Өлке
Тұрғындар көп,бiрақ тiркеуде жоқ
Жас Алаш №50 (16236)   22 маусым, бейсенбі 2017
16.02.2017 09:57

Ақмола облысындағы ең күрделi аймақтың бiрi – Целиноград ауданы. Өзiнiң кеңес кезiндегi атауын сақтап қалған ауданның орталығы Астанадан 30 шақырым жердегi Ақмол кентiнде орналасқан. Бұл баяғы АЛЖИР-дың абақтылары тұрған ауыл. Бұрын Малиновка аталып келген елдi мекен, бертiн Ақмол болып өзгерген. Целиноградты күрделi аудан деуiмiздiң себебi, оған қарасты ауылдардың көбi Астананы қоршай орналасқан. Сондықтан бұл жақта баспана мен жер мәселесiне байланысты туындайтын дау-дамайлардан ел-жұрт хабардар. Одан бөлек, аудан үшiн кейiнгi жылдары қиындық туғызып тұрған жайттың бiрi – көктемгi су тасқыны. 2015 жылы осы төңiректегi Ақмол, Қосшы, Ағанас, Оразақ, Жаңажол, Шiнет секiлдi бiрнеше ауылдар су тасқыны астында қалған. Дегенмен, жергiлiктi атқарушы билiк шұғыл қимылдап, сол жылы күз айында Ақмолда 45 пәтерлi, Қосшыда 45 пәтерлi үй тұрғызып, баспанасыз қалған тұрғындарға табыс еттi. Оразақ ауылында екi пәтерлi 100 үй тұрғызылып, олардың 186-сы тапсырылғаны да хабарланған.
“Жас Алаш” тiлшiсiне Қараөткел ауылының тұрғыны Амангелдi Құсайынов ақсақал хабарласты.
Ол кiсi мынадай мәселелердi көтерiп жүр. Бiрiншiсi – ауыл iшiнде су құбыры тартылғанымен, ауыз суы әлi жетпей жатыр. Бұл жөнiнде аудандық әкiмдiктен анықтама алғанымызда, шындығында солай екен. Ауданның бұрынғы басшылығының кезiнде су құбырын тарту жайлы құжаттар жасалып қойса керек. Бiрақ су көзiн анықтап алмай, бұл жұмысқа қаржы бөлiнiп, ауыл iшiнде құбыр тартылған. Ауыз судың келмей қалуының бiр себебi осы. “Қазiргi пайдаланып отырған су көзiнiң қоры тым аз, егер Қараөткелдi қоссақ, басқа ауылдар сусыз қалуы мүмкiн”, – дейдi әкiмдiктегi мамандар. Дегенмен, аудан әкiмi Мәлгаждар Тәткеевтың айтуынша, биылғы жылы екi жоба жасалып, көршiлес Қорғалжын ауданындағы судың мол көзi бар Сабынды ауылынан Оразаққа, одан Ақмолға құбыр тартылып, Қараөткел ауылына ауыз суы баратын көрiнедi.
Екiншi мәселе – су тасқынына байланысты. Қазiр ауыл iргесiмен ағатын Қозыкөш өзенiнiң арнасын бойлай ор қазылуда. Олай iстегенше, өзеннiң өзiнiң арнасын тазалау керек едi және қазылған ор малдың өрiске шығатын жолын бөгеп, қазiр Астана-Қорғалжын тас жолының үстiмен айдалып жүр дегендi айтады.
– Сонау жылдары қалтасында қаржысы барлар осы төңiректегi жерлердi гектарлап меншiктеп алып, ендi оны әркiмдерге бөлiп-бөлiп сатып жатыр. Алған адамдарға баспана тұрғызып алса болды, басқасына қарап жатқан жоқ, тiптi өзеннiң арнасына жақын үй салып жатқандар бар. Ертең өзен тасыса, бұл баспаналар суға кетiп, оған тағы да мемлекет қаржы бөлуi керек, бұны неге ескермеймiз? – дейдi А.Құсайынов.
