Спорт
«Бразилиялық балалар» қашан жігіт болады?
Жас Алаш №42 (16228)   25 мамыр, бейсенбі 2017
19.03.2017 02:11

Президенттің 2007 жылдың қыркүйек айында Бразилияға жасаған сапары барысында келісілген жобасы бойынша 2009 жылдан бері Пеленің елінен 52 жас футболшы оқудан оралды. Алғашқы екі кезек «Оле Бразил» академиясында білім алса, 2016 жылдан бері 26 бала «Крузейро» базасында футбол қызықтарына қанығып жатыр. Осы жастар, шынында да, біздің футболды алға бастырып жатыр ма? Бес жыл ішінде олар қандай жеміс берді?
1994 жылы дүниеге келген 26 бала Бразилияға 2009 жылы алғашқы кезекпен аттанды. Олар оқуды 2012 жылы бітіріп келіп, әуелі «Астана-1964» командасында ойнайтын болып шешілді. Бірақ бірқатар маңызды мәселелер бой көтергесін, Мәдениет және спорт министрлігі (ол кезде Туризм және спорт агенттігі) «Бәйтерек» командасын осы түлектерге арнап жаңадан құрды.

РАУАН ҚАЙДА КЕТТІ?
Бразилияға талантты балалар 15 жасында аттанып, 18 жасында елге оралады. Футбол үшін бұл тым жас көрсеткіш. Қазақстанды қойып, әлемде футболдағы кәсіби ғұмырын 16-17 жасында бастап кеткендер сирек. «Оле Бразилдің» алғашқы түлектерінен Рауан Сариев ауызға бірінші ілікті. Ол Пеленің Отанындағы «Атлетико Минейро» клубымен шартқа отырып, жастар құрамында ойнады. Оның 2013 жылы «Қайратқа» келуін ешкім күткен жоқ еді. Біздің күткенімізше, Сариев Бразилиядан тісқаққан шебер футболшы болып бір-ақ келуі тиіс сияқты еді. Сол жылы Сариев алматылықтар сапында премьер-лигадағы 7 матчқа қатысты. Ал 2014 жылы «Жетісуға» ауысып, 25 матчта 3 гол соқты. 2015 жылы маусымда «Ордабасының» намысын қорғап, алаңға 11 рет шықты. Бірақ 2016 жылы Сариев футболдан мүлде қол үзді. Ары-бері іздестіріп, талдықорғандық журналист әріптесте рімізге өтініш жасап, Сариевтерді (ағасы Саят Сариев те «Жетісудан» кеткен соң еш командада ойнаған жоқ) сөзге тартпақ болып едік, қаламайтын ыңғай білдіріпті. Сөйтіп, үмітімізді үкілеген Рауан қазір қайда екені мүлде белгісіз жүріп жатыр.

