Бiз оның талай мәрте куәсi болдық.
Димекең зейнетке шыққаннан кейiн бiз жиi жолығатынбыз. Өйткенi ол кiсi ел басқарып тұрғанда шетелге бiрге көп шығушы едiк. Кейiннен алыстағы ағайын Димекеңдi iздеп келiп, кездесу ұйымдастыруды өтiнетiн. Бiрде ол кiсi кездесуден соң оңаша қалып сөйлесуге ұсыныс жасады. Бiраз отырған соң: “Нұрғали, мен сенi түсiнбедiм”, – дедi. “Не бүлдiрiп қойдым?” деп iштей қатты қобалжыдым. Сонда: “Мен қызметте жүргенiмде қабылдауымда екi рет болдың. Не қызмет, не үй сұрамадың. Не деген адамсың?” – дедi. Iшiм қопарылып кеттi. “Сен ауылдан келген қойшының баласысың. Тiреп тұрған ешкiмiң жоқ. Сенiң осы күнге жету үшiн қалай қиналғаныңды шамалап тұрмын. Менiң алдыма кiргеннiң бәрi үй сұрайтын. Ешкiмнiң меселiн қайтармадым. Бала-шағасы бар адам солардың ертеңiн ойлауы керек. Олардың материалдық жағдайын жақсартып беру әрi-берiден соң сенiң мiндетiң” – дедi. Әкем айтпаған сөздi айтты. Мың-миллион адамның арасынан менiң жағдайымды жадында ұстап қалғанына таңғалдым. Сосын қалжыңға бұрып, екеумiздi де ыңғайсыз жағдайдан алып шығу үшiн: “Көке, менiң жолдастарымның бәрiне қызмет берiп, бастық қылдыңыз, менiң жағдайымды солар жасайды деп сендiм”, – дедiм. Әлгi сөзiн есiме алсам, әлi күнге толқып кетемiн.
 

Нұрғали НҮСIПЖАНОВ, Қазақстанның халық әртiсi


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/ruhaniyat/19025.html