"Оқырман хаттары"
«ӘРКIМ» – әрқайсымызды мазалауы тиiс!
Жас Алаш №56 (16242)   13 шілде, бейсенбі 2017
16.02.2017 10:00

“Конституцияға өзгерiс енгiзу туралы” жаңалықты естiп, тыныш отыра алмай, қолыма қалам алдым. Президентiмiз осы уақытқа дейiн, ашығын айту керек, ойына келгенiн iстедi. Серiкболсын Әбдiлдин ағамыз “Жас Алаш” газетiне берген сұхбатында, “Шетелдiктерге сатылған жердi заңдастыру үшiн осы өзгерiстi ойлап тапты” дептi. Бiрақ “Хабар” арнасынан сөйлеген бiр депутат: “Енгiзiлген өзгерiсте алаңдаушылық тудыратын ештеңе жоқ. Жер меншiкке жатпайды” дедi. Бұл қалай болғаны сонда?! Жер – меншiкке жатпаса, оның мүлде иесi жоқ деген сөз бе?! Онда ғасырлар бойы ата-бабамыз не үшiн, кiм үшiн қан төгiстi?! “Жер – меншiк емес” деген сөздi айтқан депутаттар осы сұраққа жауап бере ала ма?!
Жеке өз басым С.Әбдiлдин ағамызбен толықтай келiсемiн. Билiктегiлер жерiмiздi талан-таражға тастады да, ендi артын жабу үшiн оны заңдастырып жатқан секiлдi. Бұл өзгерiстi қазiр жалпыхалықтық талқылауға салып жатыр. Бiрақ талқылауды тек теледидардағы жаңалықтардан естiп-көргенiмiз болмаса, халықпен санасып жатқан бiреуi жоқ.
Тәуелсiздiк алғаннан берi ата заңымызды жүнi жұлынған тауықтай жұлмалап бiттiк. Жоғарыда отырған ел азаматтары ойларына келген өзгерiстер мен толықтыруларды енгiзiп те жүрдi. Бiрақ мына өзгерiске, яғни 26-баптағы “Қазақстан Республикасының азаматы” деген сөздi “Әркiм” деген сөзбен алмастыруға жол берiлмеуi керек! Және бүкiл қазақ халқы да солай ойлайды деп сенемiн.

Сәтен АМАНҚАДЫР,
Атырау облысы.


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/makataev-22/19337.html