Құқық-заң
Әблязов сырттай сотталып жатыр
Жас Алаш №56 (16242)   13 шілде, бейсенбі 2017
19.03.2017 01:20

Қазақстанда сотталушысы жоқ тағы бір сот отырысы басталды. Наурыздың 17-сі күні Алматы қалалық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында бұрынғы банкир, Еуропада қуғында жүрген қазақстандық оппозицияшыл тұлға Мұхтар Әблязов пен оның серіктеріне қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті. Бұл күні сотталушылар орындығында БТА банк басқармасы төрағасының бұрынғы орынбасары Жақсылық Жарымбетов, осы банктің басқарма төрағасының несие мәселелері бойынша орынбасары болған Қайрат Садықов, БТА банк басқармасының бұрынғы төрағасы Сәдуақас Мамеш отырғанымен, бұл істің басты тұлғасы М.Әблязовтің өзі болмады.
Осыған байланысты адвокат Анжелика Әжіғұлова Әблязовтің қайда екенін білмейтінін меңзеп, қорғауындағы азаматқа «айыптау актісін прокурор каналдары арқылы жеткізу» жөнінде өтініш түсірген еді, бірақ бұған мемлекеттік айыптаушы прокурор Баймағамбетов «Әблязовті бір-екі рет шақырдық, айыптау актісі сізге берілді, сол жеткілікті» деп қарсы шықты. Ал Қайрат Садықовтың адвокаты «Әблязовке Facebook желісі немесе басқа да ақпарат құралдары арқылы айыптау актісін жеткізу керек» деген ұсыныс айтты.
Бұл жолғы сот тыңдауында Жақсылық Жарымбетовтің адвокаты Нұрлан Өстеміров қорғауындағы азаматқа қарсы қозғалған қылмыстық істі тоқтату туралы, ал Сәдуақас Мамештің адвокаты Клименко «айыптау актісін наурыздың 16-сы күні ғана алғанын» айтып, іспен танысуға уақыт беруді, сот отырыстары мерзімін өзгертуді сұрады. Алайда прокурорлар және БТА банк өкілі Жарымбетовтің кінәсі дәлелденгенін айтуда.
«Азаттық» сайтының жазуына қарағанда, осыдан кейін судья өтініштердің ақылдасу бөлмесінде қаралатынын, ал соттың негізгі отырыстары қашан басталатынын наурыздың 18-і күні сағат 10-да хабарлайтынын айтып, кеңесу бөлмесіне шығып кетті.
Жалпы алғанда, сырттай сот Қазақстанда бірінші рет өтіп тұрған жоқ. 2001 жылы Астана соты Қазақстанның Ұлыбританияда тұратын бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдинді, 2008 жылы Қазақстан соты Рахат Әлиевті де сырттай соттаған болатын.


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/kukyk-zan/19559.html