АЛҒАШҚЫ ТҮЛЕКТЕРДІҢ ЖАЙЫ ҚАЛАЙ?
«Оле Бразилдің» 2012 жылғы түлектерінің ішінен 2016 жылғы премьер-лига командалары сапында 5 футболшы тіркелді. Олардың ішінде ең көп ойынға қатысқаны – Берік Шайықов. Ол маусым барысында «Астанадан» «Жетісуға» ауысып, 12 матчта алаңға шықты. Мирас Төлеев («Оқжетпес») – 6, Рафхат Аслан («Тобыл») 1 ғана кездесу өткізді. Абылайхан Дүйсен «Астанадағы» тәжірибелі Н.Ерич пен А.Мокин тасасынан шыға алған жоқ. Алексей Родионов елордалықтар құрамында маусым хаттамасына тіркелгенімен, алаңнан мүлде бой көрсетпеді. 2016 жылғы маусымда «бразилиялықтарға» қатысты қорытындыласақ, тіркелген 5 футболшы небары 19 кездесуде алаңға шықты. 2016 жылы премьер-лига командаларының негізгі құрамында 21 жасқа дейінгі бір футболшы болуы міндетті еді. Былтыр бұл талап алынып тасталды да, «бразилиялықтар» алаңға шығуын тіпті сиретті.
2012 жылғы түлектерден футболды мүлде қойып кеткендер 2016 жылы төртеу (Евгений Ялфимов, Армас Құрманәлі, Азамат Серікұлы, Елдар Ғаниев) болатын. Биыл олардың қарасы тіпті молаятын сияқты. Ойнаған командалары жабылып, жол ортада қалғандар 2016 жылы төртеу (Әбдімәлік Сәрсекбаев – «Лашын», Шыңғыс Сапарбекұлы – ЦСКА, Магомед Парагульков пен Мұрагер Берікқазиев – «Спартак») еді. Осылардың ішінен Парагульков Ресейдің Назрань қаласындағы «Ангушт» командасына ауысқаны туралы дерек таптық. Бірақ ол әлі анық емес. Ал ауыр жарақат алып, футболдан қол үзуге тура келген ойыншы – біреу (Фархат Жәнібеков). Премьер-лигадағы бесеуінен бөлек, Тимур Бахриден, Әсет Сексенбаев, Серікболсын Кененов, Андрей Неупокоев «Оқжетпес» пен «Жетісудың», «Тобыл» мен «Ақжайықтың» жастар құрамына тіркелген-ді. Алайда Т.Бахриден мен Ә.Сексенбаев ешбір ойынға қатысқан жоқ. І лигада Алмат Тілеуқабылов өткен маусымда «Байқоңырдың» намысын қорғады. Олжас Ілиясов («Қайсар»), Қуат Мырза мен Бағлан Бөрібай («Қыран»), Аслан Сүлейменов пен Виктор Павленок («Екібастұз»), Мұрат Қаламбеков пен Мұхтар Қалымбетов («Бәйтерек») жұрт назарында болды. Бірақ биыл Ілиясовтың премьер-лигаға шыққан «Қайсар» құрамына әзірше тіркелмегенін байқап отырмыз.
Сонда 26 түлектің нешеуі спортта қалды? Футболмен қош айтысқандар – әзірше алтау (Ялфимов, Құрманәлі, Серікұлы, Ғаниев, Сариев және Жәнібеков). Дерегі көмескі, командалардан көрінуі де, көрінбеуі де белгісіз түлектер – 9 (Родионов, Сәрсекбаев, Сапарбекұлы, Берікқазиев, Бахриден, Сексенбаев, Ілиясов, Қаламбеков, Қалымбетов). І лигада бұрынғы командаларында спорттық ғұмырын жалғастыра беруі мүмкін жігіттер – 5 (Тілеуқабылов, Мырза, Бөрібай, Сүлейменов, Павленок). Парагульков Ресейде ойнаса, Кененов пен Неупокоев премьер-лига командаларының («Тобыл» мен «Ақжайық») қосалқы құрамдарында жүрсе, ал премьер-лигада – команда жаңартқан Төлеев («Атырау»), Аслан («Ақтөбе»), Шайықов («Оқжетпес») үштігі ойнаса, 2012 жылғы «Оле Бразил» түлектерін толық түгендейміз. Демек, 2017 жылы 23 жасқа толатын алғашқы түлектердің шамамен 11-і спорттағы ғұмырларын жалғастырады (өткен жылы – 17 адам). Мүмкін, жоғарыда жеке аталған 9 футболшының ішінен де футболға оралатындар шығып қалар. Дегенмен 26 түлектің әлі ешбірі Қазақстан құрамасына шақырылған жоқ, жақын арада шақырылатын ыңғай да білінбейді.

ЖИЫРМАҒА ТОЛАТЫНДАР ЖАЛЫНДАЙ МА?
2015 жылғы түлектерден премьер-лигада Владислав Васильев қана бой көрсетті. Ол «Шахтер» (Қарағанды) құрамында 2 маусым өткізіп, 17 матчта 1 голдың авторы атанды. Бұл шақырылымнан 2015 жылы ешбір командада төбе көрсетпегендер – төртеу (Ерназар Құмар, Асқат Садыров, Әлібек Батырбеков және Абай Сайфуллин) еді. 2016 жылы Құмар ғана дерексіз болды, басқа үшеуі «Бәйтеректе» ойнады. Ал премьер-лига командаларының жастар құрамына тіркелген Айболат Макуов («Атырау») мен Руслан Әлімбаев («Шахтер») тұрақты ойнады. Ал Әбілмансұр Рашетов («Атырау») пен Сергей Комаров («Шахтер») тіпті бой көрсеткен жоқ. Жасұлан Шубаев «Тобылдың» қосалқы құрамынан биыл негізгі құрамға ауысты. Айсұлтан Сейдахмет «Жетісудың» қосалқы құрамынан өсуге тиіс. Былтыр ол жастар арасында жақсы ойнады. Ал Шыңғысхан Ахласов («Жетісу»), керісінше, алаңға тіпті шыққан жоқ. І лигадағы «Қыран» командасында Бекжан Тоқтарбай ойнайды, дегенмен дарынды қақпашы негізгі құрамнан тұрақты орын тапты дей алмаймыз. 2015 жылғы түлектер ішінде оза шапқаны – әзірше В.Васильев. Бірақ ол биыл да «Шахтер-Болатта» ойнайтын сияқты.

