ОТБАСЫ
Жартыкеш жанұя
Жас Алаш №23 (16209)   18 наурыз, сенбі 2017
19.03.2017 01:38

Мен ол кезде жас едім. Көрікті болдым, тәкаппар-тұғынмын. Дәулетті отбасында өскендіктен бе, айналамдағы жандарға мұрнымды шүйіре қарайтынмын. Тым менмен едім. Әке-шешем де айтқанымды екі етпейтін – не қаласам сол болды. Не ішем, не киемін деген жоқпын. Мектепте сабақты жақсы оқып, үлгілі оқушы атандым. Зеректігімнен шығар, жоғары оқу орнына өз күшіммен түстім. Құрбы-құрдастарымның алдында да сыйлы, беделді болдым. Жігіттер шырқ үйіріліп жанымнан шықпайтын. Курстастарымның алды 2-3 курстарда үйлене бастады. Ниет білдіріп, сөз салған талай жігіттің бетін қайтарып, оларға күле қарадым. Сөйтіп жүргенде институт қабырғасындағы бес жыл зу етіп өте шықты. Қыз-жігіттердің көпшілігі дипломдарын алып, ауылдарына қайтып жатты. Ал мен тек мансапты көздедім, тұрмыс құрып, үй болу туралы ой әсте миыма кіріп-шықпады. Отбасылық өмір аяғыма тұсау салады деп ойладым. Шынымды айтсам, күйеуге тиіп, оның жағдайын жасап, ата-ененің қас-қабағына қарауды артық шаруа деген көзқарастағы мен күйеуге тимей-ақ үй болуға, бала табуға болады деген пиғылда болдым. Сөйтіп, өзім ұнатқан жігітпен көңіл қосып, өзім үшін бала туып алдым.
Бүгінде өзім армандаған сол биік мансап-мұратқа жеттім – басымда баспанам бар, қызметім жоғарылады, ұлым мен қызым бірдей өсіп келеді дегендей... Ештеңеден таршылық көрмеймін. Тек... осы күні бір-ақ нәрсе жетіспейтін сияқты болады да тұрады. Ол – отбасының жылуы, жарасымды шаңырақтың шаттығы екен. Өзімшілдігімнен жартыкеш отбасының іргесін қалағанымды кеш түсіндім. Сол өкініш өзегімді өртейді...


А.ОҢҒАРҚЫЗЫ
Алматы қаласы


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/otbasy/19565.html