Өлке
Көк жүзінде тырналар ән сап...
Жас Алаш №73 (16529)   14 қыркүйек, бейсенбі 2017
19.03.2017 01:26

Негізі, біздің жақтың қысы да онша қаһарлы емес қой. Биыл тіпті мінез көрсетпестен момақан ғана мезіретін жасады. Бірақ көктемнің аты – көктем. «Өлмеген құлға, дариға-ай...» дейтін базардан қайтқан кәрі көкіректің күрсінісі дейсіз бе, жылт еткеннің бәрі таңсық жастықтың желігі дейсіз бе, әйтеуір, бәрін ұйқысынан оятқан сезімге жерік мезгіл ғой бұл...
Біздің далаға көктем келгенін мен бүгін тынымсыз шаһарды екі құрлыққа бөліп жатқан асау Жайықтың үстіне салынған алып көпірге асыла қарап тұрып түйсіндім. Қыс бойы мұз үстінен нәпақасын айырған балықшы қауымның базары қайнап жататын ұлы өзеннің маңдайы жіпсіпті. Сірескен мұздың көбесінен сөгілетін сәті де алыс емес соған қарағанда. «Самарқанның көк тасын еріткен» Наурыз күнінің от инелеріне көңілшек мұз не бопты, тәйірі. Атасы су емес пе?
Содан кейін есіме дала оралды. О-о, біздің дала сондай сабырлы, салмақты ғой, шіркін... Базбір ірі адамдар ну орманы, асқар тауы, көк майсалы жазира беліне марқайып, «мұндай жерде туып, ақын болмауымның өз күнә болар еді» деп Құдайға тоба айтып отырғанда, біздің елдің құмы мен құба жоны меңірейіп жата берер еді. Сәуірдің тентек найзағайынан соң дүркіреп көк көтерілер еді. Қылтиып қызғалдақ қаулар еді. Онсыз да қыршын жасты қыр гүлінің ғұмыры біздің жақта тіпті қысқа ма деймін... Өйткені іле-шала аңызақ шарпып, аңқасы кепкен дала жасыл көйлегін сұр түске жылдам ауыстырып ала қоятын. Сірә, апам айтпақшы, «кір көтереді» дейтін болуы керек. Айттым ғой, біздің дала тумысынан қарапайым деп.
Сосын ұлан-асыр төсінде қайсыбір жылдан бері байыз таппай жүрген қаңбақ домалайтын. Не жеткізбейтін, не үмітіңді үзбейтін сағымы түскір көлбеп жатып алатын. Болды. Бірақ осы дала сол маңғаздығымен, сол немқұрайдылығымен қымбат-ақ. Өйткені білмейтіні жоқ. Бүккен сыры көп. Бір жылдың екі айында ғана – наурыз бен сәуірде құбылып, құлпырып сезімге бөленеді. Қалған уақытында ой мехнатын тартады. Біздің даланы ақын емес деп айтып көрші осыдан соң...
Ал Жайықта жағдай бөле-ек. Жайық көктемді өзгешелеу қарсы алады. Бір тұсында жарлауыт, бір тұсында құмдауыт қос жағалауын бойлай шоқ тоғай өскен аруана-өзеннің белі біресе кең құрсақты анадай жайылып, келесі бір тұста бойжеткеннің аш беліндей үзілгелі тұратыны несі екен?.. Көктем шыққан сайын арнасына сыймай, аңғар қуалайды. Сол кезде әлгі шоқ тоғайлардың іші айнадай жарқырап, қыс бойғы кір-қоңынан ажырап жуынып ала-
тын. Сосын жәрмеңкені күткен қыр қазағы секілді құс базарын тосатын. Кешікпей олар да жетеді. Құс төресі аққудан бастап, қара бауыр қасқалдағына дейін қанат созып, қиқулай қонатын «гәккулі мекенге». Содан қара күзге дейін қызығы бір тарқамайды. Су бетіне алтын теңге лақтырғандай шоршып ойнайтын балықтары өз алдына. Бірақ бәрібір бұрынғы сәні жоқ. Салтанаты кемдеу. Сең қопара жөнелетін тентектігінен де ада. Сонда да «сыры кетсе де, сыны кетпеген» бір кездегі бәденді келіншектей жасанып бағады Жайық. «Ақ Жайық – анам ғой. Анам аман болса екен, ауырмаса екен» деп ішіңнен күдік кеміріп күрсінесің. Сосын қайтадан жанбағыстың қамына түсесің...Біздің ауыл Жайықтың жағасында ғой. Кішкене кезімде қайтқан құстың дауысын ылғи түнде еститінмін. Олардың неге түнде ұшатынына миым жетпей, өзімше аз ақылыммен «күндіз ұшса қанаттары күйетін шығар, әлде аңшылардан сақтанады» деп топшылайтынмын. Шамасы, күндіз аспан жаққа көп алаңдамайтын болғанмын ғой. Қазір де сол... Жербетілік армандар аспанға мойын бұрғызбайтын болды. Атырауға көктемнің келгенін де ойда-жоқта аңғардық. Табылды ақын айтпақшы: «Көктемеден бір хабар аңсап, Жүрегімнің оты лаулайды. Көк жүзінде тырналар ән сап, Тыраулайды, Атыраулайды...»
Аңыраған самалыңнан айналдым, арда мекен! Қайтқан құсының қанатынан сағыныш сауылдап тағы бір көктемің келді. Жақсылықтың жаршысы болғай!


Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/olke/19562.html