АСЫҚ ҚАШАН САҚАҒА АЙНАЛАДЫ?
2012 жылы үлкен үмітпен ашылып, Бразилияда оқыған балаларды қанатының астына алған «Бәйтерек» командасы өткен жылдың соңында жабылды. Бес жыл ғұмырында бұл клуб қанаты қатып, буыны бекімеген жастарымызға пана болып еді. Әттең, дағдарыс осы жобаны да жоқ етті. «Оле Бразилдің» екі кезеңдегі 14 түлегі 2016 жылы «Бәйтеректе» ойнаған-ды. Биыл солардың ішінен Демият Сламбековтің ғана премьер-лигаға, «Оқжетпеске» ауысқанын естідік. Басқалары туралы әзірше көп мәлімет жоқ. Мүмкін, олар І лига командаларынан бой көрсетіп қалар.
Қорыта келгенде, биыл премьер-лигадан «Оле Бразил» академиясының 52 түлегінің бесеуін ғана (Төлеев, Аслан, Шайықов, Шубаев және Сламбеков) көруіміз мүмкін. Қақпашы Абылайхан Дүйсен Латвияға жол тартты, Парагульков Ресейде ойнайды. Басқалары, онда да 15-17-сі ғана І лигада көрінбек.
Байқағанымыздай, Бразилияда оқып келген жас футболшылардың спорттық ғұмыры біз қалағандай қалыптаспай жатқан сияқты. Осы күні олар жайлы сөз етуді азайттық. Бірақ 18 жасында елге оралған жастарды тау қопаруға тиіс сияқты көргенімізді мойындауымыз керек. Олар өмірдің күрес екенін бірден сезіне қойсын ба? Нәтижесінде «бразилиялықтардың» ең үздіктері 7-8 жыл өткенде де Қазақстан премьер-лигасындағы клубтардың негізгі құрамына ене алмай жүргенін байқаймыз. Демек, қанша жерден мықты мектептен өтіп келсе де, «бразилиялық» балалардың психологиялық дайындығын құнттамағанымыз көзге ұрады.
2016 жылдың наурызында депутаттар мәжілісте мәселе көтеріп, Бразилияға барған балалар үшін ақша текке шашылғанын сөз етіп еді. Біздің ойымызша, қаржы бекер жұмсалған жоқ. Алғашқы екі топ ерекше нәтиже бермеген болар, бірақ оларды елге оралған соң бірден от пен суға тастағанымызды өзіміз мойындауымыз керек. Мысалы, былтыр «Бәйтеректе» ойнаған 14 түлек биыл қайда барады? Демек, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі бұл жобаны өміршең ете түсуге тырысуы қажет еді. Бізде артық жүктен арыла салу тіпті оңай. Бірақ 18 жастағы баланы өмірге еш дайындықсыз қоя беріп, ерлік күту жараса ма?
2016 жылы оқуға кеткен үшінші топ 2019 жылы елге оралады. Оған дейін алғашқы екі топтың 60-70 пайызы футболды мүлде қойып кетсе, жобаның не қызығы қалады? Бұл да ойланатын мәселе.


МЫҚТЫЛАР СҮРІНГЕН ЖОҚ
«Манчестер Юнайтед» – «Ростов» – 1:0 (бірінші матч – 1:1)
«Краснодар» – «Сельта» – 0:2 (1:2)
«Боруссия» М – «Шальке» – 2:2 (1:1)
«Рома» – «Лион» – 2:1 (2:4)
«Аякс» – «Копенгаген» – 2:0 (1:2)
«Бесіктас» – «Олимпиакос» – 4:1 (1:1)
«Гент» – «Генк» – 1:1 (2:5)
«Андерлехт» – АПОЭЛ – 1:0 (1:0)
Еуропа лигасында фаворит командалардың барлығы дерлік ширек финалға шықты. «Рома» мен «Лион» текетіресінде римдіктер қарымта кездесуде қажет нәтижеге қол жеткізіп тұрып, ойын соңына қарай өз қақпаларына өздері гол соғып алды. Ал Ресейдің қос командасы да жарысты осы кезеңнен тоқтатты. «Шальке» сырт алаңда соққан голдарының есебінен алға озды. Еуропа лигасының топтық турнирінде «Астанаға» қарсылас болған АПОЭЛ «Андерлехтке» қатты қарсыласқанмен, екі матчта да 0:1 есебімен ұтылып, жолды босатты. Ал Жозе Моуринью «Манчестер Юнайтедті» бұл сында жеңіске жеткізуге барын салатын сияқты.
Жалпы, еурокубоктардың ширек финалына Испанияның – 4, Англияның – 2, Германияның – 2, Бельгияның – 2, Францияның – 2, Италия, Түркия, Голландия елдерінің бір-бір командасы жолдама алып отыр.


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/sport/19571.html