Сараптама
Арқаға кел, АРҚАДАҒ!
Жас Алаш №15 (16201)   21 ақпан, сейсенбі 2017
16.02.2017 09:43

Президенттiк сайлауда мәреге дара келген Арқадағты қазақ басшысы Астанаға шақырды. “Өткен сайлау нәтижесi – халықтың тұрмыс деңгейiн арттырып, елдiң халықаралық беделiн нығайту жолындағы Сiздiң жүзеге асырып отырған саясатыңызға Түрiкменстан азаматтарының сенiмi мен қолдауының көрсеткiшi...” дептi Н.Назарбаев түркiмен президентiне жолдаған құттықтау жеделхатында. Иә, Гурбангулы Бердымухамедовтiң бұл сайлауда да атқан оқтай зу ете түсерiне ешкiм шәк келтiрген жоқ. Көршiлес ел басшыларының жеңiске жеткен адамды құттықтап қоюы – заңды. Дегенмен қазақ басшысының жеделхатындағы “сенiм” мен “қолдау” туралы пiкiрi бiздегi сайлаулардың сықпытын ғана емес, екi ел президентiнiң арасындағы ұқсастықтарды да ерiксiз еске түсiредi.

Алдымен Арқадағтың өмiрбаянындағы қызықты деректерден аздаған мәлiмет бере кетейiк. Гурбангулы Бердымухамедовтiң негiзгi мамандығы – стоматолог. 23 жасында стоматолог-дәрiгер болып жұмыс iстеген кезеңiнен Денсаулық сақтау министрлiгiнiң стоматология орталығына директор болған уақытына дейiн есептесеңiз, тұп-тура 17 жыл. Демек Арқадағ – тiс емдеу iсiнiң нағыз бiлгiрi. “Отыз тiстен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды” демекшi, оның “тұп-тамырына” қатысты өсек-аяң, күбiр-сыбыр жиi айтылады. “Кейiнгi президент бұрынғы президенттiң некесiз туған баласы екен” деген әңгiме алғаш рет оның таққа мiнген сәтiнде қаулаған. Мұның анық-қанығын кiм бiлген, бiрақ басқа емес, дәл Бердымұхамедовтiң президент боларына ешкiм болжам жасай алмағаны рас. “Мәңгiлiк президент” атанған Сапармұрат Ниязов мәңгiлiк ұйқыға кеткенде үкiмет басшысының орынбасары қызметiндегi
Г.Бердымұхамедов қауiпсiздiк кеңесiнiң шешiмiмен жерлеу комиссиясын басқарды. Және президенттiң қызметiн уақытша атқаруға мүмкiндiк алды. Ниязов қазасынан бес күн өте сала Халық мәслихатының депутаттары Г. Бердымұхамедовтi бiрауыздан президенттiкке үмiткер ретiнде тiркедi. Екi айдан соң өткен президент сайлауында ол 89,23 пайыз дауыспен жеңiске жеттi. Сайлау қорытындысы жарияланған күннiң ертеңiнде бiрден ұлықтау рәсiмi өткiзiлдi.
Түркiменстан Конституциясы бойынша, “мәңгiлiк президенттiң” оқыс қазасынан кейiнгi өлiара кезеңде елдi мәжiлiс төрағасы басқаруы тиiс-тiн. Бiрақ Овезгелдi Атаевқа аяқасты ауыр айып тағылып, ол түрмеге жабылды. Мiне, Бердымұхамедовтiң билiкке келу себебiнiң сырын оның “шығу тегiнен” iздеуге осы жайттар да себеп болса керек.
Түркiмен басшысының қазақ президентiне ұқсаңқырайтын бiр тұсы – кiтап жазғыш. Ұлттық кiтапхананың электронды каталогында Н.Назарбаевтың 102 кiтабы тiркелгенiн журналистер бұдан бiрнеше жыл бұрын айтқан. Егер Бердымұхамедов те Назарбаев секiлдi ширек ғасыр тақта отырса, оның шығармалары да 100-ден асып кетуi әбден мүмкiн. Өйткенi қазiрдiң өзiнде 40-қа жуық кiтабы бар. Айырмашылығы, қазақ басшысы әлемдiк мәселелердi, ғаламдық түйткiлдердi тарқатуға әуес келсе, Бердымұхамедов түркiмен әлемi төңiрегiн шиырлауға құмар. Түркiменнiң кiлемi, жылқысы – “Көк аспанның сұлулығы”, “Сәйгүлiктiң жүрiсi” кiтаптарының жазылуына түрткi болды. Шабыты келсе, түркiмен басшысы шайдың өзiн кiтапқа жүк қылады. Тiптi оның “Достық, бауырластық пен бейбiтшiлiктiң музыкасы” дейтiн атының өзi күлкi шақыратын кiтабы да бар.
 

