Руханият
Береке наурыздан басталады
Жас Алаш №50 (16236)   22 маусым, бейсенбі 2017
18.03.2017 18:34

Қайбір жылы Тараз төрінде өткен үлкен жиында бір қария кісі: «Біз тәуелсіз еліміздің дамуына қалай үлес қосып жүрміз? Осы сұрақ мені жиі мазалайды. Ең алдымен үйімізді, ауламызды таза ұстаймыз, көршілерімізбен татумыз және балаларға дұрыс тәрбие беріп жатырмыз. Аула таза болса – ауыл таза, көршімен тату болсақ – ел тату, балаларға дұрыс тәрбие, білім берсек – еліміздің болашағы жарқын болады. Міне, зайыбым екеуміз ел дамуына осылай үлес қосып жүрміз», – деп айтқан еді. Тегінде ел болашағының баянды болуы үшін аға буын өкілдерінен бұдан артық қандай қолдау қажет?!
Наурыз – салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тіліміз бен дінімізді жаңғыртып, бірлігіміз бен татулығымызды нығайтумен қатар, жақсылықты айшықтайтын әрі өткенді саралап, бүгінді бағамдайтын да мереке. Береке мен бірліктің, молшылық пен ырыстың мерекесі тек ас ішіп, аяқ босатумен немесе ән салып, би билеумен ғана зыр етіп өте шықпаса керек. Әр адам Ұлыстың ұлы күнінде өткеніне көз жүгіртіп, қоғамға қандай пайда келтірдім, қандай үлес қостым деп іштей есеп беріп жатса, бұл да санамыздың өскенінің бір белгісі емес пе? Ал қоғамға пайда келтіру, жақсылық жасау ешқашан да кеш болмайды. Жаңа жылға жақсы жоспарлар жасап, берекелі тірлікті қолға алып, еңбек етуді осы Ұлыс күнінен бастау керек. Яғни береке – Наурыздан басталады.
Алаш арысы Мағжан Жұмабаев кезінде: «Қазақ Жаңа жылы – жазғытұрғы күн мен түннің теңелген күні (22 март) болады. Жаңа жылдың ертеңіне жарық, жылы күн қараңғы суық түннен ұзара бастайды. Бұл реттен қазақ Жаңа жылы ғылым қойнына да басып кіріп қалады. Қазақ Жаңа жылын «Наурыз» дейді. Наурыз әулиенің, әнбиенің аты болмаса керек. Сондықтан қазақтың Наурызы – дін мейрамы емес, тұрмыс мейрамы, шаруашылық мейрамды тұрмыспен, ғылыммен байланыстырып қоғамға пайдалы игі іс жасайтын, ауыл, адамдармен... ұйымдастыратын мейрам ету керек», – деп жазған екен.
Ендеше, Наурыз – мейірім мен жақсылықтың, мұқтаж жандарға қайырымдылық көрсететін, ең бастысы – еңбектің мерекесі. Лайым, назары жерге түссе, қара жердің тоң кеудесін жібітіп жіберетін, ал тасқа түссе, қара тастың бауырын ерітіп жіберетін Қыдыр атаның көзі бүкіл ауыл-ел болып, жастар жағы түгелдей таң шапағын қарсы алып, арықтарды тазалап, су жіберіп, ағаш отырғызып, гүл егуден бастайтын еңбекшіл қауымға, жалпы, еңбекпен егіз өскен жандарға түсе бергей! Ұлы іс оң болсын! Ұлыс құтты болсын! Ақ мол болсын, ағайын!


Оралхан Дәуіт


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/ruhaniyat/19549.html