Әлеумет
Түтін, түтін... Астанадан кет!
Жас Алаш №57 (16243)   22 шілде, сенбі 2017
19.03.2017 01:10

Астанада қыста көмір жағу арқылы жылытылатын қазандықтар мұржаларынан шығатын түтін иісі басты мәселенің біріне айналды.
Әсіресе, қаланың «Оңтүстік-Шығыс» шағынауданы мен Көктал-1, Көктал-2, «Өндіріс» тұрғын алабы тұрғындары «кеш түсе далаға шығудан қаламыз» деп жиі шағымданып жатады. Бұл жағдай тек сол маңайда тұратын тұрғындардың денсаулығына ғана емес, атмосфераға күкірт диоксиді, азот диоксиді секілді аса қауіпті ластағыш заттар таралып, аумақ экологиясына да зиян келіп отыр. Әлемді таңдандырған Астана халқы өркениеттің ортасында отырып тас көмір жағуға мәжбүр.
Астананың жайдары жазынан гөрі тұнжыраған суығы мен саршұнақ аязы көп. Алты айдан көп уақытқа созылатын Арқада күннің райы сәуір болмай тәуір болмайды. Яғни жылдың 5-6 айында көмір жағып шығуға тура келеді. «Биылғы қыста да күн ерте суытып, қыркүйек айынан бері отпен алысып келеміз. Маңайдың бәрін күл басып, қолқаны қабатын иіс шығарса да, үйді жылы ұстап тұру үшін шелектеп көмір жағамыз. Әсіресе, боранды күндері тіптен қиналамыз. Мұндай күндері жаққан оттың бәрі далаға кетеді», – дейді Сәкен Әнуаров есімді тұрғын.
«Оңтүстік-Шығыс» шағынауданында тұрып жатқаныма биыл 9 жыл болады. Аумағы 150 шаршы метр үйді жылыту үшін 12-15 тоннадай көмір қажет, ол 120-130 мың теңге, құрғақ отын үшін 30 мың теңгедей тағы да жұмсаймыз», – дейді Бақытжан Шапағатов.
Дегенмен тонналап көмір алуға шамасы жетпейтін тұрғындар да баршылық. Олар күн сайын қаппен алып амалдайды. «Қаппен көмір сату саудагерге тиімді. Біз секілді зейнеткерлерге өте қиын. Бірден сатып алғанға шама жоқ», – дейді Қамқа есімді апай. Жер үйде от жағатындар да, көпқабатты үйде тұрып ыс түстінге қақалған тұрғындар да «Жасыл энергия» тақырыбында ЭКСПО көрмесін өткізгелі отырған Астанаға көгілдір отын тезірек жетсе дейді. Расы керек, билік бұл мәселені анда-санда көтеріп жүр. Бірақ айтқан сөздері сол мезетте желмен ұшады. Ал қала тұрғындары мұржадан шыққан көк түтінге «түтін, түтін... Астанадан алысқа кет» деп бұл қысты да өткергендей.

Бүркіт НҰРАСЫЛ
Астана

 


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/eleumet/19554.html