Күлкi дегеннен шығады, үш жыл бұрын Арқадағ аттан құлап, күлкi болған. Ашғабад маңындағы ипподромда өткен “Ұстаздар жарысы” атты бәйгенiң алдында келе жатқан президенттiң аты сүрiнiп, өзi тұмсығымен жер сүзе құлаған едi. Қызығы сол, түркiмен ақпарат құралдары “Бердымұхамедов “Беркарар” атты сәйгүлiгiмен мәренi 21,2 секундта кесiп өттi” деп ақпарат таратты. Бас жүлдеге тiгiлген 11 миллион АҚШ доллары да президентке бұйырды. Бiрақ мәреге жетпей құлағанына қымсынды ма, Бердымұхамедов бұл қаржыны жылқы өсiру саласына беретiнiн мәлiмдедi.
Түркiмен басшысы жазушы, шабандоз ғана емес, әншi әрi сазгер. Бiр сөзбен айтқанда, “сегiз қырлы, бiр сырлы” президент. Оның ескерткiштерi қазақ әрiптесiнiкiне қарағанда еңселiрек келетiнiн мойындауға тиiспiз. Тұңғыш президент паркiндегi ескерткiшiнде кәстөм-шалбар киген Н.Назарбаев тастың үстiнде отыр. Ал Арқадағтың тас мүсiндерi аспанмен таласып тұрады. Тiптi 2015 жылы оған алтыннан ескерткiш қойылды. Түркiменстан мен Қазақстан билiгiндегi бiр ұқсастық мынау: билiкке қажеттi келелi мәселенi президент емес, өзгелер көтередi. Қазақстанда парламенттi тарату, сайлауға президенттi қатыстыру секiлдi мәселелер әдетте депутаттардың, Ассамблея өкiлдерiнiң аузынан шығады. Ал Түркiменстанда бұл “шаруа” – Ақсақалдар кеңесiнiң еншiсiнде. Мәселен өткен жылы Ақсақалдар кеңесi елдегi табиғи газды, электр мен суды тегiн пайдалануды алып тастау жөнiнде бастама көтердi. Себебi мұндай мырзалық нарық заманына лайық емес екен. Кезiнде С.Ниязов “коммуналдық жеңiлдiктер 2030 жылға дейiн сақталады” деп уәде берген. Сол уәденi Бердiмұхамедов бiртiндеп жойып келе жатыр. Бұған дейiн ол әр адамның ай сайын тегiн тұтынатын газ мөлшерiн 50 текшеметрге дейiн төмендеткен. Ақсақалдар кеңесiнiң “кеңесiне” қарағанда, жеңiлдiктер әлi де қысқаруы мүмкiн. Бiрақ оған Бердiмұхамедовтi айыптау “орынсыз”. Себебi бастамашылар – басқа адамдар.
2016 жылы Түркiменстан жаңа Конституциясын қабылдады. Басты өзгерiс – президенттiк өкiлеттiктiң мерзiмi 5 жылдан 7 жылға ұзарды. Сондай-ақ, президент болу үшiн 70 жастан аспау керек деген шектеме жойылды. Қазақстан Конституциясына енген осыған ұқсас өзгерiстi де есiңiзге салып қояйық. Онда былай делiнген: “Бiр адам екi реттен артық Республика президентi болып сайлана алмайды. Бұл шектеу Қазақстан Республикасының Тұңғыш президентiне қолданылмайды”.
Түркiмен президентiн қазақ басшысына жақындататын бiр белгi – биылғы сайлау нәтижесi. 97,69 пайыз дауыс жиған Бердiмұхамедов тура Назарбаевтың iргесiне келiп тоқтады. 2015 жылғы сайлауда қазақ басшысы 97,7 пайызбен оқ бойы озық шыққан едi. Екеуiнiң айырмасы – болар-болмас қана. Кешегi одақтас республика басшыларының ешбiрi мұндай “биiкке” көтерiле алмаған. Марқұм Ислам Каримовтың өзi сексенiң маңын шиырлап жүрушi едi. Кейiн келген Ш.Мирзияевтiң де шыққан төбесi – сол маң. Мiне, осыны ескергенi шығар, кейбiр тәуелсiз сарапшылар Бердiмұхамедевтi Қазақстанға шақырудың ықтимал себебiн де осы төңiректен iздеп жүр. Неге? Өйткенi әлем алдында көзге шыққан сүйелдей болу кiмге жақсы дейсiз?! Дара кеткенше, артыңнан құйысқандасып тағы бiреудiң келе жатқаны дәтке қуат емес пе?!

Қ.БАЯН


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/saraptama/19321.html