Спорт
Ермек Иманбеков, дзюдодан ерлер құрамасының бас бапкерi: ТАПСЫРМА ЕКI АЛТЫН МЕДАЛЬ АЛУ
Жас Алаш №5 (16191)  19 қаңтар, бейсенбі 2017
10.01.2017 11:30

Дзюдодан елiмiздiң ерлер құрамасы оқу-жаттығу жиынын Өзбекстан елiнде өткiзiп жүр. 7 қаңтар күнi Ташкентке аттанған жiгiттер 13 қаңтарға дейiн осы елде әзiрлiктi жүргiзедi. Одан кейiн Жапония елiндегi бiрлескен жаттығу жиынына қатысады. Сосын гранд-слэм, гран-при сайыстарын бастайды. Дзюдошыларымыз үшiн биылғы жылдың басты додасы – Гонконгте өтетiн Азия бiрiншiлiгi мен Венгрия мемлекетi ұйымдастыратын әлем чемпионаты. Жуырда дзюдо федерациясы былтырғы жылды қорытындылап, Рио Олимпиадасындағы, өзге де сайыстардағы көрсеткiшке көңiл тоғаятынын айтты, биылғы жоспар жайында сөз өрбiттi.
Азия чемпионаты мен әлем бiрiншiлiгiнен қанша медаль алу мiндеттелдi? Ташкенттегi оқу-жаттығу жиынында бiздiң елдiң балуандары кiмдермен күресiп, тәжiрибе алмасады? Сауалдарымызға жауап алып, Өзбекстан астанасында жүрген бас бапкер Ермек Иманбековпен сұхбаттастық.

– Ермек аға, ұлттық құраманың жiгiттерi жаттығу жиынын қай елдiң спортшыларымен бiрге өткiзедi? Өзбекстан құрамасы ғана бола ма әлде?
– Бiр апталық оқу-жаттығу жиынына бiздiң балуандардан бөлек Иран, Тәжiкстан, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, елдерiнiң құрамалары келдi. Осы алты елдiң балуандары бiрлесiп әзiрлiккке кiрiсiп кеттi. Тәжiкстан, Өзбекстан, Қырғызстан елiнен Рио Олимпиадасында белдескен балуандар келдi. Иран құрамасында буын алмасу болғандықтан ба, бапкерлерi бұл жиынға жастарын көбiрек әкелiптi. Ресей құрамасында да жастар көп.
– Өзбекстаннан оралған соң аз күн аялдап, сосын Жапонияға жол жүресiздер ме?
– Иә, Жапонияда Токай университетi бар. Дзюдо күресiнiң қыр-сырын ғылыми түрде оқытатын оқу орнында бiздiң жiгiттер бiрнеше рет болды, әзiрлiктен өттi. Былтыр да Рио Олимпиадасына әзiрлiк жүргiзгенде де Токай университетiне тоқтап, Жапонияның дзюдошыларымен тiзе қосып жаттығу жүргiзген едiк. Биыл да сол бағытты ұстанып, Жапонияға барамыз. Жаттығу жиыны аяқталған соң спортшылар медициналық тексерiстен өтедi. Содан кейiн ұлттық құраманың белдi балуандары Германияда өтетiн гран-при додасына, қалғандары Францияда болатын халықаралық гранд-слэм сайысында сынға түседi.
– Иран құрамасы мен Ресей құрамасы Өзбекстанға жас балуандарын алып келдi дедiңiз. Өзiмiзде буын алмасу процесi қалай жүрiп жатыр? Әлем чемпионы Максим Раков Ташкенттегi жаттығуға бармапты. Екi рет Олимпиада ойындарына қатысқан Максимнiң де жасы отыздан асты. Жастар арасынан жарқырап шыққан балуандардың ұлттық құрамаға енгендерi бар ғой?
– Дұрыс айтасың, бiздiң ерлер құрамасы да 50 пайызға жаңарып, жастардың келгенi қуантады. Әсiресе, жеңiл салмақтарда бәсекелестiк өте жоғары. Жасөспiрiмдер арасында, жастар дуында сынға түсiп, әлемдiк додаларда олжа салған өрендер өсiп, толысты. Олар да ұлттық құрамаға қабылданып, ел намысы үшiн қандай сайысқа салсаң да, белдесетiн деңгейде қазiр.
Ендi Максим Раковтың жайын айтайын. Раков неге Ташкентке бармады дедiң ғой. Ол ескi жарақаты сыр берiп, қазiр емделiп жүр. Жасы отыздан асқаны рас. Бiрақ әл-әзiр күрестi доғарып, күртешесiн шешемiн деп жүрген жоқ. Дзюдо күресiнде Максимнан да кексе балуандар көп қой әлемде. Арыға бармай-ақ Бейжiң Олимпиадасының чемпионы, моңғол Тувшинбаяр Найдан әлi күресiп жүр. Найдан Максимнен үлкен. Раков “келесi жылы өтетiн жазғы Азия ойындарына қатысып, күрестi доғарамын” дейi. Бойында күш-қуаты тасып тұрса, белдесуге деген ынтасы зор болса, ұлттық құрамада тегеурiндi екенiн дәлелдей алса, оны ешкiм де сен қартайдың деп шетке итермейдi.
– Рио Олимпиадасынан кейiн құрамадағы кей балуандар салмақ дәрежесiн ауыстырды.
– Иә, мысалы бұрын Айбек Имашев 60 келiде күресiп келсе, ендi 66 келiге ауысты. Елдос Жұмақанов 66 келiде сынға түскен, осы күнде 73 келiге өттi. Жансай Смағұлов та қазiр 73 келiде белдеседi. Өзге салмақ дәрежесiнде де осындай өзгерiстер бар.
– Дзюдо күресiнiң ережесiне өзгертулер енгiзiлдi. Бұдан былай жаңа ереже бойынша белдесу қалай болар екен?
– Уақыт көрсетедi. Әл-әзiр жақсы не болмаса жаман деп кесiп айта алмаймыз. Бұрын балуандар 5 минуттан белдессе, ендi 4 минут күреседi. Бұған дейiн балуандар әдiс қолданғанда базари, юко, иппон деп бағалайтын. Ендi базар мен иппон ғана қалды. Дзюдо күресiнiң ережесiн өзгертудегi мақсат бiреу ғана – осы спорт түрiнiң танымалдығын арттыру, көпшiлiктi қызықтыру. Сондықтан да ережеге енгiзiлген өзгерiстердiң дұрыс-бұрыстығын алдағы уақытта көремiз.
– Былтыр Рио Олимпиадасында төрт балуан күресiп, 1 күмiс медаль тидi. Биыл Азия чемпионаты мен әлем бiрiншiлiгiнен қанша медаль алу мiндеттелдi?
– Венгрияда өтетiн әлем чемпионатынан 2 медаль аламыз деп үмiттенемiз. Әрине, алтын, күмiс, қола болады деп алдын ала тон пiшпеймiз. Гонконгтегi Азия чемпионатынан 1 алтын, 1 күмiс, 2 қола медаль бұйыруы керек деп отырмыз. Биылғы ең iрi екi сайыста жiгiттер жiгерiмiздi құм етпеуi тиiс.
– Еңбектерiңiз жана берсiн, балуандарға ақ жол тiлеймiз.

Сұхбаттасқан Қ.КӨШЕК,
Алматы қаласы


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/sport/19026.html