Ақсақалдың ескертпелерi жөнiнде ауыл әкiмi Айнагүл Көңбайқызымен сөйлескенiмiзде, ол кiсi қазылып жатқан ор судың арнасын өзгертуге емес, ауылды тасқын судан қорғау үшiн дамба жасауға қазылғанын, ал, малдың тас жол үстiмен айдалмайтынын айтты. Ақсақал мен ауыл әкiмiнiң сөздерiнiң анығына жету үшiн өзен бойына барамыз ба деп едiк, оған қардың қалыңдығы мүмкiндiк бермедi.
– Қазiр өзеннiң арнасын кеңейтiп, оны тазалауға қыруар қаржы қажет. Сондықтан аудан басшылығы кәсiпорындармен меморандумға отырып, “Ақжол” серiктестiгi осыны тегiн жасап бердi. Ал баспана тұрғызып жатқандар жайлы айтсақ, әркiм өз жерiн заң жүзiнде рәсiмдеп алғасын, не салам десе ерiктерiнде. Оларға тосқауыл қоюға менiң құқығым жоқ, – дейдi ауыл әкiмi.
Ауданның бүгiнгi ахуалы жайлы бiзге бiраз ақпарат берген аудан әкiмi аппаратының жетекшiсi Дарын Сабырғали.
– Өзiңiз бiлесiз, ақпарат құралдары осы төңiректегi ауылдарда проблема көп деп шуласып жатады. Бiрақ бiздiң iшкi мәселемiзге үңiлiп жатқан ешкiм жоқ. Мысалы, бiр ғана статистикаға жүгiнсек, Қараөткел ауылында 30 мыңнан астам адам тұрады. Бiрақ ресми тiркелгенi 7 мың ғана. Тұрғындардың көбi Астанада жұмыс iстейдi, пәтерге кезекке тұру үшiн сонда тiркелген. Ал, кез келген әлеуметтiк көмек, мемлекеттiк қаржы статистика бойынша тiркелген адамдардың санына қарай бөлiнедi. Айталық, бiр жедел жәрдем көлiгiн бөлу үшiн, тұрғындардың саны 10 мыңға жетуi керек, заң солай. Бұл секiлдi жағдай тек Қараөткелде ғана емес, осы төңiректегi ауылдардың бәрiнде бар және айтарлықтай қиындық туғызып отыр, – дейдi Дарын Сабырғали.
Шындығында да, Қараөткел ауылында әркiмдерден сұрастырғанымызда, бұл арада Қытай мен Моңғолиядан, Өзбекстан мен Түркiменстаннан, Ресейден, Қазақстанның басқа аймақтарынан келген мыңдаған тұрғындар бас қосқан екен. Бұлардың көбi жоғарыда айтқандай, Астанада тiркелген. Сондықтан Целиноград ауданында әлеуметтiк жағдайды жөнге салу үшiн, ең әуелi статистиканы дұрыстау керек сияқты.
Өткенде президент Н.Назарбаев 8 мың гектардан артық жердi Целиноград ауданының иелiгiнен алып, Астана қаласының аумағына қосуға пәрмен бергенiн естiдiк. Өкiнiшке қарай, бұл жерлерге елдi мекендер кiрмейдi екен. Оған кiретiн Астана әуежайы мен Майбалық көлiнiң төңiрегiнде туристiк мекен салуға арналған аумақ, қазiргi пантеон тұрған және Шортанды ауданына шыға берiстегi жаңа зиратқа бөлiнген жерлер секiлдi.
Биылғы жылғы қардың қалыңдығына қарап, тағы да су тасқыны бола ма дейсiң. Сондықтан, Қараөткел ауылының әкiмi мен Амангелдi ақсақалдың қайсының сөзi дұрысқа шығары сол кезде белгiлi болады. Және жергiлiктi билiк биылғы жаз Қараөткелге ауыз суы барады дейдi. Ол сөз жүзiнде қалмай, iске асса – ғанибет.

Сайлау БАЙБОСЫН,
Ақмола облысы


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/olke/19334.html